«Қып-қызыл өтірік»: Баян Алагөзова қызы Айсәуленің той көйлегі мен туфлиінің бағасына қатысты шындықты айтты — Қазақстан жаңалықтары

0

[ad_1]

Көптің талқысына түскен той көйлегі! Баян Алагөзованың қызы Айсәуле Бақытбектің қалыңдық көйлегіне көз сүзіп, бағасына бәс тіккендердің қатары көп. Қыз-келіншектер арасында әңгімеге арқау болған киімнің құны бастапқыда 95 миллион теңге екені айтылып, бұрымдылардың қызғанышы мен қызығушылығын тудырған еді. Тіпті аяғына киген туфлиі де миллиондаған қаражатқа сатып алынғаны туралы қауесет тарады. 

Жұрттың түн ұйқысын төрт бөлген қалыңдықтың туфлиінің құны — 1,5 млн теңге болса, шетелден сатып алған той көйлегінің бағасы — 250 мың доллар көрінеді. Теңгеге шаққанда 95 млн-ға жуық. Осындай ақпаратты естігендердің көбі қалыңдықты  жерден алып, жерге салуда. Өйткені жалақыдан жалақыға  күнелтіп жүрген жұрт  үшін бұл ақылға қонымсыз. Бір туфлиінің өзіне сонша кетсе, басқасын сұрамай-ақ қояйық дейді. Ал бұл мәліметтердің қаншалықты рас-өтірігін білу үшін  Айсәуленің анасы Баян ханымға қоңырау шалған едік. Көзі шарадай болды, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы«.

«Бұл қып-қызыл өтірік, ақылға қонымсыз дүние. Мұндай ақпараттың қайдан шыққанын білмеймін. Біздің халық өзі сондай ғой. Ойдан құрастырып, шектен тыс асырып жібергенді жақсы көреді. Дегенмен жасырмаймын, көйлек арзан тұрмайды. Ал туфли болса, «Күлбике» киносындағыдай Айсәуле үшін арнайы тапсырыспен тігілген», — дейді Баян Алагөзова.

 


Жұртты шошытпайын деді ме, Баян ханым әйтеуір көйлектің нақты құнын сол күйі айтпады. Тек оның арнайы тапсырыспен, италиялық ең қымбат маталармен, сондай-ақ  түгел бағалы тастармен қапталып 1 ай бойы тігілгенін  жеткізді. Алайда, шетелдік емес, отандық дизайнердің жұмысы екен. Ал, елдің көзқұртына айналған көйлектің шынайы бағасын білу үшін кәсіби мамандарға жүгініп едік. Олар да жарытып ештеме айта алмады.

«Оны мен былай деп айта алмаймын. Ол енді дизайнге байланысты. Оған қолданатын тастарға байланысты. Тастардың да өзінің қымбаттары бар, арзандары бар, сондықтан бағасы шексіз болып кете береді. Негізі қаражат жағынан келген кезде, шетелден алған ол бәрібір шетелге кетеді. Одан да қазақстандық дизайнерге тіккізіп, осы Қазақстанда қалса», — дейді сәнгер Қанат Сауранбаев.

Бір қуантарлығы қанша ақша болса да, қаржы сыртқа емес, отандық өндірушінің қалтасында қалды.  Ал осыған қатысты қарапайым халықтың ойы қақ жарылды.  Жастары  артық  қаржымыз болса, неге кетірмеске десе, аға буын өкілдері  мұны ысырапқа балауда. 

«Бос шаруаның керегі не, бір күндік нәрсе, бір күн киесін, сосын тұрады».

«Әркім өзі біледі ғой, қалтасына қарай көсіле береді ғой».

«150 мыңға көйлек тіктірткеннің орнына, одан да сол ақшаға жете алмай жүрген қарапайым халыққа жәрдем берген дұрыс деп ойлаймын».

«Артық ақшасы болса, мүмкін өзіне  сондай жасауға болатын шығар»

«Менің айлығым 150-160  мың теңге.  Қандай көйлек алуым керек мұндай ақшаға?».

Қалай десек те, жұрттан қалмайын деген ұстаныммен жүретін кей қазақ үшін, несие ала ма, қарызға бата ма, әйтеуір  тойды абыроймен  атқарып шығу бұл күнде міндетке айналған.  Ең қымбат көлік, мейрамхана, асабасы тағы бар. Оны той ұйымдастыру агенттіктері де растап отыр. Сондықтан қалтасы көтермесе де тыраштанатындар сөйткенде, шоу-бизнес өкілдерінің мұндай әрекеттеріне таңғалудың еш қажеті жоқ, дейді олар. 

«Ең қарапайым тойлардың өзі 500 мыңнан басталады ғой.   Содан басталады да, жоғарыға қарай кете береді. 5млн, 10 млн, 20 млн, 50 млн-ға  дейін кете береді. Безендіруі бар, мейрамханасы бар. Шығыны жеткілікті. Шоу-бағдарлама, өнер жұлдыздарын әрқайсысы көргісі келеді. Сәнін келтірсе екен дейді», — дейді той ұйымдастарыру орталығының басшысы.

Осылайша,  жұртты таңғалдырудан жалықпайтын продюсер Баян Алагөзова тұңғышының ұзату тойын да дүркіретіп өткізді. Ал бұл той халықтың жадында әлі ұзақ қалатын сыңайлы. Сарапшылардың пікірінше, Айсәуленің тойы еліміздің ең қымбат тойларының бірі болып қала бермек.

Қазақстандық жұлдыздардың өмірі жайлы t.me/kzshow арнамыздан оқыңыздар.



stan.kz