Домой Жаңалықтар Қылмыстық іс жабылды: Атырауда мүгедек балаларды унитазға байлап қойған (видео)

Қылмыстық іс жабылды: Атырауда мүгедек балаларды унитазға байлап қойған (видео)

0
224

Атырауда мүгедек балаларға арналған арнайы орталықтың тәрбиешілерінің іс-әрекетінен қылмыстық құқықбұзушылық белгілері анықталған жоқ. Унитазға байланған балалардың видеосы биыл жазда қоғамда резонанс туғызған еді, деп хабарлайды kznews.kz сайты Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.

Бейнеролик Атырауда №3 арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында түсірілгені анықталды.

Кадрдан горшокта отырған балалардың төсек жаймамен мүгедектерге арналған унитаздың тұтқасына байланғанын көруге болады. Видео қазақстандықтардың ашуын келтірді. Депутаттар тіпті арнайы тексеріс жүргізетінін мәлімдеп, ал полиция Қылмыстық кодекстің 110-бабы «Қинау» бойынша сотқа дейінгі тергеу бастаған еді. Орталықтың екі тәрбиешісі күдікке ілінді.

Атырау облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратынша, тәрбиешілердің әрекетінен қылмыстық құқықбұзушылық белгілері табылған жоқ.

Жаға ұстатарлық видео

Бұған дейін Атырау облысы әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Альфия Төлеғариева видеоны түсірген әйел бір кездері осы орталықта істегенін мәлімдеген болатын.

Роликте биыл 8 сәуірде болған жағдай түсірілген. Балаларды қорлағандар жазасын алды.

«Бұл оқиға бойынша Атырау облысы әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының басшылығы ұжыммен кездесу өткізіп, орталық қызметкерлерімен түсіндіру жұмысын жүргізді. Басқарма басшысы тиісті бақылау жасамағаны үшін директорға қатысты қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданды», — деді Төлеғариева.

Сондай-ақ Альфия Төлеғариева өңірлік прокуратура осы фактіден кейін биыл маусым айында кешенді тексеріс жүргізгенін айтты.

Бұдан бөлек, әлеуметтік мекемеге прокуратура қызметкерлері, депутаттар мен басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерінен құралған кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия да келіп кетті. Оны облыс әкімінің орынбасары басқарды.

Видеоны осы сілтеме арқылы көре аласыз.