«Қылмысты мойныңа ал деп қысым көрсеткен»: Ер адам полиция тергеуінен кейін асылып қалған — Қазақстан жаңалықтары

0

Жамбыл облысының тұрғыны Александра Минголимова «тәртіп сақшылары жарыма жалған жала жауып, соққыға жығып, өз-өзіне қол жұмсауға мәжбүр етті» деп отыр. Айтуынша, алты ай бұрын екі полицей үйіне баса-көктеп кіріп, күйеуінің қолын қайырып алып кеткен. Кейін адам зорлау дерегіне қатысты қылмыстық іс қозғалып, марқұмға қылмысты мойныңа ал деп қысым көрсетілген, дейді Александра. Ал жазықсыз сотталғысы келмеген жігіт болған жайттің мән-жайын хатқа жазып, өзіне қол салыпты.

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды. 

Александра Минголимованың айтуынша, 31 наурызда таңертең екі тәртіп сақшысы келіп, күйеуінің қолына кісен салып алып кеткен. Алайда олар мән-жайды түсіндірмепті. Күйеуінің артынан іздеп барып, онымен кездестіруді сұраған әйелді тәртіп сақшылары кіргізуден бас тартқан. Осыдан кейін түнгі сағат 12-нің шамасында үйіне келген күйеуі тіс жармастан жатып қалады. Ертеңінде бәрі жақсы екенін айтып, уайымдамауын сұрап, әйелін шығарып салған. Алайда Александра бірнеше сағаттан соң суыт хабарды естігенін айтады.

«Адамды сонша қорлауға бола ма? Істемеген қылмысты күштеп мойныңа ал деп, соққының астына алған. Соңғы хатында осылай деп жазған. Оқ өтпейтін кеудеше кигізіп, жуан таяқпен ұрып, қатты қорлық көрсеткен. Бетінде, қолында электрошокердің іздері қалып қойған», — дейді жұбайы Александра Минголимова.

Қорғанынан айырылып, екі ұлымен жесір қалған келіншек жарының өліміне жазықтылар жазаланбайынша жай таппайтынын айтады. Оның сөзінше, сорақысы сол, медициналық сараптамада марқұмның денесіндегі жарақаттар туралы мәліметі жоқ. Содан әйелдің күдігі күшейген Александра прокуратура мен полиция департаментіне арызданып барған. Алайда олар да істі жылы жаба салды, дейді.

Ал облыстық полиция департаментіндегілер ешқандай ұрып-соғу дерегі болмағанын айтып отыр.

«Дмитрий Минголимовтің өзіне қол жұмсау дерегі бойынша ҚР ҚК 105-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. 30 маусымда қылмыс құрамы болмағандықтан, істің өндіріс тоқтатылды», — дейді облыстық ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасының басшысы Ноян Қиымбеков.

Әділдік іздеп шарқ ұрған келіншек ендігі күйеуінің мәйітін қазып алып, сот-медициналық сараптама жасатпақ.

stan.kz