Қылмыскерлердің тергеу абақтысында отырған күндері басқаша есептеледі
Қысқа сілтеме алу
Кінәлі адамды тергеу изоляторында алты ай ұстаса, түрмеге барғаннан кейін ол уақыт бір жыл болып есептеледі
НҰР-СҰЛТАН, 23 мамыр – Sputnik. Қазақстанда қылмыскерлерді қамауда ұстау мерзімін есептеу мәселесі қайта қаралады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаевтың айтуынша, қылмыстық атқару комитеті бойынша заң жобасына бірқатар өзгеріс енгізу жоспарланып отыр. Соның бірі – жазаны өтеу мерзімін басқаша есептеу.
«Бұрын бізде тергеу изоляторындағы 1 күн бас бостандығынан айырудың 1 күніне тең болатын. Қазір аталған мәселе қайта қаралып жатыр. Ендігі кезекте, тергеу изоляторындағы 1 күн орташа қауіпсізідігі бар мекемедегі 1,5 күн болып есептелсе, минималды қауіпсіздігі бар мекемеде өткізген 2 күн ретінде саналады. Себебі тергеу изолияторында адамды ұстау шарттары өте қатаң», — деді Дембаев әділет министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында.
Бас прокурордың орынбасары аталған өзгерісті нақты мысалмен де көрсетті. Мәселен, қылмыстық істі тергеу мен сотта қарау кезінде кінәлі адамды тергеу изоляторында 6 ай ұстаса, орташа қауіпсізідігі бар түрмеге барғаннан кейін ол уақытты 9 ай деп есептейді. Ал минималды қауіпсіздігі бар мекемеде бір жылға теңестіреді.
Бұдан бөлек, алғаш рет сотталғандар мен бұрыннан бері түрмеде отырғандарды бөлек ұстайтын болады. Ол да заң жобасына енгізіліп отырған жаңалық.
«Бұрын ондай тәртіп тек тергеу изоляторында ғана болған. Енді, түрмеде де солай болады», — дейді Дембаев.
Сондай-ақ, шетелдікдіктерге қатысты жаза да күшейеді. Бүгінде олар тәртіп бұзса, айыппұл төлеуге міндеттеледі. Бірақ көбісі ол айыппұлды төлемей, жүре береді.
«Енді Қазақстаннан қуып шығару негізгі және қосымша жаза ретінде белгіленеді. Бұл дегеніміз, шетелдік азамат тәртіп бұзса, оны бірден ел аумағынан шығарып тастайды», — деп атап көрсетті Дембаев.
sputniknews.kz