Қыдыр ата: батасы, шақыру, қашан келеді
Наурыз мейрамы – көктемгі жаңарудың, махаббаттың, ақ пейіл мен татулықтың мерекесі. Өткенді саралап, болашағымызды болжайтын кезең. Халық арасында Ұлыстың ұлы күні қазақ даласын «Қыдыр ата аралайды» деген сенім бар.
Қыдыр түні
Халқымыздың мифологиялық түсінігі бойынша «21 наурыз түні даланы Қыдыр ата аралайды» деген наным қалыптастқан. 22 наурызда күн мен түн теңеледі. Күннің тұтылуы 21 наурыздан 22 наурызға қараған түніне сәйкес келеді. Дәл осы түнді халық «Қыдыр түні» деп атаған. Бұл түні адамдар ұйықтамай, Құдайға құлшылық жасап, ырыс пен береке, ынтымақ пен бірлік тілейді. Қазақ елінің Наурызды қарсы алуындағы ежелгі наным-сенімі бойынша, дәл осы түні даланы Қыдыр аралайды екен. Сол себепті қазақ үшін наурыз түні «Қыдыр түні» аталып, қасиетті саналған.
Этнографтар не дейді?
Этнографтардың айтуынша, ислам дінінде Қыдыр – ел аралайтын адам бейнесіндегі «әулие», адамдарға қамқоршы, «дәулет» беруші. Діни нанымға сүйенсек, әрбір нәрсенің иесі болады-мыс. Мысалы, олар түрлі құс, адам, жәндік бейнесінде ел кезіп жүреді деген сенімнен туған «құт», «дәулет», «ырыс» ұғымдары. Мұндай нанымды тудырған кейіпкердің бірі – Қыдыр ата.
Тағы оқыңыз: «Өмірдің өтпелі екенін байқатқан» Қазақтар неге гүл сыйламаған?
Ол барша халықтың қамқоршысы, жақсылық жасаушы, ырыс, құт, несібе әкелуші, бақыт, береке, өмір сыйлаушы қасиет иесі, әулие, көріпкел, жарылқаушы қарт.
Қазақ халқының түсінігіндегі «Қыдыр ата» ұғымы
Кей халықта Қыдыр теңізде сапар шегушілердің қамқоршысы деп есептелсе, үнділер су иесі деп қабылдаған, әрі ол өрттен, су тасқынынан, ұрлықтан, жылан шағудан сақтайтын пір деп те саналады. Сонымен қатар, жыр мәтіндерінде Қыдыр ата мен Қызыр ата, Ілияс есімдері дербес үш тұлға ретінде аталады. Осыған байланысты «Қыдыр» мен «Қызыр» (Хадир, Хидр, Хизр) бейнелерінің екі түрлі мифтік бастаудан өрбіп, уақыт өте, есімдерінің сыртқы ұқсастығы мен мифтік сәйкестігіне қарай, бір бейне ретінде түсіндірілгенін байқаймыз. Қыдыр, көбіне, батырлық жырларда аталады, батырлар одан демеу, қолдау күтіп, атын атап шақырған.
Тағы оқыңыз: Наурыз мейрамында дастарқанға қандай тағамдар қойылады
Қазақ халқының ұғым-түсінігінде Қыдыр сәттілік пен бақ беруші, көбіне иман жүзді қарт түрінде бейнеленеді. Күнделікті кездесетін адамдардың арасында да Қыдыр ата болуы мүмкін: ол әр түрлі кейіпте (көбіне кедей адам секілді) жүреді. Одан сый алу үшін кез келген адамға, оның әлеуметтік мансап-мәртебесі мен байлығына, киіміне, түр-әлпетіне қарамай, қонақжайлық көрсету керек (өйткені ол Қыдыр болып шығуы мүмкін). Сондықтан «Қырықтың бірі Қыдыр» сөзінің астарынан осындай түсініктен туындаған моральдық факторды аңғаруға болады.
Қыдыр ата қандай үйлерді аралайды
Қыдыр ата Ұлыстың ұлы күнінде әр елге келіп, әр шаңыраққа соғып бата береді.
Сондықтан әр үй оның жолын күтіп, өздерінің жанын да, тәнін де, киер киім, ыдысы мен бұйымдарын да таза ұстауға тырысады. Үйдің іші-сыртын, қора-қопсыны тазартып, ағаш егіп, көшет отырғызып, өсімдікке су құяды. «Жаңа жылда мұнтаздай таза үйге кірсе, ол үй ауру-сырқаудан, пәле-жаладан аман болады» деп сеніп, наурызға дейін үй ішіндегі мүлік, жиһаздардың шаңын сүртіп, жуып, төсек орынды, киім-кешекті сыртқа шығарып, қағып-сілкіп, бәрін де тазартып қойған.
Қазақ халқында «Береке басы – наурызда», «Жыл басы жақсы басталса, аяғы ырысты болады» деген сөз бар. Сондықтан ата-әжелеріміз «Жыл бойы ақ мол, дәнді дақыл бітік, жауын-шашын көп болсын» деген ниетпен Қыдыр түні үйдегі ыдыстың бәрін ырысқа – бидай, тары, сұлы, жүгеріге, аққа – сүтке, айранға, шұбатқа, шалапқа, уызға және кәусар бұлақ суына толтырып қойған.
Тағы оқыңыз: «Көшеге шығамыз, болды» Министр Наурыз мейрамын тойлауды неге өзгерткісі келеді?
Ғалымдар не дейді
Г.Селезнев пен А.Селезнева атты ғалымдар өздерінің ғылыми еңбегінде, Қыдыр атаны жиынтық бейне ретінде суреттейді. Олардың пікірінше, ол түйе жетектеген аппақ киімдегі әулие болған-мыс. Ал кейбір дереккөздерде Орталық Азияда Қыдыр ата жер өңдеу, егіншілікпен тығыз байланыста болған деген мәлімет кездеседі. Яғни, егістік алқабын қолымен аялап, бар мейірін төксе, сол жылы өнім мол болады деген наным-сенім қалыптасқан. Кейбір деректерде Қыдыр ата жан-жануарлардың жебеушісі ретінде де ғұмыр кешеді деген наным бар. Егер адам Наурыз мейрамында ақ мысық, не болмаса ақ ит көрсе, ол да Қыдыр атадан келген шапағат, нұр деп қабылданған.
Қазақтың танымал этнограф-жазушысы, ғалым Ақселеу Сейдімбек «Қазақ әлемі» атты еңбегінде «Қыдыр атаға» былай деп түсінік береді:
«Байырғы салт-жора бойынша қазақ арасында Ұлыс тойы түн ортасы ауа басталады. Бұл түн «Қызыр түні» деп аталады. Халықтың наным-сенімінде Қызыр (Қыдыр) қасы-көзін жапқан қарт адам болса керек. Қызыр атаны Бақ жетелеп жүреді екен дейді. Ұлыс тойының таңын көзімен атыруы үшін Қызыр ата түн ортасы ауа дала кезеді. Қызыр түнін ұйықтамай өткеру үшін ауыл жастары алуан түрлі ойын ұйымдастырып, «Қызыр назарын аударып бақытты боламыз» деп, небір тосын тамаша-қызықтар көрсетеді. Осынау қызық-думанның ішінде «жанды-қуыршақтың» жөні бөлек. Ол үшін жастар ауылдағы ноқта көрмеген ең асау тайыншаны ұстап, ең ескі ашамайды салып, ашамай үстіне ең ескі киім-кешек пен құрым киізден жасалған қуыршақ орнатып, тайыншаның құйрығына ескі шелек байлайды да: «Ұлыс атып қояды, бар елге хабар бер!» деп, шабына шыбық жүгіртіп, сауырға бір салып қоя береді. Асау тайынша өкіріп-бақырып жөнеледі. Ит үреді, қотандағы мал үркеді, үй-үйден шал-шауқан ербиіп шығады, жастар мәз-мейрам болысады».
Дереккөз: Ислам. «Энциклопедиялық анықтамалық», Г. Селезнев және А Селезнева «Духи и души в традициях народного ислама Сибири (к изучению религиозного синкретизма в малых локальных культурных комплексах)», Ақселеу Сейдімбек «Қазақ әлемі».
sputniknews.kz