«Қыбыр еткеннің бәрін табыс санайды». Көп балалы аналардың зары
Қарағанды облысындағы Сарытөбе ауылында тұратын алты жас баласы бар Радин отбасы тұрғылықты жер бойынша тіркелмегендіктен атаулы әлеуметтік көмек ала алмай отыр. Биыл елдің бірнеше өңірінде әйелдер әлеуметтік наразылық танытқан соң билік атаулы көмекті көбейтетінін жариялаған. Отбасы тіркеу мәселесін қалай шешерін білмей дал болып отыр.
ТІРКЕУ МЕН ҚОСАЛҚЫ ШАРУАШЫЛЫҚ
— Атаулы әлеуметтік жәрдем туралы білуге барғанымызда ыңғайсыз сұрақтың астында қалып, қорланғандай болдық. «Туыстарың көмектеспей ме?», «Үйлеріңде тағы кім тұрады?», «Қосымша табыс көзі бар ма?», «Мал ұстайсыңдар ма?» деп сұрады. Шаруашылығымыз жоқ, 42500 теңге айлық пен 10500 теңге жәрдемақыдан басқа табыс көзіміз жоқ. Әйелім жас баламен үйде отыр, — дейді көп балалы әке Дмитрий Радин.
Атын жарияламауды өтінген Ақтау ауылында тұратын көп балалы ана атаулы әлеуметтік жәрдемақы алу туралы кеңес сұрап, нәтижесіне көңілі толмағанын айтты.
— Тауық ұстаймын, бұл да табыс көзі екен. Бұқашық ұстағам, оны қайда жібергенімді сұрады. Қыбыр еткеннің бәрін табыс санайды. Сатып, пайда көреді екем-міс. Күйеуімнің жалақысын есептеп, төменгі шектен жоғары деді. Енемнің зейнетақысын да қосып жіберді. Сондықтан атаулы әлеуметтік көмек ала алмайтын болып шықтым. Қанша мұқтаж болсам да, несие қарызына батып кетсем де, биліктің өлшемі бойынша табысы аз адамға жатпаймын. [Биліктің] сөзі мен уәдесі көп, жанаса қалсаң, түк те жоқ, — деп күрсінеді төрт балалы ақтаулық ана.
31 жастағы Оморгүл Зияа – үш жас бала өсіріп отырған жалғызбасты ана. Толық емес отбасы ретінде атаулы әлеуметтік көмек алуға хақылы. Оморгүлдің алып отырғаны — бір жасқа дейінгі сәбиге берілетін 19 мың теңге жәрдемақы. Қолына басқа ештеңе тимейді, алимент төлетуге де қауқарсыз. Сәуірдің басында атаулы әлеуметтік көмек алу үшін құжат тапсырған. Әзірше жауап алмаған. Оморгүл Абубакир есімді он айлық ұлы мүгедек болса да, мүгедікке байланысты құжаттарды рәсімдеуге жағдайы болмай, жәрдемақы ала алмай отыр. Жас әйел атаулы әлеуметтік көмек пен жеке баспанаға қол жеткізсе, отбасының аянышты халі жақсарар еді деп үміттенеді. Қазір қымбатқа пәтер жалдап отырғанын айтады.
— Бұқар Жырау кентінде балаларыммен көшіп-қонып жүрдім. Тұрмыс жағдайы нашар болғасын Теміртау қаласына көшіп келдім. Бұқар Жырау аудандық әкімдігінен жәрдем сұрадым. Тіркеуге тұрып, атаулы әлеуметтік көмек алу туралы өтініш түсіру үшін қалада бір ай баспана жалдап берді. Алимент алмайтынымды дәлелдеуге тура келді. Сотқа арыз түсіріп, бірнеше күн күттім. Баспанамыз жоқ, үй жалдауға ақшам жетпейді. Өлместің күнін көріп жүрміз, қиын, — деп Оморгүл Зияа Азаттық тілшісіне жыламсырай арызын айтты.
Чкалово кентінің көп балалы анасы Татьяна Князева атаулы әлеуметтік көмек алу үшін өтініш түсіріп қойған.
— Алимент алмайтынымды дәлелдеу үшін сотқа арыз түсірдім де, арнайы анықтама алдым. Қолда ұстайтын малдың бар-жоғын тексерді. Жем-шөп қымбат, қайтіп мал ұстайын. Егер мақұлдаса, бұл (атаулы әлеуметтік көмек – ред.) отбасым үшін қаржылық қолдауға айналар еді. Өйткені қатты үнемдеп, қалт-құлт етіп отырмыз. Балаларды киіндіріп, тамақтандырудан бөлек үйірмелеріне де төлеу керек қой. Төрт балам бар. Оңай емес, — дейді Татьяна Князева.
Осы кенттегі тағы бір Тамара Ц. есімді көп балалы ана мұқтаж болса да, атаулы әлеуметтік көмек рәсімдеуден тартынады. Оның бес баласы бар.
— «Жоспарсыз бала тауып алып, кейін қол жайып отыратынымыз» туралы ашулы комменттерді (әлеуметтік желілердегі пікірлерді айтады – ред.) оқып алған соң жәрдем сұрауға аттап баспаймын. [Билік] барлық жерде туу көрсеткішін өсіру қажеттігі туралы айтып жатса да, кейде бес бала тапқаныма ұялам. Өмірде не жағдай болмайды, кейде қаржы жетпейді. Жұмыс істеп жүрмін, бірақ жәрдемақыдан бас тартпас едім. Сол ақшаны балаларымның секциялары мен үйірмелеріне жұмсар едім. Бәрі қымбат қой, — дейді ол.
Ауылда тұратын көп балалы аналар биліктен атаулы әлеуметтік көмек тағайындау ережелерін қайта қарауды талап етеді. Әсіресе, қосалқы шаруашылық пен тұрақты тіркеу туралы талаптарға қатысты көп шағымданады. Көп балалы отбасылардың кейбір мүшелері бір мекенде тұрып, басқа мекенде жұмыс істейді.
Қарай отырыңыз: Қорадағы мал жәрдемақы алуға кедергі ме? (Наурыз айы, 2019 жыл).
ЕКІ МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ ҚОСЫМША БӨЛУ
Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың мәліметіне сәйкес, Қарағанды облысында 12670 көп балалы отбасы бар. Сәуірдің 1-іне дейінгі есеп бойынша 1434 отбасы (6487 адам) атаулы әлеуметтік көмек алып отыр. Бұлардың жартысынан астамы қалада тұрады. Қарағанды облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Азаттыққа сәуірдің 1-16 арасында атаулы көмек туралы 13642 адамның кеңес сұрағанын айтты. Олардың 2453-і (1914-і қалалық, 539-ы ауыл тұрғыны) табысы аз тұрғын ретінде көмек рәсімдеу үшін құжат тапсырған.
2019 жылы Қарағанды облысының әкімдігі атаулы әлеуметтік көмек ретінде 453 миллион теңге бөлген, оның 298 миллионы республикалық бюджеттен түскен. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының хабарлауынша, көп балалы отбасылардан түскен өтініш көбейген соң республикалық бюджеттен облысқа қосымша екі миллиард теңге қаржы бөлінбек. Билік өкілдері көмек сұраушының тұрғылықты мекен-жайы туралы тұрақты тіркеу қағазы болуы тиіс екенін растады.
Басқарма өкілі Толқын Елеубекова Азаттық тілшісіне:
— Отбасының жиынтық табысын есептеу үшін тұрғылықты мекен-жай тіркеуінің болуы шарт. Тұрақты, я уақытша тіркеуі жоқ болса, жұмыспен қамту орталықтары мен әкімдер ондай адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталықтарына уақытша тіркеуге көмектесулері тиіс. Біздің аймақта мұндай орталықтар тек Қарағандыда, Жезқазғанда және Теміртауда бар. Барлық жерде болмағандықтан бұл мәселе енді шешіліп жатыр, — деді.
Теміртаудағы «Мой дом» қоғамдық ұйымының жетекшісі, белсенді Ирина Ждановаға облыстан ондаған табысы аз адам мен көп балалы ана кеңес сұрап хабарласып жатады. Жданованың сөзінше, мұндай адамдардың көпшілігінде тіркеу болмайды.
— Облысымызда тұрақты тіркеуі жоқ адам көп. Қандай да бір жеңілдік алуға басты кедергі – осы. Біршама көп балалы әйел орталығымызға келіп, баспана сұрайды, тіркелуге көмектесуімізді өтінеді. Ауылдан келетіндер бар. Біраз адамды [өз мекен-жайымызға] тіркеп, жүкті мойнымызға іліп аламыз. Қайтіп бас тартам? Тіркеусіз ешқандай көмек ала алмай қалады ғой. Көп балалы әйелдердің жайы қиындау. Тіркеуі жоқ болса, ақша мен баспана да жоқ, көмек бермесек, баласын жетімдер үйіне өткізіп тастауы да мүмкін. Билікке тіркеу мәселесін шешу керек, — дейді Ирина Жданова.
Қарағандылық шенеуніктер отбасының жиынтық табысын анықтау кезінде шағын қосалқы шаруашылық (мал, құс, бақша, астық, т.б.) есепке алынатынын растайды. «Ереже – осы» дейді.
— Ережеге сәйкес аймақтардың климаттық ерекшеліктерін қаперге ала отырып, қосалқы шаруашылықтан түсетін табыс нормасы анықталған. Табыстың барлық түрі ескеріледі. Ескерілмейтін табыс көздері: 2018 жылғы қаңтардың 1-іне дейін көп балалы аналарға тағайындалған 10500 теңгелік арнаулы мемлекеттік жәрдемақы, «Алтын алқамен» және «Күміс алқамен» марапатталған көп балалы аналарға арналған атаулы әлеуметтік көмек, мүгедек балаларға берілетін жәрдемақы пен студенттердің стипендиясы. Егер отбасындағы әр адамға шаққанда айлық табыс 20789 теңгеден (кедейлік шегі) аспаса, отбасына атаулы әлеуметтік көмек беріледі. Кәмелетке толмаған әр балаға 20789 теңге жәрдемақы, ересек адамдарға жан басына шаққандағы орташа табыс көлемі мен атаулы әлеуметтік көмек көрсету шартының арасындағы айырмашылық төленеді, — дейді Толқын Елеубекова.
Наурыздың ортасында Еңбек және әлеуметтік қрғау вице-министрі Светлана Жақыпова журналистердің атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде не себепті қолдағы мал басы есепке алынатыны туралы сұрағына «Бұл –әкімдіктердің жауапкершілігіндегі мәселе» деп жауап берген.
«Сіздің сиырыңыз бар делік, басқа да ол да жоқ. Екеуіңізге бірдей атаулы әлеуметтік көмек берсе, әділ бола ма? [Қолдағы малды] табысқа жатқызу-жатқызбауды жергілікті атқарушы орган шешеді» деген вице-министр. Соның алдында ғана Жақыпова көп балалы ата-аналар наразылығынан кейін әлеуметтік қамсыздандыру туралы заңға өзгеріс енгізу туралы презентацияға қатысқан. Ел астанасындағы тұрғын үйде өрт шығып, бір отбасының кәмелетке толмаған бес қыз баласы шетінеген соң елдің бірнеше аймағында наразылық жиындары өтіп, көп балалы отбасыларға жәрдем беру туралы талап айтылған.
Сәуір айында Светлана Жақыпова атаулы әлеуметтік көмек көрсету кезінде бюрократиялық кедергі болмайтынын, жәрдемақы рәсімдеу кезінде тек жеке бас куәлігі талап етілетінін айтқан. Бірақ аймақтарда көп балалы аналар атаулы көмекті рәсімдеу кезінде құжат тапсырудың қиын екенін, жергілікті атқару органдары түрлі анықтама сұрайтынын айтып шағымданады. Еңбек пен әлеуметтік қорғау министрлігі «ешқандай қосымша құжат тапсырудың керегі жоқ екенін» бірнеше мәрте қайталай мәлімдеді.