«Құжаттарын тексерейік дедік». Әскерилер ақтаулықты «ұстау» кезінде түсірілген видеоға түсінік берді — Ел жаңалықтары

0

Маңғыстау облысында қорғаныс істері бойынша департамент қызметкерлері әскерге шақырылған адаммен болған жағдайға түсінік берді, — деп хабарлайды Lada.kz.

Еске сала кетейік, бұған дейін Желіде Ақтау тұрғыны мен әскери форма кигендер арасында болған жағдайдың видеосы жарияланды. Видео авторының түсіндіруі бойынша, әскери форма киген адамдар оның туысын мәжбүрлі түрде көлікпен алып кеткісі келген.

Маңғыстау облысының қорғаныс істері бойынша департамент басшысының орынбасары Жанболат Ақмұратов әскерге шақырылған азаматты ешкім де күштеп әкеткісі келмегенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, жігіт Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы. Сол жақта тіркелген.

«Ақтау қалалық әскери басқармасы жергілікті органының әскери қызметшілері Ақтау қалалық жергілікті полиция қызметкерлерімен және ҚР Ұлттық ұлан өкілдерімен бірлесіп мерзімді әскери қызметке шақырылған жастарды жұмыс орны бойынша іздеу шараларын жүргізді, олар шақыру қағазындағы талап бойынша Ақтау әскери басқармасының жергілікті органына өз уақытында бармаған. Біз ешкімді алып кетпекші болған жоқпыз, тек құжаттары мен әскери есебін тексерейік дедік», — деді Жанболат Ақмұратов. 

Оның айтуынша, рейд барысында Оңтүстік Қазақстан облысында, Батыс Қазақстан облысында және Шығыс Қазақстан облысында әскери есепте тұрғандар анықталды, олар Ақтаудың түрлі ұйымында жұмыс істейді.

Жанболат Ақмұратовтың мәліметінше, бүгінгі таңда Маңғыстау облысында әскери қызметтен жалтарып жүрген шамамен 1000 адам бар. Мұндай жағдайда оларға әкімшілік жауапкершілік қолданылады.