құтқарушылар екі адамды қалай тапқанын айтты

0

Екі жұмысшы қардың астында қалып қойған жеркепеде үш күн отырды. Электр жарығы болған. Бірақ газ, шырпы және тамақ таусылып қалды

НҰР-СҰЛТАН, 29 қаңтар – Sputnik. Қазнетте бірнеше күннен бері Қостанай облысында болған құтқару операциясының видеосы тарап жүр. Ол жерде құтқарушылар омбы қардың арасынан екі жұмысшыны алып шыққан. Біреуі мысық ұстап жүр. Sputnik Қазақстан тілшісі осы операцияға қатысқан құтқарушылардың біреуін тауып, оқиғаның мән-жайын білді. Ол мысықтың қайда екенін де айтты. 


©
Photo : Қостанай облысы төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің жеке архивінен

Құтқарушылар омбы қардың арасынан екі жұмысшыны алып шықты

Арқалық қалалық шұғыл құтқару жасағының маманы Жасұлан Байділдин ол күні бәрін өзінің ұялы телефонына жазып алған. Дәл сол видео әлеуметтік желі мен мессенджерлер арқылы жылдам тарап кетті. Бірақ құтқарушы видеоны бәріне көрсету үшін түсірмегенін айтып отыр.

«Біз күнде жасаған жұмысымызға есеп беріп отырамыз. Сол себепті видео мен фотоға түсіру керек. Ол күні де солай болған. Артынан видеоның қалай тарап кеткенін білмеймін. Біз қызық үшін түсірмейміз ғой», – дейді Байділдин.    

Құтқарушы ол оқиғаның қай күні болғанын бірден есіне түсіре алмады. Мұндай шаралар көп дейді. Сосын штабқа қоңырау шалып, екі жұмысшыны қардың астынан алып шыққан күнді нақтылап, сұрап алды.

«Иә, есіме түсті. 23 қаңтарда екі жігіттің қардың астында қалғаны туралы хабар түсті. Бас құтқарушы Айбат Жанаев, Ержан Жармағанбетов және мен, шамамен 11:00 кезінде Арқалықтан Бүйректал ауылына жолға шықтық. Екі жұмысшы 40 шақырым шалғай жерде қардың астында қалып қойған ғой. «Нива» маркалы жол талғамайтын көлікпен 90 шақырымнан артық жол жүрдік. Сөйтіп, кешкі сағат 18:00-де бірақ бардық. Дала қараңғы болып кеткен. Келесі күні іздеуге кірістік», – деп еске алады құтқарушы.

Оның айтуынша, қараңғыда жеркепені табу мүлдем мүмкін болмаған. Бүйректалда екі жұмысшының қалып қойған жерін білген тағы бір адам қосылды. Ол ұялы телефон арқылы жұмысшы жігіттермен үнемі байланыста болып, олардың отырған жерін көрсетіп берді. Сөйтіп, таңғы сағат 6:00-де басталған іздеу шарасы 12:00-де аяқталды.

«Олар арғы жағынан, біз бергі жағынан үңгір сияқты қаздық. Содан жақындағанда күрек шығарып, отырған жерлерін көрсетті. Үңгірдің ұзындығы үш-төрт метрдей болды. Сол жерде күзетші болып істейміз деді. Сөйтіп, мысығымен қоса алып шыққанбыз ғой», – дейді Байділдин.

Екі жұмысшы қардың астында қалып қойған жеркепеде үш күн отырды. Электр жарығы болған. Бірақ газ, шырпы және тамақ таусылып қалды.

«Екі жұмысшыны Амантоғайға апарып тастадық. Ал мысықты олар Бүйректалда бір кісінің үйіне тастап кетті», – деп атап көрсетті Байділдин.

Тағы оқыңыз: Синоптиктер ақпан айында ауа райы қандай болатынын айтты

Жасұланның өзі бұрын ауыл мектебінде дене шынықтыру мұғалімі болған. Төрт жыл бұрын құтқарушы қызметіне ауысып кетті.  

«Қазір жасым 31-де. Бұрын дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болғанмын. Содан осы жұмысқа қызығып, ауысып келдім. Біз адам құтқарамыз. Жұмысымыз қызықты ғой», – дейді ол.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз