Құтпан жылғы тарих парағынан айрықша орын алған оқиғалар

0
111

2018 жыл ел іші-сыртындағы күрделі саяси, әлеуметтік өзгерістерге толы болды. Тұтас адамзатты алаңдатқан Климат өзгерістері мен жаратылыстық апаттар да, адамзат қоғамының болашағына үміт бағыштаған ғылым-техниканың тың жетістіктері де биылғы жылмен бірге тарих парақтарына жазылып қалды. «The Qazaq Times» порталында әлемдегі және ел ішіндегі елеулі оқиғаларды, саяси өзгерістерді, ғылым жаңалықтарын барынша қалт жібермеуге тырыстық. Уақыттың озуымен 2018 жылды артқа қалдырып, алда адамзат тарихының тағы бір жылын бастағалы отырмыз. Осыған орай өткен бір жылдағы сайтымызда көтерілген елеулі мәселелерге шолу жасай кетуді жөн көріп отырмыз.

Ит жылы, естеріңізде болса, Ирандағы әлеуметтік толқулар мен Солтүстік Корея режимінің бейбітшілік процесіне қарай бетбұрыс жасауымен есте қалды. Бұған дейін Корей түбегіндегі жағдай ядролық соғыс қаупін күшейтіп тұрған еді. Ал, Ирандағы әлеуметтік толқу өңірдегі өзге елдерге де ой салып, сабақ бергендей болды.

Қаңтардың орта шенінде ҚР президенті АҚШ-қа ресми сапармен барып, Ақ үй басшысы Дональд Трамппен кездесу өткізген болатын. Бұл Қазақстан ғана емес, Орталық Азия үшін де маңызды оқиғалар болып қалды. 5+1 жобасы АҚШ пен Орта Азияның жаңа жобаларын дамытады деп күтілді.

Сайтымызда АҚШ-Қытай сауда қақтығысы басталудан 4 ай бұрын екі ел қарым-қатынасының бұзылатынын, сондай-ақ, сауда және стратегиялық қарсылас күйіне өтетінін болжаған едік.

Сондай-ақ, сауда соғысының салдары мен жеңімпазы туралы да өз ойларымыз бен әлем ақпарат құралдарының пікірлерін салыстыра қарастырған болатынбыз.

Жер шары климатының өзгерісі мен ғаламдық жылынудың, жаратылыстық апаттардың жиілеуіне байланысты болашақта адамзат тап болуы мүмкін 10 үлкен қорқынышты талданған.

Оңтүстік және Солтүстік Корея басшыларының алғашқы кездесуі Корей түбегінің тарихи бетбұрыс оқиғасы болып тарихта қалды.

Осыдан кейін көп ұзамай, Сингапурда Трамп-Ким тарихи кездесуі өтті.

АҚШ пен Қытай Тынық мұхитындағы көшбасшылық орынға таласы жылдың ең басты саяси, стратегиялық тақырыбына айналды.

Биылғы жылы қазақ ақпарат кеңістігінде көбірек көтерілген тақырыптардың бірі – Қытайдағы қандастардың басына түскен жағдай болды. Порталымыз да Қытайдағы қуғын-сүргін жағдайын, тіпті бұл үрдістің басталуынан бұрын да алғашқылардың бірі болып үздіксіз көтеріп келді.

Қыркүйек айында бірнеше жүз мың халық саны бар Сүрияның Идлиб өңірі соғыс қаупінде тұрды.

Қытай тақырыбы биылғы жылдағы ең басты тақырыптардың бірі болды. Бейжіңнің саяси беталысы әлем назарын аударды.

Тараптардың әскери, саяси қадамдарына қарай отырып, АҚШ пен Қытай арасында таяу он жыл ішінде соғыс болуы мүмкін екені болжанған.

Бұдан тыс, сауда соғысы жағдайындағы Қытайдың Еуропаға бет алуы, Қытай-АҚШ арасындағы Тайуан мәселесі,  Ауғанстандағы 17 жылдық соғыстың бүгінші нәтижесі, сондай-ақ, АҚШ санкциясындағы Иранның жағдайы туралы сараптаулар жасалған еді.

Желтоқсанда Аргентинада өткен «Үлкен жиырмалық» саммитінде Трамп пен Ши Жинпиң арасындағы келіссөз әлем ақпарат құралдарының назарын өзіне аударды.

Бұл оқиғалар әлемнің саяси бағыт-бағдарын анықтауға толық жеткілікті болмаса да, биылғы жылдың күрделі саяси жағдайын бағамдап бермек.

“The Qazaq Times”