Құстар, құстың ұясы, құстарға қамқорлық
Білім беру саласы: Таным.
Ұйымдастырылған оқу іс — әрекет түрі: Құрастыру.
Мақсаты: Балаларды құрылыс материалдарының негізгі түрлерімен таныстыру және қарапайым құрастыру іскерліктерін дамыту. Балалардың ойлау қабілетін дамыту арқылы құстың ұясын құрастыра білуге үйрету. Балаларды ұйымшылдыққа, бірлесіп еңбек нәтижесіне жетуге тәрбиелеу.
Қолданылған материалдар: Көрнекілік суреттер, үйшікті құрастыру үшін
кубиктер, құстың ұясының макеті.
Дидактикалық ойындар үшін құстың бейнесі салынған сурет қиындылары, құстың ұясын құрастыруға арналған геометриялық пішіндер.
Сабақ барысы:
Шаттық шеңбері: «Сәлем» деймін күнге мен,
«Сәлем» деймін мен саған.
«Сәлем» деймін апайға,
Қонақтарға, құстарға!
Тәрбиеші: — Балалар, қазір қай мезгіл?
Балалар: — Көктем мезгілі.
Тәрбиеші: — Дұрыс айтасыңдар. Ал, көктемде айналамызда, табиғатта қандай өзгерістер болады?
Балалар: — Күн жылынады, қар еріп кетеді. Шөптер, гүлдер шығады. Ағаштар бүршік жарады. Құстар жылы жақтан ұшып келеді.
Тәрбиеші: — Жарайсыңдар балалар, дұрыс айтасыңдар. Жылы жақтан ұшып келген құстардың бірі былтырдан қалған ұясын дұрыстаса, ал енді бірі жаңадан ұя жасайды.
Балалар, естеріңде болса біз қыста жердің бетін қар жауып тастаған кезде,
құстарға қамқорлық жасау керек екендігі туралы айтқан болатынбыз. Яғни,
оларға ұя жасап, жем шашу керек екендігін сөз еткенбіз. Сол кезде біз қандай тақпақ жаттап едік? Есімізге түсірейікші.
Балалар: Торғай, торғай, торғайсың,
Жақын келіп қонғайсың.
Жем шашайын теріп ал,
Сонда аязға тоңбайсың.
Тәрбиеші: — Дұрыс балалар және сол кезде міне мынадай (дайын құстың ұясын көрсетеді) құстың ұясын жасау керектігін айтқанбыз, солай ма?
Балалар: — Иә, білеміз.
Тәрбиеші: — Міне құстардың бірі осындай дайын ұяларға қоныстанады. Ал,
енді бірі ағаш бұталарының арасына ұсақ ағаштардан өріп өздері ұя жасайды (өріп жасалған ұяның макетін көрсетеді). Олар осы ұяларына жұмыртқаларын салып басады. Кейін балапандары шыққан соң, осы ұяда өскенше тұрады. Балапандары өсіп, қанаттары қатайғаннан кейін олар ұшып кетеді. Міне осылай жылда қайталанып отырады. Енді біз сабағымызға байланысты
осы құстардың ұясын жасап көрейік.
Тәрбиешінің көмегімен балалар кубиктерден құстың ұясын құрастырады.
Тәрбиеші балалардың әрқайсысының өзінше үлес қосуын қадағалайды. Ұяны бірігіп жасағандықтан тез жасалғандығын ескертеді. Тәрбиеші осылай
балаларға ұйымшылдықтың нәтижесін көрсетіп отырады. Дайын болған ұяны балалармен бірге қорытындылап, баға беріп, мақтау айтады.
Д/о: Геометриялық пішіндерден ұя құрастыру.
Тәрбиеші: — Балалар, енді ұяны геометриялық пішіндерді пайдалана отырып құрастырып көрейікші.
Балалар сопақша тік төртбұрыштың үстіңгі жағына үшбұрышты орналастырады да, тіктөртбұрыштың ортасына дөңгелекті қояды.
Тәрбиеші: — Бізде ұяның түр — түрі бар. Енді біз қағаздан құстың бейнесін құрастырып көреміз ба?
«Шұғыла» бөбекжай – балабақшасы тәрбиешісі Тасқожина К. А.
Құстың ұясы жүктеу
Дереккөз: http://bilimdiler.kz/