Құсбегілер сайысында словакиялық бүркітшілер жартылай финалға шықты
Алматы, BAQ.KZ. ІІ Ашық Азия чемпионатының екінші күнгі жарысы қорытыланды. Жетпістен астам бүркітші арасынан он құсбегі жартылай финалға жолдама алды.
Бүгін сегіз қазақстандық, қос шетелдік спортшылар бүркітті қоянға және түлкіге салу бәсекелері бойынша сынға түседі. Одан соң сұңқар тектес аушы құстардың өнері тамашаланады.
Жартылай финалға бүркітті қолға шақыру мен шырғаға түсіру жарыстарында қырықтан жоғары ұпай жинаған құсбегілер өтті. Еліміздің үздік бүркітшілерімен әзірге Словакияның құсбегісі Канат Ярослав пен қырғызстандық құсбегі Исмаилов Аман үзеңгілес келеді.
Ал, қатары ең қалың болған біздің құсбегілер ішінен жартылай финалға 8 үздік бүркітші суырылып шықты. Атап айтқанда, Әбен Дулат (Алматы обл), Аршабай Дәурен (Түркістан обл), Құрманғалиев Ақберен (Алматы қ), Тастанбек Байрақ (Алматы обл), Қошқаров Арман (Атырау обл), Сейтжан Аян (Алматы обл), Нұман Өмірбек (ШҚО), Байетбай Өмірхан (Алматы обл) жартылай финалға жолдама алды.
Бүгін осы бүркітшілердің құстарын қоянға, түлкіге түсіргені, ал, қаршыға, ителгі баптаған құсбегілердің аушы құстарына қоян, кептер ұстатқаны тамашаланады. Сағат 12.20-да ІІ Ашық Азия чемпионатының салтанатты ашылуы өтеді. Салтанатты ашылудан соң чемпионат бәсекесі жалғасып, соңынан жеңімпаздарды марапаттау рәсімі болады.
Естеріңізде болса, бұған дейін Алматыда құсбегілердің ІІ Ашық Азия чемпионаты басталғаны туралы хабарлаған болатынбыз.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ