Құс тұмауы адамға жұға ма: ресми өкіл жауап берді

0

Ет немесе жұмыртқа сияқты құс өнімдері арқылы вирустың таралу жағдайы тіркелген жоқ, дейді министрлік мамандары

Құс тұмауы адам үшін қауіпті емес. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Гүлмира Исаева айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Вице-винистрдің айтуынша, бүгінде зертханалық жұмыстар атқарылып жатыр. Оған сәйкес, Қазақстанда анықталған құс тұмауы «H5N8» типіне жатады. Тура сондай вирус Ресей Федерациясында тіркелген.

«Осы типтегі құс тұмауы адам үшін қауіпті емес. Демек, құс өнімдерін пайдалана беруге болады», — деді Исаева орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Оның айтуынша, бүгінде құс тұмауы анықталған аудандарда шектеу шаралары енгізілді. Құс өнімдерін шығаруға рұқсат жоқ. Осы шаралардың негізгі мақсаты – тұмаудың басқа аймақтарға таралып кетуіне жол бермеу.

«Негізі, тиісті өңдеуден кейін құс өнімдерін пайдалана беруге болады. Бірақ оны тек сол ауданда ғана қолдануға рұсқат етілген», — деп атап көрсетті Исаева.

Денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев құс тұмауының сипаттамасына тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, вирустың құстан адамға жұғу жағдайлары сирек болады. Ал адамнан адамға мүлдем жұқпайды.

«Адамның құс тұмауын жұқтыруы өте сирек кездеседі. Соның өзінде тірі немесе өлі құспен тікелей байланыс болуы қажет. Ал ет немесе жұмыртқа сияқты құс өнімдері арқылы вирустың таралу жағдайлары тіркелмеген. Бүгінде құс тұмауын жұқтырған адамдар да жоқ», — деді Сұлтанғазиев.

Айта кетсек, әуелі құс тұмауы Солтүстік Қазақстан облысында тіркелді. Қазіргі уақытта ол бірнеше өңірге тарап кетті. Осыған байланысты аудандарда шектеу шаралары енгізілді.