Құрыш осылай шынықты (Елбасы феномені)
Бұдан үш-төрт жыл бұрын Қарағанды облысында 100 томдық «Сарыарқа кітапханасы» сериясы баспадан шығарылғанда соның бір томы қос тілде «Елбасына тұғыр болған Сарыарқа» – «Сарыаркинский взлет Елбасы» деп аталып (Астана, «Фолиант, 2014 ж., 360 бет, құрастырған А.Жанғожин), болашақ Президентіміздің еңбек және саяси қызметі басталған Сарыарқа өңіріндегі кезеңіне арналған еді.
Бүгінде кітап беттерін ақтара отырып, еңбек жолын құрыш құюшы болып бастаған қарапайым қазақ жігітінің бейнесін сол кездегі әріптестеріміз қалай сомдады екен деген сұрақ туындайды.Ол әлі ешкімге белгісіз қатардағы жұмысшы. Қаламгерлер арманшыл жанның көздерінен қандай ұшқын көрді екен? Болашағынан қандай үміт күтті, жаңа ғана басталған өмірбаянын, алғашқы жетістіктерін қалай баяндады екен? От-жалынмен арпалысқан горновойдың жұмыс сәттерін қалай суреттепті? Біз тек Нұрсұлтан Әбішұлының Украинада горновойдың мамандығын меңгеріп, Қарағанды металлургия комбинатында қара жұмыс істеген кезеңді ғана аламыз.
Қазақ журналистерінің арасынан жас горновой Нұрсұлтанды қалың оқырманға таныстырып, тұңғыш суреттеме жазған белгілі қаламгер ағамыз, журналист Амантай Сағындықов деп білеміз. Республикалық жастар газеті «Лениншіл жастың» меншікті тілшісі болып жүргенде 1963 жылдың 21 мамырында әңгіме тақырыбына сай «Суарылған болаттай» деген атпен шағын очерк-суреттемесі жарық көрді. Журналист әңгімесін қазақ даласына үлкен жаңалық болып енген шойын қорытатын домна пешін суреттеп, от-жалынмен арпалысқан жас металлургтің асқақ тұлғасын әспеттеуден бастаған.
«Біз бірінші домна пешінің алып құрылысына кіргенде Нұрсұлтан мың градустық қызуға балқыған шойынды отша көсеп жатыр екен. Астауша бойымен бұлақ суындай аққан шойын жігіттің ырқына көнгісі келмегендей, қарсылық білдіріп, жан-жағына қызыл шоқтарын атқылайды. Ол ту сыртынан қызыға бақылап тұрған адамдарды аңғаратын емес. От пен жалынға оранып, өз ісіне әбден беріліпті. Ширақ қимылдап, темір көсеумен ағып жатқан шойынды әлсін-әлсін көсейді. Қызыл от лап етіп көсеудің өзіне жармасады, тілімен жалайды.
– Назарбаев осы, – деді смена бастығы Александр Кириллович Щербаков сұқ саусағымен нұсқап, – отпен қалай алысады, жігітің! Нұрсұлтанның қимылына қарап тұрсаң қызық, әлденелер еске түседі. Мынау кәдімгі аждahaмен алысқан хас батыр бейнелес. Байқадыңыздар ма? Солай, өз қолдарымен орнатқан домна ғой бұл. Сондықтан да өздері қожа, бар қызық та осылардікі, – деді Александр Кириллович мақтанышпен. Осы кезде Нұрсұлтан да смена бастығының қасына келді. Өткір қой көздері ұшқын атып тұр. Салмақты да байcалды қарайды. Бүкіл денесі болатпен суарылғандай кесек».
Екі жылдан кейін осы автор қаламдас әріптесімен бірге Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газеті бетінде «Өмірбаяннан үзінді» деген мақала жариялайды. Мақала авторлары жас металлургпен қалай танысқандарын баяндап, әңгімені былайша сабақтастырады: «Нұрсұлтан қазір де Қазақстан Магниткасында жемісті еңбек етеді. Оның өмірбаяны қысқа болса да (әрине, болашағы алда ғой) өте қызғылықты. Ол осы Қазақстан Магниткасына келгеннен бергі елеулі жылдарын, еселі істерін еске сақтау үшін күнделік жүргізеді екен. «Бүгінгі өмір қызық қой, керек жерін сызып қой» дегендей, жас жігіттің сырларына үңілейік, не дейді екен».
Авторлар бұдан соң металлург жігіттің өз өмірінің белесті кезеңдері туралы жазған айшықты жолдарынан қысқаша үзінділер келтіреді. Днепродзержинскідегі күндер, Арқа жеріндегі алыпқа келу, бірінші домна пешінің пайдалануға берілу сәтіндегі жүрекжарды қуанышты сәт, қоғамдық істердің бел ортасында жүрген шағы, 1962 жылы Қазақстан ЛКСМ-ның X съезіне қатысуы, Мәскеуге сапар, ВЛКСМ XIV съезіне делегат болуы, 1963 жылы металлургия зауытының жолдамасымен жоғары оқу орнына түсуі… жүрегінің алау оты лапылдаған жігерлі жастың үнемі ілгеріге ұмтылған шағы сипатталады. Біз осы орайда мақала авторларының жас Нұрсұлтанның еселі еңбегіне куә бола отырып, нық сеніммен «әрине, болашағы алда ғой» деп ерекше бөліп айтуларынан журналистердің Нұрсұлтандай өреннің шығар биігі алда екендігіне имандай сенгенін аңдадық. Мақала: «Иә, бүгінде Нұрсұлтан Магниткада, атап айтқанда, өзі еңбек еткен бірінші домнада диспетчер болып істейді. Әзірше, Назарбаевтың өмірбаянынан үзінділер ғана беріп отырмыз. Ол келешекте жазыла бермек, жалғаса бермек», деп аяқталады.
Осыдан 53 жыл бұрын, атап айтқанда, 1965 жылдың 15 желтоқсанында «Орталық Қазақстан» газетіне қарағандылық журналистер Амантай Сағындықов пен Амангелді Ахметәлімов металлург жігіт туралы осылай жазған. Өмірден озған осы ағаларымыз кезінде республикаға танылды. Еңбек жолын облыстық газеттен бастаған А.Сағындықов кейін «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде меншікті тілші қызметтерін атқарды, ал А.Ахметәлімов Қазақ телеграф агенттігінің директорлығына дейінгі жолдан өтті.
Жазушы-журналист Болат Бодаубаев та болашақ Елбасының Қазақстан Магниткасында жұмыс істеген жылдарында республикалық «Лениншіл жас» газетінің Қарағанды облысындағы тілшісі ретінде үш рет кездесіп, оның өмір жолы туралы жылы очерк-суреттемелер жазған қазақтың белгілі қаламгері. Жастар газетінің 1966 жылы 17 шілдедегі санында әжептәуір тәжірибе жинап қалған жас металлургтің қарбалас жұмыс сәті «Баянды мұрат жолында» деген репортаж тұрғысындағы жазбасында былай суреттеледі:
«Диспетчер бөлмесіндегі толып жатқан телефон аппараттары қолды-аяққа тұрмай, бірінен соң біреуі кезек шырылдайды. Екі пеште қандай құбылыстар болып жатқаны оған бес саусақтай мәлім. Аглофабрикадан келген шикізат бункерге тиеліп, қазанға түсіп, астынан ыстық ауамен қыздырыла бастағаннан бастап, руданың ішіндегі кокс жанып, балқу процесі жүріп, шойынның құрамы шлактан тазарып, летканың аузы ашылғанға дейін небәрі үш-ақ сағат мерзім өтеді екен. Осы уақытта диспетчерге сан қайтара телефон соғылады.
– Алло, Нұрсұлтан!
– Иә, тыңдап тұрмын.
– Екінші пешке жылдамырақ слесарьды жіберші. Электропушка істемей қалды.
Бұл ешқашан абыржымайтын мастер Геннадий Долгихтың даусы. Соның артынша екінші телефон безек қағады.
– Алло, алло, диспетчер?
– Иә.
– Мартенге үш шөміш ыстық шойын керек.
– Береміз, – дейді Нұрсұлтан. Сонан соң бірінші пештің газовщигі Виктор Боевтың рапортын тыңдайды:
– Бес шөміш шойын, үш шөміш шлак ағыздық…
Нұрсұлтан енді қолма-қол темір жол цехының кезекшісі Рая Гуревичпен жалғасады.
– Алло, Рая, үш шөміш шойынды мартенге жібер, екі шөмішті құю машиналарына жөнелт!
Диспетчер бөлмесі қат-қабат ақпарлар жиналатын, бұйрықтар тарайтын жауынгерлік штаб іспеттес. Нұрсұлтан жас болғанмен өз жұмысын жақсы атқарады. Цех бастығы, завод басшыларының аузынан ол туралы: «Бес минутсыз инженер. Алғыр жігіт! Болашағы жарқын жас», деген жылы лебіздерді жиі естуге болады…».
Осы автор республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде 1968 жылы 28 тамызда жарияланған «Үш кездесу» деген мақаласында Нұрсұлтанмен әр кездескен сайын емін-еркін әңгімелесіп, оның алдына білгір металлург маман болу сияқты мақсат қойып, сонысын табандылықпен жүзеге асырып келе жатқанын баяндайды. Ең алғаш 1962 жылы металлургия зауытына барғанда ол «басына киіз қалпақ, үстіне арнаулы костюм киген» горновой еді. «Горновой шойын мен шлакты тынымсыз атқылап жатқан апандай пеш аранына тайсалмастан жақындап барады. Оның қолы басқару пультіне тиісімен-ақ от ұшқындар салют болып шашырап, айналаны жауып кетеді», деп отты мамандықты суреттеп те қояды. Сол алғашқы кездесуде Нұрсұлтан өзінің кешкі институтта оқып жүргенін айтқан еді.
Арада төрт жыл өткенде, 1966 жылы екінші рет кездескенде ол домна пештерінің диспетчері қызметіне жоғарылатылыпты. Және жоғарыдағы үзіндіден көргендеріңіздей, бұл қызметтің жауапкершілігі де үлкен… Магнитка цехтарында үшінші рет кездескенде:
– Институт қалай болды? – деп сұрайды тілші Нұрсұлтаннан.
– Биыл бітіріп, инженер-металлург деген диплом алдым, – деген жауап алады. Сол кезде ол қызмет баспалдағымен тағы да өсіп, домна пешінде газовщик қызметін атқарады екен.
Сол жылы облыстық газеттегі Металлург күніне арналған бетте («Талаптыға нұр жауар», 21 шілде 1968 ж.) газеттің арнаулы тілшісі Риза Ахметов те домна цехынан репортаж жазған екен. Нұрсұлтандардың от-жалынды ауыздықтаған көрінісін суреттеуді ол кісі де теріс көрмепті: «Ай айналып, жылдар өтіп жатты. Нұрсұлтан шебер горновойшы атанды. Міне, кезекті смена. Барлық аппарат қалтқысыз жұмыс істеп түр. Пеш алдындағы кішкене шынылы тесікке бармақтың басындай көк шыныны тақай түсіп үңілген Нұрсұлтан аға газовщикке ым қаққандай болды.
– Қазір Нұрсұлтан, – деген газовщик температураны жоғарылату үшін бір кнопканы басып қалып еді, сарытап пеш шоғы көгілдірлене берді. Температура 1900 градусқа жетті.
– Уақыт болды. Шлак ағызыңдар! – деген смена мастерінің бұйрығы естілуі мұң екен, ышқына, аспанға атқан көк жалынды көпіршіген шлак таудан аққан бұлақтай жөңкіле жөнелді. Міне, енді пеш шүмегі де ағытылды. Астауша бойын қуалай аққан шойын да рельс үстінде тұрған үлкен қазанға сарқырай құйыла жөнелді.
… Жұмыс та аяқталды. Сол күні аға горновойшы Нұрсұлтан Назарбаев, Төлеген Адам-Юсупов, Амангелді Жақыпов есімі завод «Молниясына» ілікті. Өйткені олар бұл күні жаңа рекорд жасаған еді…».
Бұл кезде Нұрсұлтан бұрынғыдай албырт жас емес, нені болсын салмақты оймен топшылайтын, дәл басатын мосқал жігіт. Өзінің Магнитка, Теміртау туралы жүрекжарды ойларын газет тілшісіне былай ағытқан екен:
– Еңбекте бірінші бет ашқандықтан ба, әлде Отан игілігіне тұңғыш рет Қазақстан шойынынан шашу шашқандықтан ба, өзім алматылық бола тұрсам да, Теміртау қаласы маған өте ыстық. Жас қалада отау тіктік. Жас нәресте де дүниеге осы Теміртауда келді. Балалығым Алатаудың баурайында өтсе де, өмір жолымның нағыз тәтті шырыны осы Теміртауда басталды. Маған Қазақстан қара металлургиясының алыбы атанған Магнитканың ыстық көрінетіндігі де сондықтан.
Ізденімпаз журналист «Егемен Қазақстанның» он сегіз жылдай меншікті тілшісі қызметін атқарған Айқын Несіпбай келтірген мына дерек те көңіл аударарлық. Ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың көмекшісі болған Бөпежан Аяпбергенов «Қаныш аға осындай еді…» деген естелік кітабында ғалымның 1961 жылы Теміртауға ат басын бұрғанын жазады. Сонда домна пеші маңайында тұңғыш академия президенті мен болашақ тұңғыш Президентіміз кездесіп, Қаныш аға: «Мына комбинат – Қазақ елінің байлығы. Бұған ие болу үшін мұнда қазақ жастары көп болуы керек. Сендер комбинатқа қазақ жастарын шақырыңдар. Сөйте-сөйте еліміздің солтүстігіне қандастарымызды көбейтейік», деп аманат етеді.
Бұл аманатты өзі қазақ жастары арасынан алғашқылардың бірі болып металлург атанған Нұрсұлтан Назарбаев комсомол, партия қызметінде жүргенде де, кейін Үкімет басшысы, Президент болғанда да бір сәт ұмытқан емес.
Кітап беттерін ақтара отырып, Нұрсұлтанмен бірге Украина, Ресей жерінде қазақ үшін таңсық металлург мамандығын меңгерген қаракөз жастардың өмірдің әр саласында еңбектен өз бақыттарын тапқанының куәсі боласыз. Олар тыңға түрен салды. Жүрек қалауларымен, жастық жалынмен отты мамандық игерді. Құрыш құю, болат балқыту, прокат созудың қыр-сырын үйренді. Еліне, халқына қажет мамандық деп білді. Магнитканың ыстық цехтары оларды құрыштай шыңдады, болаттай суарды.
«Теміртау мен үшін – алтын бесік. Магнитканың тарихы, оның адамдарының тағдыры менің тағдырыммен ажыратылмас. Егер менің өмірімде Магнитка мен Теміртау болмаса, мен ешқашан Президент болмас едім», деп жазды Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ағынан жарыла. Бұдан артық теңеу сірә да табылмас.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»,
Аман ЖАНҒОЖИН,
ардагер журналист,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты
ҚАРАҒАНДЫ