құрылу тарихы мен актерлері, репертуары

0

80-жылдық мерейтойына Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» драмасымен қызу дайындалып жатқан театр ұжымы заманауи үлгіде салынып жатқан жаңа ғимаратқа көшуді жоспарлап отыр

Театрдың алғашқы труппасы қалай құрылды

1932 жылдың 21 маусымында Атрауовтың төрағалығымен өткен Оңтүстік Қазақстан облыс полкомның мәжілісінде мемлекеттік қазақ театрын ұйымдастыру үшін облыстық халық ағарту бөліміне 1000 рубль беру жайында шешім қабылданды.

Облыстық халық ағарту бөлімі театрға қажетті мамандарды іріктеу мақсатында 1934 жылдың 11 маусымында көркем өнерпаздар үйірмелерінің облыстық байқауын ұйымдастырды.

Байқаудан озып шыққандары, яғни Шымкент коммунистік университетіндегі үйірме мүшелері Тәкен Мәдіқожаев пен Әуезхан Мырзалиев, халық сотында қызмет атқарған Исабек Тәуірбалин, сонымен қатар үздіктердің қатарынан табылған Жәнібек Арғынбаев, Мәлік Жүсіпов, Гүлжамал Батырғалиева мен Ақбөпе Дәукенова, Райысхан Байкеновтер театрға актерлік топқа іріктеліп алынды. Қазақ педагогика институтының студенті Ғұзайыр Жасақбаевтың «Замана заңы» туындысы сахналанып, театрда қойылған тұңғыш спектакль болып тарихқа жазылды. 


©
Foto : Жұмат Шанин атындағы театр

Жұмат Шанин атындағы театрдың алғашқы труппасы

Өнер ордасының жетістіктері

1934 жылдың 25 қаңтарында қазақ оқу-ағарту халық комиссиариатының алқасы «Актер кадрларын дайындау туралы» қаулы қабылдады. Кейін Мәскеу театр комбинатындағы қазақ бөлімімен Ленинград сахна өнерінің техникумы жанынан қазақ бөлімін ұйымдастыруға ұсыныс жасалады. Осылайша оңтүстік өңірінің бір топ жастары – Райысхан Байкенов, Фарух Жакенов, Гүлжамал Батырғалиева, Ақбөпе Дәукенова, Тәкен Мәдіқожаев, Мәлік Жүсіпов сынды алты әртісін Ленинградқа оқуға жібереді.

Кеңестік дәуірден бастап бүгінгі егемендік алған күнге дейін театр сахнасында асқар таудай дарынды тұлғалар көремендерге өз өнерін паш етіп келді. Ұлттық театр өнеріндегі режиссерлердің бір туар тұлғалары Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театр сахнасында қолтаңбасын қалдырды. 

Театрдың бүгінгі шығармашылық, ұжымдық тұрмыс-тіршілігі бірқалыпты деңгейде. Труппа құрамында алдыңғы буын, орта буын, кіші буын актерлер талмай еңбек етуде. Олардың ішінде 3 – «ҚР еңбек сіңірген әртісі», 2 – «ҚР еңбек сіңірген қайраткері», 3 – «Парасат» орденінің иегері, 11 – «ҚР мәдениет қайраткері», 2- «Мәдениет саласының үздігі», сонымен қатар облыс әкімдігі тарапынан берілетін «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің 10 иегері бар. Театр репертуарында жалпы саны – 35; ересектерге арналғаны — 25, жасөспірімдер мен балаларға арналған — 10 ертегі бар.

Тағы оқыңыз: Алматыдағы мемлекеттік қуыршақ театры

Театр тәуелсіздігіміздің 20 жылы ішінде халықаралық, республикалық түрлі театр фестивалінде өрнекті өнер көрсетіп, жүлделі орынға ие болды. Олар Стамбул қаласында өткен түркітілдес халықтарының, Ташкент, Әндіжан қалаларында өткен Орта Азия мен Қазақстан халықтары театрларының фестивальдерінде ұлттық өнерді насихаттай түсті.

2002 жылы Қызылжар қаласында Ғабит Мүсіреповтің 100 жылдығына орай өткізілген республикалық театр фестиваліне Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» трагедиясымен, 2003 жылы Орал қаласында өткен ХІ республикалық театрлар фестивалінде Иранбек Оразбаевтың «Мен ішпеген у бар ма?!» қойылымымен қатысып, «Үздік режиссер» номинациясын иеленді.

2005 жылы Бішкек қаласында өткен Еуропа мен Орта Азияның 14 елінің театрлары бас қосқан «Арт-ОРДО» фестиваліне өнер ордасы Шыңғыс Айтматовтың «Жанпидасымен» қатысып, «Бас жүлдені», «Үздік суретші», «Үздік режиссер» номинацияларын қанжығасына байлады.

Халықаралық «Театр көктемі – 2007» фестивалінде театр ұжымы Мархабат Байғұттың «Бозторғайдың ұясы» спектаклімен «Бас жүлдеге» ие болды.

Ақын, драматург Иран Ғайыптың 60 жылдығына орай 2007 жылы Қызылорда қаласында өткен театрлар фестивалінде Иран Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?!» спектаклімен қатысып «Үздік режиссер» номинациясын жеңіп алды.


©
Foto : Жұмат Шанин атындағы театр

Жұмат Шанин атындағы театрдың алғашқы ғимараты

2009 жылы Қарағанды қаласында өткен Біржан сал Қожағұлұлының 175 жылдығына арналған республикалық театрлар фестиваліне ұжым Дулат Исабековтың «Мұңлық-Зарлық» драмасымен қатысып, «Эпостық шығарманы сәтті меңгергені үшін» номинациясына ие болды.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Театр көктемі – 2011» республикалық, аймақтық театр фестивалінде театр Еркінбек Тұрысовтың «Ұлы көш» тарихи драмасымен қатысып, бас жүлдені «Ең үздік тақырыптық қойылым» номинациясымен жеңіп алды.

Театр репертуарындағы қойылымдар 

Бүгінгі таңда театр репертуарында әлемдік, қазақ классикалары, тарихи, бүгінгі күннің өзекті тақырыптарын арқау еткен шығармалар берік орын алған. Ұжымда 143-тен астам қызметкер жұмыс істейді. Олардың 63-і шығармашылық қызметкерлер.

Ұжым соңғы 3 жылда, яғни:

2010 жылы — 4 қойылым (көрермен саны 34 мың адам, жалпы қойылым саны – 258);

2011 жылы – 4 қойылым (көрермен саны- 42 мың адам, жалпы қойылым саны– 266);

2012 жылы – 5 қойылым (көрермен саны-54 мың адам, жалпы қойылым саны–204);

2014 жылы 4 қойылым (көрермендер саны 18 400 адам. Жыл басынан қойылған қойылымдар саны – 131) қойып, көрермендерге сапалы қызмет етуде.



sputniknews.kz