“Құрылтай өз тарихи миссиясын толықтай атқаруда” — Жанарбек Әшімжанов

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 14наурыз күні Бурабайда өтетін Ұлттық құрылтайдың IV отырысына қатысады.  

«Жиында Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, Ұлттық құрылтай мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстарын ортаға салады»,– деп хабарлады Ақорда.

Ұлттық құрылтайдың бұған дейінгі отырыстары Ұлытауда, Түркістанда және Атырауда өткен. Тоқаев оның құрамын 117 адам деп бекіткен болатын.

Құрылтайда қозғалатын мәселелер көптің көкейінде жүргені анық. Осы мақсатта Құрылтай мүшесі ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Әшімжанов Жанарбек Садықанұлы “Құрылтайда қандай мәселелер көтеріледі? Жоспар қандай? Бұл жиыннан не күтеміз?” деген сұраққа жауап берді.

“Жалпы құрылтай деген сөз — қазақ тарихында ауыр салмағы бар ұғым. Бабалар баталасып, сонау ертедегі тарихи құрылтайлардың тәуелсіздік дәуіріндегі заңды жалғасы, саяси платформа деуге болады.Ең алғаш Ұлытау төрінен басталған жиын Бурабай төрінде төртінші рет өтпекші. Негізгі мақсат — мемлекеттік билік пен азаматтық қоғамның байланысын күшейту, әлемдегі әртүрлі ахуалдарға қарамастан өзіміздің тәуелсіз ел ретіндегі стратегиялық бағыт-бағдарларымыз, тұжырымдарымызды бекіту. Оған қатысушылар Қазақстаннык түкпір-түкпірінен, алыс-алыс аудандардан, білімге, спортқа қатысы бар азаматтар, шаруалар жиналып, ашық диалог алаңын құрады. Сол жердегі мемлекет басшысының нормативтік құжаттарына, ол кісінің қабылдаған шешімдеріне Конституция мен басқа да заңды қарарларды басшылыққа ала отырып, алдағы жоспарларды талқылап, мемлекеттік органдармен жүйелі шешімдерді қарастырады.

Құрылтай мұшелері жыл бойы өңірлерді аралап, ертеңгі үлкен құрылтайда талқыға салады. Түркістанда өткен жиында 100-ден астам құрылтай мүшелері мәдениет, руханият, өнер, азаматтық қоғам секциясы, экономикалық пен өңірлік бағыт, ғылым мен білімге қатысты секцияларға бөлінген еді. Осы бойынша олар барлық мәселелерді жинақтап, талдап, сараптап, ертеңгі құрылтайда қозғайды.

Меніңше, Бурабай төріндегі кезекті құрылтайда мәдениет пен руханиятқа, қоғамдағы ұлттық тәрбиемізге, жастар саясатындағы түрлі жағдайларға, ақпараттық қауіпсіздікке қатысты саяси, әлеуметтік шешімдер тұрақталады. Осыған дейін де құрылтай мүшелері Астанада бас қосып, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаевамен бірнеше басым бағыттарды анықтап,  бірнеше кездесу өткізгенбіз. Мемлекет басшысының баяндамасынан халық, ел тарихи міндет, үлкен жаңалық күтеді. Сондай-ақ “Біртұтас ұлт” жобасының тәрбиеге қатысы, оның артық-кем тұстары, ұрпақ тәрбиесі, ақпараттық сауаттылық туралы талқыламақпыз. Сондықтан құрылтай толықтай тарихи миссиясын атқарып жатыр деп айта аламыз”, — деп пікір білдірді.