Құрсақ нарығы: Қазақстанда суррогат аналардың құны қанша
50 жасында ана атанған белгілі продюсер Баян Алагөзованың сүйінші хабарынан кейін Қазақстанда суррогат аналар қызметі жайлы білгісі келетіндер көбейді. Әрине, Алагөзова қызының өмірге қандай жолмен келгенін ашық айтпады. Құрсақ ана бөтеннің баласын қалай өмірге әкеледі? Бұл қызмет заңмен реттелген бе? Суррогат ана көмегіне кімдер жүгіне алады? Жатырын жалға беретін әйелдердің табысы қанша? Сәбиге кімнің гені беріледі? Көптің көкейіндегі осы сұрақтарға жауап іздедік..
ҚАЗАҚСТАНДА СӘБИ СҮЙЕ АЛМАЙТЫНДАР КӨБЕЙДІ
Ресми деректерге сүйенсек, елімізде әрбір алтыншы отбасы бала сүю бақытына бөлене алмайды. Перзенті жоқ жұптардың 45 пайызы жасанды ұрықтандыру технологиялары арқылы ата-ана атана алады. Ал қалған 55 пайызы артында ұрпақ қалдырғысы келсе, не бала асырап алады, не суррогат ананың көмегіне жүгінеді.
Суррогат ана – бала сүюге мүмкіндігі жоқ ерлі-зайыпты үшін қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологиялар қолданылғаннан кейін құрсақ көтеретін және бала туатын әйел.
2004 жылдың 16 шілдесінде қабылданған «Адамның ұрпақты болу құқықтары және оларды жүзеге асыру кепiлдiктерi туралы» ҚР заңында «суррогат ана» ұғымы заң жүзiнде бекiтiлді. Осы құжат бойынша елімізде адамды клондауға тыйым салынды, ал ерлi-зайыптыларға суррогат ана қызметiне жүгіну құқы берілді. Содан бері құрсағын жалға беруші келіншектер нәпақасын қымсынбай тауып жүр.
Алайда жатырын жалға беру арқылы табыс тапқысы келетіндердің бәрі бірдей суррогат ана бола алмайды. Заң бекіткен талаптарға сай келетіндер ғана бөтен отбасыға бала сүю бақытын сыйлай алады. ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы» кодексінің 56-бабы бойынша:
- жасы 20-35 аралығында;
- өзінің дені сау баласы бар, табиғи жолмен босанған;
- зиян әдеті жоқ;
- физикалық, психикалық және репродуктивті денсаулығы канағаттанарлық және медициналық ұйымның қорытындысымен расталған әйелдер құрсақ ана бола алады.
ЖАТЫР ЖАЛДАУ – ЕРІККЕННІҢ ЕРМЕГІ ЕМЕС
Батыс елдерінде мүсінін бұзғысы келмейтін, мансап жолын тоқтатуға құлықсыз, 9 ай, 9 күн бала көтеруді азап көретін әйелдер ана бақытына бөлену үшін өзгенің жатырын жалдайды. Қазақстанда мұндайға тыйым салынған. Елімізде суррогат ана қызметіне жүгіну – еріккеннің ермегі емес. Денсаулық жағдайына байланысты шын мұқтаждарға ғана рұқсат беріледі.
Тарқатып айтсақ, төменде аталған жағдайларды бастан өткерген отбасылар құрсақ анамен келісімге келе алады:
- жатыры жоқ (туа біткен немесе өмірде душар болған дерт кесірінен);
- сәбидің дамуы кезінде немесе аурулар нәтижесінде қуыстың немесе жатыр мойнының деформациясы;
- эндометрия патологиясы: эндометрия атрофиясы, емдеуге келмейтін жатыр қуысының синехиясы;
- жүкті болуға мүмкіндік бермейтін соматикалық аурулар;
- жоғары сапалы эмбриондарды бірнеше рет қабылдағанына қарамастан ЭКҰ-ның сәтсіз әрекеттері.
Суррогат ана қызметіне жүгінетін әйелдің жұмыртқа жасушасы ЭКҰ процедурасы арқылы күйеуінің биологиялық материалдарымен ұрықтандырылады. Эмбрион дайын болғанда оны үшінші әйелдің, яғни құрсақ ананың жатырына салады. Суррогат ана сәбиді 9 ай көтеріп, дүниеге әкеледі де, тапсырыс берушілерге – баланың биологиялық ата-анасына табыстайды.
Осы орайда, қоғамда бала құрсақ ананың гендерін қабылдауы мүмкін деген алаңдаушылық бар. Алайда дәрігерлер генетикалық тұрғыда суррогат ана гендерінің балаға берілуі мүмкін емес екенін айтады. Өйткені эмбрион хромосомалардың жартысын анасынан, жартысын әкесінен алады, яғни барлық 23 жұп хромосома биологиялық ата-анадан беріледі.
БИОЛОГИЯЛЫҚ АТА-АНАНЫҢ МІНДЕТІ
Суррогат ана мен оның қызметіне жүгінуші жұп бәрін салмақтап, бір шешімге келгеннен кейін нотариалды куәландырылған келісімшарт жасалады. ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы» кодексінің 57-бабына сәйкес, ерлі-зайыптылар, яғни тапсырыс берушілер суррогат ана болу шартын жасасқанда суррогат ананың медициналық тексерістен өтуі, қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдануы кезіндегі материалдық шығындарды көтеруге, қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолданатын медициналық ұйымдарға физикалық, психикалық денсаулығы туралы медициналық қорытындыны, сонымен қатар медико-генетикалық тексеріс нәтижелерін ұсынуға, жүктілік, бала туу және бала туғаннан кейінгі кезеңде 56 күн бойы, ал, егер де жүктілік және бала тууға байланысты қиындықтар туындап қалса, бала туғаннан кейін 70 күн бойы суррогат ананың медициналық қызмет бойынша шығындарын төлеуге міндетті.
Ал өз кезегінде суррогат ана жүйелі түрде дәрігерге қаралуға және оның ұсынымдары мен тағайындауларын қатаң тәртіпте орындауға, жүктіліктің өтуі туралы онымен шарт жасасқан тұлғаларды ақпараттандыруға, туылған баланы биологиялық ата-анасына беруге міндетті. Заңға сәйкес, суррогат ана туған баланы өзiмен шарт жасасқан адамдарға беруден бас тартуға, сондай-ақ өзге адамдарға беруге құқығы жоқ. Ал суррогат ананың жатырын жалға алған ерлі-зайыпты баладан бас тартқан жағдайда суррогат анадан материалды шығындардың орнын толтыруды талап ете алмайды. Егер ерлі-зайыптылар, яғни тапсырыс бершілер баладан бас тартса, оған ана болуға өз тілегі бойынша суррогат ана құқылы, ал, егер ол да сәбиден бас тартса, нәресте мемлекеттің қамқорлығына өтеді.
ҚҰРСАҚ НАРЫҒЫНДАҒЫ БАҒА
Қойылатын талаптардың қатаңдығына қарамастан, елімізде құрсақ ана болуға құштар әйелдер өте көп. Желіде мұндай қызмет ұсынатын агенттіктердің жарнамасынан көз сүрінеді. Солардың бірі – Legal Surrogacy агенттігі. Кеңсесі Алматыда, осы қаладағы репродукция клиникаларымен жұмыс істейді. Сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, агенттік суррогат аналарды денсаулық жағдайы бойынша қатаң іріктеден өткізеді және эмбрион жатырға салынып, бала аман-есен дүниеге келгенге дейін барлық процесті қадағалайды.
«Біз Алматыдағы ең үздік репродукция клиникаларымен ынтымақтасамыз және суррогат ана қызметтері күрделі немесе тыйым салынған елдердің қайсында ата-аналар мен суррогат аналар жоғары сапалы қызмет көрсететінін білеміз. Қазақстанда қауіпсіз және жайлы қоныстануға бар жағдай жасалған, сондай-ақ табиғаты өте әдемі, қонақжай адамдар және сіздің арманыңызды жүзеге асыруға көмектесетін заманауи медицина бар», — деп агенттік шетелдіктерге де құлаққағыс жасапты.
Суроггат ана іздеген клиенттердің бірі ретінде хабарласып, қызмет құнын сұрадық. Агенттік өкілінің айтуынша, дайын, сенімді құрсақ ананы тауып бергені үшін ұйымға 1 млн теңге төлейсіз. Ал жатырын ұсынатын әйелге 9 ай бойы 200 мың теңге жалақы, киім-кешек алуға 150 мың көлемінде бір реттік төлем және баланы дүниеге әкелген соң 6 млн теңге сыйақысын санап бересіз. Бұдан бөлек, ЭКҰ процедуралары мен дәрі-дәрмек шығынын да өз мойныңызға аласыз. Яғни, суррогат ананың құрсағын жалға алғыңыз келсе, қалтаңызда кемі 10 млн теңгеңіз болуы қажет.
Қазақстандағы танымал суррогат ана орталықтарының бірі – «Болашақтағы» келіншектердің де қызмет ақысын сұрадық.
«Тәжірибесі жоқ суррогат ананың ақысы тапсырыс беруші ҚР азаматтары болса, ең азы 5 миллион теңгеден басталады. Ал тәжірибесі бар суррогат ана қызметінің құны 7 миллион теңгеден басталады. Егер баланың биологиялық ата-анасы суррогат анаға жүктілік кезінде тұратын үй тауып бермейтін болса, суррогат ана ай сайын 300 мың теңге алып отырады. Дегенмен әдетте суррогат ананың көпшілігіне тұрғын үй беріледі, сондықтан ай сайынғы төленетін сома азаяды. Суррогат ана босанғаннан кейін денсаулығын қалпына келтіріп, емделуі үшін шамамен — 400-500 мың теңге өтемақы төленеді. Егер әйел баланы кесарь тілігі арқылы босанатын болса, ем алу үшін өтемақы сомасы 1 миллион теңгеден басталады. Суррогат анадан дүниеге егіздер келсе, өтемақы сомасы 1,5 миллион теңгеден жоғары болады», — дейді орталық өкілі.
СУРРОГАТТЫҚПЕН ТҰРМЫСЫН ТҮЗЕГЕНДЕР КӨП
Негізі 2008 жылы қарашада қаланған «Болашақ» суррогат ана орталығының бүгінгі күнге дейін жүздеген ерлі-зайыптының ата-ана болу арманын орындауға көмектескен. Орталық арқылы нәпақа тауып жүрген суррогат аналардың дені қарызынан құтылып, тұрмысын түзеп үлгеріпті. Жатырын жалға беріп тапқан табысына баспана алғандары да аз емес екен.
«Бірінші рет суррогат ана болдым. Бастапқыда қалай болар екен деп қорықтым, бірақ қорқатын ештеңе жоқ екен. Бұл менің ұрығым емес, тапсырыс берушілердің баласы. Мен тек туып берем. Баласы жоқ адамдарға қуаныш сыйлаймыз. Олар бізге ақшалай көмек береді. Қарызымнан құтылып алсам, екінші рет тағы суррогат ана боламын», — дейді қомақты сыйақыға ие болған келіншектердің бірі.
Қазақстанда суррогат ана қызметі заңдастырылғалы бері 20 мыңнан астам бала жат құрсақта дүниеге келіпті. Бірақ бұл қызмет дін өкілдері мен кейбір ғалымдардың арасында әлі де дау туғызып келеді. Ғалымдар балаға құрсақ анасынан генетикалық ақаулардың берілу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Сонымен бірге баланың психологиялық бейімделуі де мәселе ретінде қарастырылады. Егер ол өзін анасының емес, басқа әйелдің дүниеге әкелгенін білсе, бұл оны толғандыруы, психикасына кері әсер етуі мүмкін дейді мамандар.
КӨП ЕЛДЕ РҰҚСАТ ЖОҚ
Біздің елде суррогаттық – тапсырыс берушіге де, қызметін ұсынушыға да қолайлы жол. Ал әлемнің көп елінде оған заңмен шектеу қойылған. Мәселен, Франция, Германия, Австрия, Норвегия, Қытай, Швецияда бұл қызметке үзілді-кесілді тыйым салынған. Канада, Израиль, Ұлыбритания, Австралия, АҚШ-тың бірнеше штаттарында белгілі бір коммерциялық келісіммен суррогат ана атануға рұқсат жоқ.
Үндістанда бұл қызмет енді ғана қолданысқа еніп жатыр, алайда елдегі құрсақ аналар заңмен тыйым салынған мемлекеттердің азаматтарына қызмет көрсетпейді. Мұсылман елдерінде суррогат ана қызметі ислам дініне қайшы деп танылған. Сондықтан ресми түрде тек Иранда ғана рұқсат етілген.
Ал посткеңестік елдерде суррогат ана атану коммерциялық мүддені көздейді. Украинада, Ресейде бұл іс әлдеқашан жолға қойылған.
ЖАТ ҚҰРСАҚТА ӨСКЕН ЖҰЛДЫЗДЫ БАЛАЛАР
Құрсақ ана қызметіне сұраныстың артуына әлемге әйгілі өнер жұлдыздарының ықпалы бар. Мәселен, Майкл Джексонның ұлы ханзада Майклдің 2002 жылы суррогат анадан туғаны жасырын емес. Ресей эстрадасының примадоннасы Алла Пугачева мен күйеуі Максим Галкин де суррогат ананың көмегіне жүгініп, Гарри мен Елизавета атты егіз сәбидің ата-анасы атанды. Филипп Киркоровқа құрсақ ана екі бала туып берді. 2011 жылы Киркоровтың Алла-Виктория атты қызы және Мартин есімді ұлы өмірге келді.
Америкалық модель, желі жұлдызы Ким Кардашьян да төрт баласының екеуін суррогат ана өмірге әкелгенін жасырмайды. Сондай-ақ, әйгілі футболшы Криштиану Роналдудың үш баласын құрсақ ана туған.