Құрманың пайдасы, құрма туралы хадистер, құрамындағы дәрумендер
Оразада мұсылмандар ауызды құрмамен ашуды сүнет деп санайды. Ендеше құрма туралы толыққанды мағлұматты Sputnik дерекқорынан оқи отырыңыз
Құрма қайда өседі?
Құрма — пальмалар тұқымдасына жататын тропикалық жеміс. Тігінен 24 метр биіктікке дейін өсетін құрма пальмасы көбіне ыстық климатты аймақтарда өседі.
Құрма өсіру шаруашылығымен көбіне Сауд Арабиясы, Ирак, Алжир, Мысыр, Судан сынды мемлекеттер айналысады.
Аталық және аналық болып бөлінетін құрма ағашы ескі жапырақтарының түбімен бүртіктеліп, өріліп өседі.
Төбе жағындағы әдемі шашақты жапырақтарының ұзындығы 5 метрге дейін жетеді.
Құрма отырғызғаннан кейін 4-5 жылдан соң барып жеміс бере бастайды.
Салмағы 8 келіге дейін жететін бір шоғырына мыңнан аса жеміс бітеді. Әр ағашынан 40-80 келі жеміс алуға болады.
Шамамен 150 жылға дейін өмір сүреді.
Құрма қандай ауруларға ем?
Медицинада құрманы бір күнде ең көп дегенде бесеуін жеуге кеңес береді. Мәселен, Израильде жүргізілген зерттеуде құрма мен алма салыстырылған. Нәтижесінде алмаға қарағанда, құрмада витаминнің көптігі дәлелденген. Дәрігерлер, тіпті, тәтті әрі зиянды кәмпиттерді құрмамен алмастыруға кеңес береді.
Сонымен, құрма 21 түрлі жағдайда адам ағзасына ем:
- Құрамында калий мөлшері өте көп. Ол жүректің қалыпты жұмыс істеуіне пайдалы. Бұл өз кезегінде жүрек аурулары мен талмасының алдын алады.
- Бауырды токсиндерден тазалауға көмектеседі. Сондай-ақ, цирроздың пайда болу қатерін төмендетеді. Бауыр фиброзы белгілерін жеңілдетеді. Аш қарынға желінсе ішектегі, бауырдағы құрттарды өлтіреді.
- Құрма көз жанарының көру қабілетін жақсарта алады. Сәбіздегідей оның құрамында А дәруменінің мөлшері көп.
- Егер өзіңізді сергек әрі қуатты сезінгіңіз келсе, құрма жеп тұрыңыз. Бар болғаны 3 құрма жесеңіз бір күнге жетерлік энергия аласыз.
- Құрма — бұл асқазан функциясы бұзылған кезде ас қорытуға таптырмас өнім. Оны асқазан-ішек жолының аурулары, тіпті, асқазан жарасының профилактикасы үшін де пайдаланады.
- Араб әйелдері көп ғасырлар бойы құрманы ерінің күш-қуатын арттыру үшін қолданып келеді. Ол үшін жемісті ұнтақтап, ерлердің кофесіне қосады. Бұл өнімнің құрамында құмарлықты, жыныстық қабілетті арттыратын түрлі амин қышқылдары бар көрінеді.
- Шаш сынғыш болса, тері құрғаса, әжім ерте пайда болса құрма жеу қажет. Оны косметикалық маскалар құрамына қосуға болады. Себебі құрмада йодтың мөлшері де көп.
- Құрманы сүт араластырып, қалампыр қосып ішсе, өкпенің қабынуы сияқты тыныс жолдарына шипа.
- Құрманың құрамында танин көп болғандықтан дене жарақаттарын тез жазады.
- Адамды арықтатады, егер күрішпен бірге пісірсе семіртеді.
- Құрамында А, Е, Б дәрумендеріне де бай, алмадағы темірдің екі есесі құрмада табылады. Сол себепті қан аз болған кісіге көп жеуіне кеңес беріледі.
- Жаңа босанған ана үшін таптырмас жеміс, өйткені ана сүтін көбейтеді.
- Сондай-ақ ол обыр дертіне қарсы пайдалы, құрамында микробы жоқ жеміс.
- Құрма сүйектерін үгітіп кофе қып қайнатып ішсе, жүйке жүйесін тыныштандырып демалдырады.
- Сонымен қоса құрманы жатардан бұрын жесе, сал ауруына қарсы өте пайдалы.
- Жүктілік кезінде көптеген әйелдің біраз уақыт жүрегі айнып және де физиологиялық өзгерісте жүреді. Нәтижесінде ағзада калий жетіспеушілігі басталады. Сондықтан жүкті әйел құрамында осы элементі бар тамақтар жеуі тиіс.
- Калий құрмада көп мөлшерде бар деуге болады, ол болашақ ананың ағзасындағы судың тепе- теңдігін сақтауға көмектеседі. Калий ағзаға, миға қажетті оттегіні алуға көмектеседі және де ойдың сергектігін қамтамасыз етеді. Мұнымен қоса, ағзаға қажетті суды және де бүйректегі қалдықтар мен зәрдің шығуын реттейді.
- Ағзадағы жеткілікті калий жоғары қан қысымын болдырмай, дененің терісіне жақсы әсер береді.
- Құрмадағы тағы бір минерал — темір. Ол қанның қызыл жасушаларындағы эритроциттер түзуші гемоглобиннің жұмысын реттейді. Қаназдықтың алдын алады және де баланың дұрыс жетілуіне көмек береді. Эритроциттер оттегі мен көмірқышқылды алмастыруда маңызды рөл атқарады. Құрма темірге бай, сондықтан да күніне 15 құрмадан артық жеген адам ағзаға қажетті темірді алған болады.
- Құрмада кездесетін кальций және фосфат қаңқа мен тіреуіш әрі қозғағыш аппараттарының дұрыс қалыптасуын қамтамасыз етеді. Бұл жемісті үзбей жеу — ағзаны сынғыш сүйек пен остеопороздан сақтайды.
- Құрманы әсіресе экологиясы нашар аудандарда тұратын адамдарға жеуге кеңес беріледі.
Құранда құрма туралы не делінген?
Айша анамыздың айтуынша, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оразасын жас құрмамен, жас құрма болмаса, кепкен құрмамен, ол болмаса сумен ашатын. Сол себепті құрмамен ауыз ашуды сүннет деп білген мұсылмандар қасиетті Рамазан айында дастарқанға құрма қоюды игі дәстүрге айналдырған. Тіпті құрманы ауызашардың сәні деп те айтуға болғандай. Құрамындағы қант мөлшерінің көптігі ораза ұстаған адамның күні бойғы денесінің әлсірегенін кетіретіндігін айтқан мамандар құрманы жай уақытта да жиі жеп жүруге кеңес беруде.
Құрма – қасиетті Құранда аталған жемістердің бірі. Хазірет Мәриям Исаға (а.с.) толғатып қатты қиналғанда, Аллаһ тағала мейірім білдіріп, оған құрма жеуді әмір еткен. Бұл жайлы «Мәриям» сүресінде:
«Сөйтіп тұрғанда толғақ қысып, құрма ағашына барып сүйенуге итермеледі. «Қап, бұрын өліп, ұмытылып кеткенімде болар еді» деді күйзеліп. Сол сәт (періште) төменнен былай деп дауыстады: «Жабырқама, Раббың асты жағыңнан бір арық жасады. Құрма бұтағын өзіңе қарай сілкіле, үстіңе жас құрмалар түссін. Содан іш, же. Көз айым бол!» делінген (23-26 аяттар).
Тағы бір аятта құрманың өсуінде құдіреттің белгілерін көруге болатындығы баяндалған:
«Көктен су түсірген де – Аллаһ. Кейіннен сол арқылы әр түрлі өсімдіктер шығардық. Ол өсімдіктен бір жас бұтақ, одан өсіп, бір-бірінің үстіне мінгескен дәндер, масақтар өндіреміз. Құрма ағашынан жеміс толы салбырап тұрған бұтақтар, бұған қоса жүзім, зәйтін, анар бақшаларын өсіреміз. Бұлардың кейбіреуі бір-біріне ұқсайды, кейбірі ұқсамайды. Алғаш жеміс салғанда және толық піскен кезінде әрқайсысының жемісіне қараңдар. Күмәнсіз, сенетін көпшілік үшін мұнда көптеген дәрістер бар» (Әнғам сүресі, 99).
sputniknews.kz