«Құрманғазы күйлерінсіз тыңдарманның құлақ құрышы қанбайды»

0

Оркестр – үлкен ұжым. Ал дирижер – оның тізгінін ұстап, басқаратын маман. Француз тілінен аударғанда бұл сөз “басқару”, “бағыттау” дегенді білдіреді. Қолына шығарманың нотасы тигеннен оны тыңдаушыға жеткізгенше дирижер оркестрмен жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде көп тер төгіледі.

Бекболат Әбдіберікұлы – жас болса да, қолына дирижердың таяғын ерте ұстағандардың бірі. Ол – Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясы “Опера-симфониялық дирижерлау” мамандығының магистранты. Бекболат Baribar.kz-ке бұл кәсіптің қызығы мен біз білмейтін тұстары жөнінде әңгімелеп берді. 

Бекболат Әбдіберікұлы
Бекболат Әбдіберікұлы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Бекболат, оркестр орындайтын шығарманың жанын кіргізетін дирижер екені айтпаса да түсінікті. Бірақ көбі “музыканттың алдында нота тұр ғой, оркестрге дирижердың керегі қанша” деп түсінбей жатады. Кәсіби дирижер ретінде бұл мамандықтың маңызы жөнінде өзіңіз айтып беріңізші.

Оркестрде 75-тен аса музыкант болады. Олардың ойлау жүйесі әртүрлі, жүрек соғысы да басқа. Әр музыкант нотаны әрқалай түсінеді, өздігінше орындайды. Дирижер – олардың штрихтарын, жүрек қағысын біріктіретін маман. Оның атқаратын жұмысы көп. Ең басты міндеті – композитордың ойын халыққа жеткізу. Кейде композитордың ойын тыңдаушыға жеткізу үшін шығармаға бірдеңе жетпей жатады. Сондай кезде дирижер сол кемшілікті дереу көріп, өзгеріс енгізуге дайын болуы қажет.

Оркестр
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

“Нашар оркестр болмайды, нашар дирижер бар” деген сөз бар ғой. Оркестр жақсы болуы үшін дирижер қандай болуы керек деп ойлайсыз? Оның бойынан қандай қасиеттер табылуы қажет? 

Дирижерға ең керек нәрсе – білім. Ол табиғатынан талантты болуы керек. Әр музыкантпен жеке және топтық дайындықтар жүргізгенде тіл табыса білу маңызды. Басқара алатын, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары болуы қажет.

Оркестр
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Кез келген музыкант дирижер болып кете ала ма?

Халық арасында “Оркестрде домбырада немесе қобызда нашар ойнайтындардың қолына екі таяқ ұстатып, барабаншы қылады. Егер барабанды да жетістіріп ойнай алмаса, бір таяғын алып, дирижер етеді” деген де әзіл сөз бар. Бұл дирижер мамандығының қыр-сырын жете білмейтіндердің пікірі деп ойлаймын.

Консерваторияға түскен әр музыкант дирижерлық курсты оқиды. Бұл – барлығына ортақ сабақ. Өйткені музыкант болашақта оркестрде өнер көрсеткенде дирижердың нені көрсетіп, не айтпақ болғанын түсінуі керек. Дирижердың әр қимылының өзіндік мағынасы бар. Ол музыкалық шығарманың екпініне, динамикалық ырғағына бет құбылысы, қас-қабақ, көзқарас пен ым, қол қимылы арқылы жетекшілік етеді. Әр дирижердың интерпретациясы әртүрлі, яғни шығарманы музыкантқа түсіндіруі, халыққа жеткізуі әрқалай. Сондықтан кез келген музыкант дирижерлықты алып кете алмайды.

Бекболат Әбдіберікұлы
Бекболат Әбдіберікұлы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Шетелге гастрольдік сапармен шығып жүрсіздер, онда қазақ музыканттарынан кімдердің есімі жиі аталады? Қазақстанды шетелдіктер қандай дирижерлар арқылы таниды?

Қазақтың кәсіби музыкасының іргетасын қалап, Құрманғазы атындағы ұлт аспаптары оркестрін құрған академик Ахмет Жұбанов – қазақ музыкасындағы үлкен құбылыс. Оған қоса шетелдіктер бізді Шамғон Қажығалиев пен Нұрғиса Тілендиев арқылы жақсы таниды. Ал қазіргі дирижерларға келсек, Алан Бөрібаевтың абыройы асқақ. Аланды бүкіл әлем жұрты таниды, құрметтейді. Абзал Мұхитдинов, Руслан Баймурзин, Қанат Омаров, Арман Жүдебаев, Дінзухра Тілендиева, Ерболат Ахмедияровтарды да ел жақсы біледі.

Оркестр
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Оркестрдің репертуарын кім таңдайды?

Оркестрдің репертуарын таңдау – дирижердың жұмысы. Бізге концерттің қандай форматта болатынын алдын ала айтады. Соған байланысты оркестр дайындық жүргізеді.

Құрманғазының “Адай”, “Сарыарқа”, “Серпер” күйлері мен Түркештің “Көңілашары” барлық концертте орындалады. Бұл күйлер орындалмаса, тыңдаушының құлақ құрышы қанбайды. Біздің оркестрдің төлқұжатына айналды деуге болады.

Оркестр
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Ұлт аспаптары оркестрін дирижерлаудың өзге оркестрлерді басқарудан айырмашылығы неде деп ойлайсыз?

Дәулеткерей мен Құрманғазының күйлері – тұнып тұрған философия. Симфониялық оркестрдің концерті екі-үш сағатқа созылады. Ал ұлт аспаптары оркестрі үш сағаттың әсерін үш минутта-ақ бере алады. Концерттерімізге шетелден келген қонақтар жиі келіп жатады. Олар түгілі, әр концерт сайын өзіміздің халық тік тұрып, қошемет көрсетіп жатады.

Ұлт аспаптары оркестрі дирижерының іс-қимылы да симфония оркестрінен өзгеше. Өзіндік техникасы бар. Ұқсас тұстары бар, бірақ айырмашылығы да көп. Симфонияда бір өлшеммен басталса, сол ырғақпен аяқталады. Біздің шығармаларымыз көбіне адуынды, ырғақты келеді. Әсіресе, күйлерде такт жиі ауысады. Шетелден келген қонақтың таңғалып жататыны содан.

Бекболат Әбдіберікұлы
Бекболат Әбдіберікұлы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Қандай оқу орындарында білім алдыңыз?

Алматы облысы қазіргі Кеген ауданында тудым. Музыкалық мектепті Қапшағайдан бітіріп, 9-сыныптан кейін Алматыдағы П.И.Чайковский атындағы музыкалық колледжге оқуға түстім. Ұстазым Саят Ақбасовтың домбыра сыныбында төрт жыл білім алдым. Домбырадан басқа қобыз бен фортепианода ойнаймын. Аяғынан тік тұрған кез келген дирижердың арманы – Құрманғазы ұлт аспаптары оркестрінің тізгінін ұстау. Күйлерімізді симфониялық оркестрге қосып, әлемдік сахналарда дәріптегім келеді.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!

Дереккөз: Baribar.kz