Құрбан айт намазына келген шетелдіктер өз әсерімен бөлісті
Бүгін барша мұсылманның ұлық мейрамы Құрбан айттың бірінші күні басталды
НҰР-СҰЛТАН, 11 тамыз – Sputnik. Елордада Құрбан айт мерекесіне арналған ойын-сауық шаралары басталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Астаналықтар таң атпай алдымен айт намазына асықты. Көшемен ағылған халықтың қарасы көп болды. Ал мешіттерде ине шаншар жер болмады. Адамдар көліктерін жолда тастап, мешітке тезірек жетуге тырысты. Намазға келгендердің ішінде шетелдіктер де көп болды. Мәселен, «Әбу-Даби Плаза» құрылысында жұмыс істеп жатқан мұсылман үндістердің көбісі Нұр-Астана мешітіне келді. Барлығы ақ киімдерін киіп, сапқа тұрды.
Арман Асқар
Елорда мешіттерінде ине шаншар жер болмады
«Мен бұл жерде өзімді өте жайлы сезінемін. Біз әріптестерімізбен бірге жұма сайын осы мешітке келіп тұрамыз. Намаз оқып, Құран бағыштаймыз. Ал бүгін – ерекше күн, Құрбан айт мерекесі. Қазақстан тамаша мемлекет, адамдары да өте жақсы. Осында өзімді бақытты сезінемін», — деді Мұхамед Изхад Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында.
Айт намазынан кейін Нұр-Астана мешітінің алдында жаппай ойын-сауық шаралары басталды. Бір жерде кір тасын көтеруден жарыс ұйымдастырылса, енді бір жерде арқан тартыс пен қол күрес бәсекелері басталды.
Арман Асқар
Айт намазынан кейін мешіттің алдында жаппай ойын-сауық шаралары басталды
«Құрбан айт деген тамаша мейрам ғой. Мінеки, бүгін бәріміз намаз оқып шықтық, осында келген әрбір адамның тілегі болады. Бір сапта тұрғанда ерекше бір сезімге бөленесің. Оны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Мәселен, біздің отбасымыз осы күнді асыға күтеді, алдын ала дайындалады. Сосын балаларымызға, немерелерімізге осы дәстүрді жалғастыруға үйретеміз. Бүгін құрбандық шаламыз, туған-туыстарымызбен кездесеміз», — дейді елорда тұрғыны Дүйсетай Шәріпов.
sputniknews.kz