Құран Кәрімді 5 млн теңгеден саудалап жатыр

0
259

Алланың сөзін сатып, ақша тапқандар. Елімізде Қасиетті Құран Кәрімді саудалап, пайда табатындар көбейген. Ең қымбат Құранның бағасы 5 млн теңгеге дейін жетеді. Оны сатушылардың уәжінше, «құнды жәдігер» болғандықтан немесе «200 жыл бұрын жазылғандықтан» бағасы осындай қымбатқа түседе екен. Бір қызығы, әлеуметтік желіге осындай хабарландыру бергендер өздерінің материалдық жағдайын түзеп алуды көздейтін көрінеді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Еліміздегі ең қымбат Құран Кәрімнің бірі саудаға қойылды. Сатушы 5 млн теңгеге бағалап отыр. 18 ғасырдан бері бір парағы да бүлінбей, осы күнге дейін жеткен көрінеді. Дәл осы тектес, әлеуметтік желіде хабарландырулардан көз сүрінеді. Бірақ, оның түпнұсқасына мән беріп жатқан ешкім жоқ. Ал, қасиетті кітапты сатып пайдаға кенелгісі келгендер, осы арқылы несиелерін жабуға ниетті.

– Неге қымбат дейсіз бе? Мен ғаламторды ақтарып көрдім, кітап бағаларының барлығы қымбат.
– Қандай ерекшелігі бар?
– Діни кітап өте ескі, құнды жәдігер. Сол үшін де бағасы қымбат.
– Ал сатылымнан түскен ақшаны қалай жұмсайсыз?
– Ипотекамды жабамын.

2018 жылы еліміздегі ең қымбат Құран кітап 15 млн теңгеге саудаланыпты. Бүгінде
бағасы алдыңғы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай арзандаған. Мәселен, 200 жылдан бері сақталып келе жатқан кітаптар 2,5 млн теңгеге бағаланып отыр. Ал, хабарландыру бергендер өтетініне сенімді. Кұран сатуды кәсіпке айналдырғандар айтқан бағаға алатын клиенттерді жылдар бойы күтуге дайын.

– Кітапты қаншаға бағалап тұрсыз?
-2,5 млн теңге.
– Неге соншалықты қымбат?
– Білесіз бе, діни кітап өте ескі, 18-ші ғасырда жазылған. Сирек кездесетін су белгілері бар. Бәрі сақталған. Құнды жәдігерді табу өте қиын.
– Ал, сатылымнан түскен ақшаны қайда жұмсайсыз?
-Өте қызық сұрақ екен. Керекті заттарға жаратамын.

Ал, қасиметі Құранды саудалаған қаншалықты орынды? Жаратушының сөзін сатып, пайдаға кенелгендердің әрекетінің дұрыс-бұрыстығын білмек болып, тұрғындардың ойын сұрап көрдік. Сауалнамаға қатысқандардың пікірі екіге жарылды. Бірі Құран мұражайларда сақталуы тиіс десе, екіншісі көздің қарашығындай үйде ұстаймыз, – дейді.

«Ешқандай сату деген болмайды. Менде 19-ғасырдан келе жатқан ата-бабамыздың Құраны. Сондықтан, сол құранды өзіммен бірге алып жүрмін».
«Мне кажется такие книги должны в музее хранится».
«Сатуға болмайды оны. Тастауға да болмайды. Ол өте қымбат дүние ғой».
«Типографиялар өзінің ақшасын сала отырып, кітаптарды басып шығарады. Оларға да ақша керек қой. Сондықтан, мүмкін сататын шығар».

Жалпы, асыл дінімізде қасиетті Құранды саудалау бойынша қатаң тыйымдар жоқ екен. Сондықтан, Құранды басып шығарған кәсіпкер, әдебиетті шығындарды өндіріп алу үшін сатып, ақша табуға құқылы. Бірақ, құнығып, оны табыс көзіне айналдырмау керек. Сондай-ақ, дін өкілдері ысырапшылыққа да салынуға болмайтынын ескертеді.

ХАСАН АМАНҚҰЛОВ, ҚМДБ ШАРИҒАТ ЖӘНЕ ПӘТУА БӨЛІМІ МЕҢГЕРУШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
«Ал, енді мынау кітап бұл шығарушының қандай мақсатта шығарғандығына байланысты. Егер, ол кітапты қаражат жұмсап, ол қағазын сатып алады. Оның сиясы бар, баспаханаға төлейді. Ақшасын белгілеп, Құран кітап, осы кітап осынша ақшаға енді ол кітап халіне келді. Сол бағада саудаға қойса болады. Мысалы дүкендерде».

Еліміздегі сатылымға қойылған Құран кітаптарының бағасы әлемдегі Құрандармен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Мәселен, ең қымбаты 2015 жылы АҚШ-та біздің ақшаға шаққанда 1 млрд теңгеге саудаланды. Ол 1203 жылы басылыпты. Осы уақытқа дейін бүлінбей сақталып келген.