Құқық қорғаушылар Долинкадағы АК-159/6 колониясына әскер кіргенін айтады

0

Сотталғандар құқығын қорғау коалициясының дерегінше, «Қарағанды облысы Долинка ауылындағы қатаң режимдегі АК-159/6 түрмесіне әскер кіргізілген. Коалиция 19 сәуірде Facebook парағында видео жариялады.

Видеода автобустар мен жүк көліктерінен қолдарына қалқан ұстап, арнайы каска киген ондаған сарбаз түсіп жатқаны көрінеді. Олардың жанында жедел жәрдем көлігі тұрғаны да байқалды.

Бірақ ішкі істер министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі комитеті бұл ақпаратты жоққа шығарды. Комитет видеодағы сарбаздар «арнайы әскери жаттығу мақсатында жиналғанын, АК-159/6 колониясында жағдай қалыпты» екенін айтты.

Комитеттің бұл жауабына сотталғандар құқығын қорғау коалициясы күмәнмен қарайды. Құқық қорғаушылардың сөзінше, 19 сәуірде ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің селекторлық отырысында АК-159/6 колониясында «қамаудағылар денелеріне жарақат салғаны» туралы ақпарат айтылған.

Осы түрмеде қамауда отырған бір адамның адвокаты Жанна Александрова Азаттыққа 19 сәуір күні қорғауындағы азаматпен кездесуге келгенін, бірақ түрме әкімшілігі оны ішке кіргізбегенін айтты.

Заңгердің сөзінше, колонияның маңында қолына қару ұстаған, арнайы жасақ киіміндегі адам көп. Бірақ ол түрме жанында журналист немесе құқық қорғаушы ешкімді байқамағанын, өзінің ұялы телефонына қысқа видео жазып алғанын айтты.

Сотталғандар құқығын қорғау коалициясының мәлімдеуінше, ішкі әскердің мұндай профилактикалық шаралары құқық қорғаушылардың бақылауымен өтуі тиіс.

Azattyq