Құқық қорғаушы Семенова Арон Атабекпен кездескенін хабарлады

0

Павлодарлық құқық қорғаушы Елена Семенова бүгін, 29 шілдеде өзінің Facebook-тегі парақшасында ақын, диссидент Арон Атабекпен кездескенін жазды. Кездесу 26 шілдеде Павлодардың тергеу изоляторында өткен. Семенова үш күннен бері бұл ақпаратты жарияламауының себебін «мекеме қызметкерінен Атабакпен бірге түскен суретті күткенімен» түсіндіреді.

Құқық қорғаушы өзінің Facebook парақшасында «Арон Атабек қазір жағдайы едәуір жақсарғанын айтты. Оны жабылатын жеке дәретханасы бар жаңа камераға ауыстырған, тамағы жақсарған, «курортқа» түскендей» деп жазады.

Арон Атабаек өзін қолдаушыларға, өзінің қарындасына алғыс айтқан. Семенованың жазуынша, Атабек өзін қолдап әдеби акция өткізіп, артынша полиция ұстаған қызы Айдана Айдарханды алаңдағанын, қызының қолдауына риза екенін жеткізген.

Атабектің қызы Айдана Айдарханды 14 шілдеде Алматыдағы Абай ескертішінің алдында әдеби акция өткізіп тұрғанда полиция алып кеткен. Ол әкесінің түрмеде жазған өлеңдерін оқыған. Әкесінің суреті бар, #freearonatabek #shanyraqbostandyq деген жазуы бар плакат ұстаған ол акция кезінде осы іс бойынша сотталғандардың барлығын ақтап, босатуды талап еткен.

Атабекпен кездесу Семенованың жетекшілік ететін ұйымының «Біз зорлыққа қарсымыз» акциясы аясында өткен. Кездесу кезінде Атабекке гуманитарлық көмек, оның ішінде киім-кешек табыс етілген.

Биыл 14 шілдеде «Шаңырақ оқиғасына» 13 жыл толды. 2006 жылы дәл осы күні Алматының шетіндегі «Шаңырақ» ықшам ауданында «жер телімдерін заңсыз иеленіп үй салды» деп айыпталған тұрғындар мен олардың үйлерін қиратуға келген полиция арасында қақтығыс болған. Жаппай қақтығыс кезінде 24 жастағы полицей Әсет Бейсеновтің үстіне белгісіз біреулер бензин құйып өртеп жіберген. Денесінің 70 пайызы күйіп кеткен ол 12 күннен кейін Алматыдағы №12 ауруханада көз жұмған.

«Шаңырақ оқиғасы» бойынша қылмыстық іс қозғалып, сот 2007 жылдың күзінде төрт адам – Арон Едігеевті (Атабек — әдеби бүркеншік есімі) 18 жылға, Құрманғазы Өтегеновті 16 жылға, Ерғанат Тараншиевті 15 жылға және Рүстем Тұяқовты 14 жылға соттаған.

Бұған дейін Ерғанат Тараншиев пен Рүстем Тұяқов шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан.

2010 жылы Арон Атабекке «Тұтқындағы шығармашылық иесі» (Imprisoned аrtist) номинациясы бойынша Freedom to Create халықаралық сыйлығы берілген. Еуропарламент 2019 жылы наурыздың 14-і күні Қазақстан туралы қабылдаған қарарында «қазір қамауда отырған барлық белсенділер мен саяси тұтқындарды», соның ішінде Арон Атабекті дереу босатуға шақырған.

Арон Атабек Павлодардағы АП-162/1 мекемесінде қамауда отыр.



Azattyq