Құқық қорғаушы Арон Атабекке хаттар жетпей жатқанын айтады

0

Дүйсенбі, 25 ақпанда Павлодар түрмесінде 18 жылға сотталған диссидент ақын Арон Едігеевпен (әдеби бүркеншік аты- Арон Атабек) кездескен құқық қорғаушы Елена Семёнова оған қатысты кезекті «ақпараттық шектеу» туралы айтады.

Оның сөзінше, Атабекпен хат алмасу қиындаған.

«Ол хат алмайды, ал өзінің жазғаны өзгелерге жіберілмейді және кері қайтарылмайды да», — деп жазады Семёнова өзінің Facebook парақшасында.

Құқық қорғаушының Азатыққа айтуынша, Арон Атабек өзіне былтыр қарашада арнайы хатпен қолжазбаларын жіберген екен, алайда ол жазбалар өзіне жетпеген және Атабекке де кері қайтарылмаған. Семёнова, Атабек жазасын әлі «қатаң жағдайда өтеп жатқанын» ара-тұра ескерту алып отырғанын да айтты. Құқық қорғаушының сөзінше, қазіргі қамауда ұстау режіміне сәйкес оған «жылына екі рет қысқа мерзімді кездесулерге рұқсат етілеген», оның бірін Семёнова осы күні пайдаланған.

Facebook-тегі жазбасында құқық қорғаушы киім-кешекке қатысты мәселе сол күйі шешілмегенін айтады.

«Жаңа киім сатып алуға мүмкіндігі жоқ, өйткені ол айына тек екі АЕК (АЕК – 2525 теңге – Ред.) көлемінде ақша жұмсай алады, оның өзін ол азық-түлікке жұмсайды, ал сәлемдемелерді алуға болмайды», — дейді Семёнова.

Бұған дейін былтыр жазда Атабекпен кездескен Семёнова, содан бері ол отырған камерада жөндеу жұмыстары жасалып, Атабекке бейнемагнитафон мен 2012 жылы Атабектің 60 жылдығына орай түсірілген бір ғана диск бергенін айтты.

Ішкі істер министрлігіне қарасты қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі Азатыққа, Елена Семёнованың жазбасымен таныс екендерін және айтылған жайттарға қатысты тексеру басталғанын айтты. Өзге де ақпараттарға қатысты ресми сауал жолдау қажеттігін жеткізді.

Арон Атабек Алматыға жаңадан қосылған шағын аудан тұрғындары мен полиция қақтығысып қалған 2006 жылғы «Шаңырақ оқиғасы» кезінде бір полицей қаза тапқан жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін 18 жылға сотталған. Ол жазасын Павлодардағы түрмеде жалғыз кісілік камерада өтеп жатыр. Биыл жазда Арон Атабек жазасының үштен екісін өтеген соң мерзімінен бұрын шартты түрде босап шығу туралы өтініш білдіру құқығын иеленген. Алайда ол бұрын өзімен жолыққан жергілікті құқық қорғаушыларға биліктен мерзімінен бұрын шартты түрде босатуды немесе рақымшылық жасауды сұрамайтынын, себебі өзін кінәлі деп санамайтынын мәлімдеген.

Қазақстандағы құқық қорғаушылар қауымдастығы оны «саяси тұтқын» деп таныған. 2007 жылы қазанның 5-і күні Алматы қалалық сотының үкімімен диссидент ақын Арон Едігеев (Атабек – әдеби бүркеншік аты) – 18 жылға, Құрманғазы Өтегенов – 16 жылға, Ерғанат Тараншиев – 15 жылға және Рүстем Тұяқов – 14 жылға түрмеге қамалған. Биыл Рүстем Тұяқов пен Ерғанат Тараншиев бостандыққа шыққан.

Жақтастары Арон Атабектің оппозициялық саяси-азаматтық ұстанымы мен поэзиясын жоғары бағалайды. Түрмеде де жазуын тоқтатпаған оған 2010 жылы «Тұтқындағы шығармашыл жан» номинациясы бойынша «Жазу еркіндігі» халықаралық сыйлығы берілген. Сыйлықты тапсыру рәсіміне түрмеде жатқан ақынның туыстары қатысқан.

Азаттық