"Жедел жәрдем мен балаларға оқ атқан": Куәгер Қордайдағы оқиға жайлы айтты
Жамбыл облысының әкімдігі Масанчиде адамның өртеніп кеткен денесін табылғанын растады. Мәйіт сауда орталығының құлаған шатырының астында жатыпты. Қазір оның кім екендігін анықтау үшін сот сараптамасы тағайындалған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.
Жергілікті тұрғындардың болған жайтқа қатысты үрейі әлі басылмапты. Куәгерлердің сөздерінше, қаскөйлер балалар мен жедел жәрдем көлігіне де оқ жаудырған.
«Менің құрбымның баласының денесінен аңшы мылтығының оғы тиген. Дәрігерлер баланың денесінен тек біреуін ғана шығарыпты. Ал екіншісі сол күйінде қалып қойған. Ақ халаттылар құрбым мен оның баласын ешнәрсе етпейді деп үйлеріне қайтарып жіберген. Оған қоса тағы бір оқушыға оқ тиіпті. Бала ғой маған оқ атады деп ойламаса керек. Бірақ оны да аямапты. Бұзақылар тіпті жеткіншектер алып кетіп бара жатқан жедел жәрдем көлігіне оқ атыпты. Бірақ оны ешкім әдейі айтпай отыр», — деді Ауқатты ауылының тұрғыны Әтіргүл Жұматаева.
Бұл жағдайды құқық қорғау органдары бақылауға алуы керек дейді тұрғын. Бұған қоса Қырғызстанның шекара қызметі оқиға күні ел асып кеткен тұрғындарды нақты санын айтты. Сол уақытта Қазақстаннан Қырғызстанға 24 мың адам өтіп кетіпті. Олардың 21 мыңы қайтып елге оралған.
stan.kz