Құлыбаевтың «құрылысы аяқталмаған» зәулім үйі

0
1088

Ұлыбританияның The Sun таблоиды экс-президент Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаев Ұлыбритания ханзадасы Эндрюдан осыдан 15 жыл бұрын сатып алған Саннингхилл парк вилласы әлі де бос тұрғанына назар аударады.

Йорк герцогы Эндрю ханзаданың бес жыл бойы өтпей тұрған Беркшир аймағындағы Саннингхилл парк вилласын Құлыбаев 2007 жылы сұраған бағадан 3 миллион фунтқа қымбатқа сатып алған. Вилла сатылғаннан кейін сегіз жыл бойы қаңырап бос тұрды, тек 2015 жылы оны сүріп, орнына жаңа зәулім үй сала бастаған. Алайда құрылыс жұмыстары әлі бітпегенге ұқсайды.

The Sun таблоиды «соңғы жеті жылда құрылыс жұмыстары жүріп жатқанына қарамастан, үйдің құрылысы аяқталуға таяу емес. Өйткені жұмысшылар әлі болат арқалықтарын тұрғызып жүр» деп жазады.

Басылымның жазуынша, құрылыс алаңы уақытша ағаш қоршаумен қоршалған, кіреберістен ары қиыршық тас салынған қаптар мен тіреуіштер жатыр. Бұл көрініс құрылыс жоспарындағы сәнді сарайдан алыс.

Саннингхилл-парк, Бакхерст-роуд, Аскот, Беркшир аймағы, Англия.
Саннингхилл-парк, Бакхерст-роуд, Аскот, Беркшир аймағы, Англия.

Былтыр бірқатар британ басылымы зәулім үйдің құрылысы аяқталды деген ақпарат таратқан, бірақ таблоид үй тұрған аумаққа барып, оның құрылысы аяқталмағынына көз жеткіздік деп жазады.

«Онда кім тұратынын білмеймін. Үй жақын уақытта сатылған жоқ. Біз екі жарым жылдан бері осында тұрып жатырмыз, осы уақыт бойы құрылыс жүріп жатты», − дейді Саннингхилл паркке көршілес үйдің тұрғыны таблоидқа берген сұхбатында.

Sun сүрілген вилланың орнында әрқайсысында ванна бар алты жатын бөлме, спортзал, сауна және ойын залы бар үй тұрғызуға рұқсат етілгенін еске салады.

«Төбеден түсірілген суреттерден берік конструкция көрінгенімен, оның сұлбасы жоспарда көрсетілген керемет зәулім үйден алыс».

Құлыбаевтың 2007 жылы Саннингхилл парк вилласын сұраған бағадан 3 миллион фунтқа жоғары бағаға сатып алуы Ұлыбританияда дау тудырды. Британия қоғамы транзакцияның астарында парақорлық бар деген күдікпен тергеу жүргізуге шақырды. Бірақ ханзада мен Құлыбаевтың өкілдері бұл келісімшарттың таза коммерциялық және заңды жолмен жасалғанын айтқан.