«Құлыбаев пен Назарбаеваның жекеменшігі»: Мұхтар Тайжан мәжіліс кандидаттарына Халық банкі арқылы қызмет көрсетілуіне қарсы шықты

0
Қазақстандық қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан мәжіліс пен мәслихат депутаттығына кандидаттардың есепшотын Халық банкі арқылы жүргізілуіне қарсы шықты, деп хабарлайды Kznews.kz ақпарат агенттігі. 

Бұл жөнінде Тайжан Facebook парақшасында жазды.

«Мен Қазақстан Республикасы мәжілісінің депутаттығына кандидат ретінде ОСК-ның 2014 жылғы қаулысының күшін жоюды талап етемін, оған сәйкес Халық банкіне Республика бойынша мәжіліс пен мәслихат депутаттығына кандидаттардың есепшотын жүргізу үшін айрықша өкілеттік берілген», — деп жазады ол.

Жақында тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың елбасы мәртебесінің жойылғанын атап өткен ол, Тимур Құлыбаев пен Динара Назарбаеваның жекеменшік банкінің ешқандай артықшылыққа ие болмауы қажет екенін баса айтқан.

«Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына кандидаттардың барлығы еліміздің барлық азаматтары секілді шоттарын ашу үшін банктерді таңдауға құқылы болуы керек», — дейді Мұхтар Тайжан.

Айта кетейік, жоғарыда аталған заңға сәйкес, «Қазақстан Халық Жинақ Банкі» акционерлік қоғамы президенттікке, парламент, мәслихат депутаттығына, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтер әкімдеріне тіркелген кандидаттардың сайлау қорларының арнайы уақытша шоттарын ашатын және жүргізетін банк мекемесі болып белгіленген.

Еске салайық, бұған дейін Мұхтар Тайжан мәжіліс депутаттығына үміткер ретінде куәлік алғанын айтқан.