«Құлшылықты камера алдында жасайды»: Қажылық сапарын желіге жүктейтін шоу-бизнес жұлдыздарының әрекеті көпшілікке жақпай қалды
![](https://kznews.kz/wp-content/uploads/2025/02/IMG_5412-905x613.png)
Бүгінде қажылық сапар екінің біріне қолжетімді. Соңғы кезде қасиетті мекенге мобилографын ертіп барып, эмоциялық фото-видеосын жүктейтін шоу-бизнес жұлдыздарының іс-әрекетін көпшілік жиі сынайды. Желі қолданушылары “Әншілер өздерін көрсету үшін барады”, “Қажылыққа бару бизнеске айналды”, “Сауап емес, сурет жинап жүр” деп сөкті. Осы мәселе бойынша Stan.kz тілшісі есімі елге белгілі азаматтардың пікірін сұрап көрді.
Айта кетсек, жақында “Өнер қырандары” театрының директоры Мадияр Серікбаевтың Қағбаны жылап жүріп айналып, құлшылық жасаған видеосы тарады. Мұны көрген шығыстанушы, ағартушы Санжар Керімбай қатаң түрде сынап, “Құлшылықты камера алдында жасамайды” деп ескерткен еді.
“Виктор Франкл үш интимдік дүниенің жасырын болу керегін айтты: Ең біріншісі, Құдаймен қарым-қатынасыңды көпшілікке жарияламау. Намаз оқитыныңды, құлшылығыңды көрсетпеу. Екіншісі, әйеліңмен қарым-қатынас. Екі адамның арасындағы ғашықтық сезім құпия болып қалуы керек. Үшіншісі, өлім туралы ойыңды жұртқа айтпау. Бұл дүние қоғам назарын салмақты мәселелерден алшақтатады. Халықтың деңгейі өсек пен төсек айналасында қалады. Бүгінде құлшылығын камера алдында жасайтындар көбейген. Адам құлшылыққа отырған кезде ынта-шынтасы Құдайға ғана бағытталуы керек. Егер сондай кезде бір камера алдыңа келіп, түсіріп бастаса, адам сол сәтте-ақ шынайылығын жоғалтады. Егер парызды орындаған кезде шынайылық болмаса, құлшылық есептелмейді. Жасандылықтың кесірінен Құдайдың мойныңа жүктеп тұрған міндетін күл-талқан етесіз. Егер камераны қосып, фото-видео салсаңыз, кино түсіргенмен бірдей боласыз. Қажылық емес, көркем фильм түсіріп қайтасыз”, – деді шығыстанушы.
Сондай-ақ Санжар Керімбай қажылыққа бару, бесінші парызды өтеу әркімнің жеке қалауы екенін айтты. Дегенмен, бір жылда бірнеше рет баруды қолдамайтынын жасырмады.
“Одан кейінгі мәселе, қажылыққа жаппай адамдардың ағылуы. Бірақ біз ешкімнің жолына кесе-көлденең тұра алмаймыз. Бұл тенденцияның түп-тамыры Назарбаев дәуірімен тікелей байланысты. 30 жыл билік еткен тұста үкімет қазақтарға дені сау өмір сүретін идеология ұсына алмады. Жалғыз идеологиясы – жемқорлық. Халық қарызға батып, мәнсіз-мағынасыз өмір сүріп кетті. Шыбын жаның қиналғанда бір жерден үміт, тірек іздейсің. Жалғыз кепіл болатын дүние – дін. Тығырыққа тірелген қоғам ең болмаса Құдайдан көмек сұрайын деп қажылыққа аттанды. Мұны ақымақтың іс-әрекеті, надандық деп айыптай алмайсың. Керісінше, қиындықтан қажып, жаман жолға түсіп кетпегеніне шүкір дейсің. Бірақ “бір рет қана барып келдің, жыл сайын барудың керегі жоқ. Одан да елдегі тірлікке аралас. Кәсіп бастап, шаруашылығыңды дамыт” деп ақыл-кеңес бере аламыз, – деді шығыстанушы.
Ал сынға іліккен актердің өзі жауапкершіліктің бәрін дін өкілдеріне жүктеп, қысқа қайырды.
“Құлшылық әркімнің жеке көзқарасы мен іс-әрекеті. Мен ештеңе білмеймін. Нақты мынау дұрыс деп ешкім айта алмайды. Оны арнайы мамандардан сұрау керек. Мені сынап жатқандары сол адамдардың өзінен сұраңыз. Мен “фотоға түскен дұрыс, мобилограф ертіп барыңдар” деп айта алмаймын. Біздің пікірден гөрі ұстаздарымыздың айтқаны ақылға қонымды әрі маңызды”, – деп жауап берді актер.