Құлбек Ергөбек: «Мемлекеттік рәміздер үшін кез келген саяси қадамдарды жасаудан тартынбау керек»
Шынын айту керек, бізде Мемлекеттік Рәміздерді қабылдаған кездері де кемшілік көп болды. Конкурс шартты түрде өтіп, бұрмалаушылықтар, белден басулар орын алғанын білеміз. Мәселен, сол кезде Мемлекеттік Тудың бірнеше нұсқасы ұсынылды. Солардың ішінде Бөрілі Байрақ түрі маған аса қатты ұнап еді. Атақты Сүйінбайдың жырында айтылатын «Бөрілі Байрақ астында – Бөгеліп көрген жан емен! Бөрідей жортып кеткенде,Бөлініп қалған жан емен!», деп келетін жолдар бар ғой. Бөрінің басы бейнеленген сол Тудың сұсы басым болды. Бірақ, оны қабылдаттырмады.
Одан кейін 30 жыл ішінде ешкіммен ақылдаспай-ақ Әнұранды да өзгерте қойдық. Халықтан сұралған жоқ. Алғашқа Әнұранымыз қандай еді! Яғни, біз осындай қадамдар арқылы Рәміздердің халық арасындағы беделін, қасиетін жоғалтып алдық. Елтаңбаны ешкім танымай жатса онда халықты кінәлаудың да реті жоқ.
Бір мысал айтайын, мен бірнеше жыл Түркістандағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде басшылық қызметте болдым, оқытушы болдым. Сонда байқағаным, Түркиядан келген оқытушылар, іскер азаматтар, студенттер Түркияның Әнұраны орындалған кезде орындарынан атып тұрып, аса бір толғаныспен қосыла шырқай жөнелетін. Бұл мемлекеттік тәрбиенің жемісі. Бізде осындай құндылықтар бар ма?! Шынайы дәріптей аламыз ба?
Сондықтан, Мемлекеттік рәміздерге келгенде оларды қайта қарастырып, қоғам талқысына салып көргенді жөн көремін. Зиялы қауым, әр саланың мамандары не дейді? Жалпы, жұртшылықтың көзқарасы, арман-мұраты қандай? Сұрайық, ақылдасайық, ортақ шешімге келейік! Оның несі айып? Мемлекеттік рәміздер үшін кез келген саяси қадамдарды жасаудан тартынбау керек деп ойлаймын.
Құлбек Ергөбек, жазушы, филология ғылымдарының докторы