«Құлағын сындырып, басын жарған»: Алматыда притон иелері қыздарды ұрлап, сексуалды құлдыққа салған
Алматылық қыз бірнеше күн сексуалды құлдықта болғанын мәлімдеді. Қызды біреулер ұрлап, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүр еткен. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бойжеткен сексуалды құлдықтың құрбанына айналғанын айтады. Оны қатыгездікпен ұрып-соғып, қызмет көрсетуге мәжбүрлеген. Бақытына орай, қыз қашып үлгеріп, полицияға жүгінді. Полиция жеке үйде басқа қыздардың да құлдықта болғанын анықтады.
Сексуалды құлдықтан қашып шыққан қыздың құлағы сынып, басы жарылған, бүкіл денесі көгерген.
“Алдымен олар мені қазанмен ұрды, содан кейін арқамды ұзартқышпен ұра бастады. Аяқ-қолымды жаралады. Мені Камила мен Аида дегендер ұрды”, – деді жәбірленуші.
Қыздың айтуынша, ол бір апта бұрын әдеттегідей жұмыстан шығып, үйіне қайтып жатқан. Сол кезде көлік тоқтап, ер адамдар оны көлікке салып алған.
“Олар жезөкшелік қызмет көрсетуге мәжбүрледі. “Егер келіспесең, ата-анаңа жезөкше екеніңді айтып, құжаттарыңды көрсетеміз» деді, – деп айтты қыз.
Ол жұмыстан оралмағаннан кейін туыстары дабыл қағып, іздеуге шықты. Бірнеше күннен кейін алматылық бойжеткен байланысқа шығып, қайда екенін айтып берген.
Қазіргі таңда қыз қорқынышпен өмір сүруде. Тіпті дәрігерлерден көмек сұрауға қорқады.
Көршілер үй баяғыдан притонға айналғанын айтады. Үй иелері құқық қорғау органдарын алғашында кіргізгісі келмеді. Алайда тәртіп сақшылары бірнеше қызды тапты. Үйдің барлық тұрғындары жеке басын анықтау үшін ұсталды. Қазір іс бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.