Құлаған аялдамалар, ұшқан шатырлар, жарақаттанғандар: Дауылдан кейінгі Астана

0

18 қараша күні кештен бері елордада дауыл соғып, бүкіл құрылыстарды қиратып, маңдайшаларды ұшырып, ағаштарды құлатты. Ауа райының қолайсыздығынан бірнеше адам зардап шекті. Қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылып, апаттың салдарын жоюды жалғастыруда, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Өткен тәулікте Астана Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері 10 өрт оқиғасына және 12 авариялық-құтқару жұмыстарына қатысты.

Мәселен, Үркер тұрғын алабында ауа райының нашарлауына байланысты Ұлттық ұлан әскери бөлімінің бес қабатты казармалық ғимаратының шатыры ұшып кетті. Қираған аумақ 1500 шаршы метрді құрады.

Байқоңыр ауданында ауа райының қолайсыздығынан 7 аялдама құлап, 6 қоршау бүлініп, жасыл желектің құлауының 6 фактісі анықталды.

Сарыарқа ауданында екі қабатты үйдің шатыры жұлынып, артынша «Школьная» қосалқы стансасында электр қуаты өшіп қалды. Бүгінгі күні электрмен жабдықтау толығымен қалпына келтірілді.

Алматы ауданында 8 жол белгісі, 1 жарық бағанасы, 5 шам, қоршаулар және т.б. зақымданған.

Нұра ауданында «Эволюция» және «Техникум» тұрғын үй кешендерінің құрылыс алаңдарында қоршауларды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Астана әкімдігінің хабарлауынша, ауа райының қолайсыздығынан төрт адам түрлі дене жарақаттарын алған. Олардың барлығы жедел жәрдем бөліміне жеткізілді. Бір бала жабық табан сынығымен түсті.

Сондай-ақ, MEGA Silk Way сауда орталығының бас кіреберісіне жақын көшеде қатты жел жұлып алған жарнамалық баннер әйелдің үстіне құлағаны белгілі болды. Ол №2 қалалық көпбейінді ауруханасына жатқызылды. Дәрігерлердің қарауынан кейін әйел үйіне жіберілді, жағдайы қанағаттанарлық.

Бұған дейін желіде Астанадағы қатты желдің салдарын көрсететін кадрлар пайда болған еді.