«Құйттай баланың көрмегені жоқ»

0

11 жастағы Айша жаза да, оқи да алмайды. 63 жастағы нағашы әжесі Ақгүл (есімі өзгертілген – ред.) жиен қызын екі аптадан бері Ақтөбедегі «Шанс» оңалту орталығына апарып жүр. Әжесінің сөзіне қарағанда, Айша бейбіт өмірге енді ғана бейімделіп келеді. Бастапқыда үйден шықпаған бала қазір қатар-құрбыларымен бірге ойнай бастаған.

АҚГҮЛДІҢ ӨКІНІШІ

— Мінезі өте тұйық. Ашылып әңгіме айтатын кездері сирек. «Тезірек ұмытсыншы» деген оймен мен де өткенін қазбалап сұрамаймын. Кейде өзі айта бастайды. Тыңдап отырып, көз жасым көл болады. Құйттай баланың көрмегені жоқ. Бомба жарылып, үйінді астында қалған. Оқ жарықшағы тиіп, өле жаздаған. Үнемі ашқұрсақ жүрген, бөлшектеліп қалған мәйіттерді көрген, — дейді Ақгүл көз жасын сүртіп.

Зейнет жасындағы Ақгүлдің екі қызы 2014 жылғы маусым айында балаларын ертіп, Сирияға кетіп қалған. Шешелеріне «Астанаға тойға барамыз» деген апалы-сіңлілі екеу алдымен Түркияға жетіп, одан әрі Сирия асады. Ақгүл алғашында қыздары мен екі жиенінің қақтығыс аймағында жүргенін жұрттан жасырып баққанын айтады. Қазір де балалардың болашағын ойлап, өзі мен қыздарының аты-жөні еш жерде жарияланбағанын қалайды. Сондықтан қыздарын Таяу Шығыста қойылған есімдерімен Умм Айша және Умм Хадиджа деп атауымызды өтінді.

— Қыздарымның Сирияға кеткеніне ең алдымен өзімді кінәлаймын. Күйеуімнен ажырасқан соң бар ойым үш баламды қатарға қосу болды. Нан табамын деп ертелі-кеш жұмыста жүрдім. Сірә, тәрбиелеріне жеткілікті деңгейде көңіл бөлмесем керек… Ендігі ойым – қызымның аманаты екі жиенді ел қатарына қосу. Айша мектепке барса деп армандаймын. Әсия әлі кішкентай. Анасын іздейді. Кеше бесікарбамен алып келе жатсам, алыстан хиджаб киген әйелді көріп, «мамалаған» кезде жанымды қоярға жер таппадым, — дейді Ақгүл.

Сирияға ата-анасы ертіп кеткен қазақ балалары. 2013 жылы күзде интернетте тараған видеода солай деп айтылады.

Сирияға ата-анасы ертіп кеткен қазақ балалары. 2013 жылы күзде интернетте тараған видеода солай деп айтылады.

​Облыстық соттың мәліметінше, мамырдың 28-інен бері Ақтөбедегі тергеу изоляторында отырған Ақгүлдің ортаншы қызы Умм Айшаға «терроризмді насихаттады», «діни алауыздық туғызды» деген айып тағылған.

Қазақстаннан Сирияға аттанып, ДАИШ (Қазақстанда тыйым салынған, өздерін «Ислам мемлекеті» деп атайтын экстремистік топтың араб тіліндегі атауының қысқартылған нұсқасы — ред.) содырларына қосылған жүздеген қазақстандық туралы алғашқы хабарды Азаттық 2013 жылғы қазанда жариялаған еді. Өздерін «халифат құруды мақсат тұтқандар» деп сипаттайтын топ кәмелетке толмаған қазақтілді балалардың қару ұстаған видеоларын әлеуметтік желіде таратқан.

Ақгүл кенже қызының қазір қайда екенінен бейхабар. 28 жастағы Умм Хадиджа соңғы рет 2017 жылғы шілде айында Ирактың Мосул қаласынан хабарласқан. Жол ашылса, Сирияның Багуз ауылында қалған әпкесі Умм Айшаға барғысы келетінін айтқан. Содан бері ешқандай хабар-ошар жоқ. Кішкентай қызын өзімен әкеткен Умм Хадиджа Таяу Шығысқа барғасын ұлды болады. Ақгүлдің есебінше, ол бала қазір төрт жаста. Ақгүл кенже қызы мен жиендерінен де үмітін үзгісі келмейді.

— Соңғы бес жылда басымнан өткен жайттарды қас дұшпаныма да тілемес едім. Балаларым бомбаның астында болған кезде мен де күн сайын бомба астында жүргендей күй кештім. Ана ретінде қыздарым үшін кешірім сұраймын. Екеуі де оңбай қателесті… Оны кеш түсініп отыр… Ең үлкен олжам – осылардың елге аман келгендігі. Балаларымды Қазақстанға қайтаруға көмектескен ел басшыларына, ҰҚК мен оңалту курсынан өткізуші азаматтардың барлығына алғысым шексіз, — дейді Ақгүл.

Азаттық тілшісімен кездесуге әжесіне ере келген аққұба өңді кішкентай Айша ересек көзқараспен көз тастап қойып отырды, бір сағатқа созылған сұхбат барысында бір рет те жымимады, сөйлесуге де ыңғай танытпады. Азаттық тілшісінің: «Өскенде кім болғың келеді?» деген сауалына да жауап бермеді. Құрдастары биыл 5-сынып бітірген кішкентай Айша Сирияда Құран үйреніп, арабша тіл сындырған. Нағашыларымен орыс тілінде сөйлеседі.

УММ АЙШАНЫҢ СИРИЯҒА КЕЛУІ

Биыл 30-ға толатын Умм Айшамен Азаттық тілшісі тергеу изоляторында кездесті. Екі баланың анасы осы кезге дейін алты рет тұрмыс құрғанын айтады. Алғаш рет тұрмысқа мектепті бітіре сала шыққан келіншектің сөзінше, «дін жолына түсуіне» сол алғашқы күйеуі ықпал еткен.

— Біз екі жарым жылдай бірге тұрып, 2008 жылы қызды болдық. Екеуміздің де не біліміміз, не жұмысымыз болмады. Ақыры ажырасып тындық, — дейді ол.

Умм Айшаның айтуынша, кейінгі екі күйеуі де «дін жолын ұстанған». Қазақстандағы үш некесі де сәтсіз болған жас әйел 2014 жылғы маусым айында қызын алып Сирияға кету туралы шешім қабылдайды. Бұл кезде оның туған сіңлісі де бір қызымен күйеуінен ажырасып кеткен.

— Сіңлім интернет арқылы Абу Сайфуллах есімді шешен жігітпен сөйлесіп жүр екен. Ол «Сирияға келіңдер, ештеңеден таршылық көрмейсіңдер» деген. Абу Сайфуллах жол ақысын төлеп, біз 2014 жылғы маусым айында балаларымызбен бірге Астана қаласынан Түркияға ұшып кеттік. Жол бастаушылар бізді алдымен Стамбулдан Түркияның Газиантеп қаласына, одан Сирияның Джераблус қаласына жеткізді. Сол жерде сіңлім Абу Сайфуллахпен, мен дағыстандық Абу Убайдамен некелестім. Кейін біз Сирияның Ракка қаласына қоныстанып, сіңлім Манбидж қаласына кетті, — дейді ол.

Жас әйелдің сөзінше, Абу Убайда ДАИШ жасағында болғандықтан азық-түлік, тұрмысқа қажетті тазартқыш заттардан өзге ай сайын олардың отбасына 500 АҚШ доллары берілген. Оның 100 доллары өзіне, 100 доллары қызына, 300 доллары ДАИШ сапындағы күйеуіне төленген.

— Алғашқы екі жыл ештеңеден тарықпадық. Тегін ақшаның буымен Ақтөбеде қалған анамды «Сирияға кел» деп үгіттей бастадым. Күйеуім қолыма автомат ұстатып, видеоға түсірген еді. «Суға атып көр» дегесін, автомат атқанмын. Сол видеоны анама жолдадым. «Терроризмді насихаттады», «діни алауыздықты қоздырды» деген айып осы әрекеттерім үшін тағылып отыр. Күйеуім қаза тапқан соң оның автоматын ДАИШ жасақтары алып кетті. Содан кейін қолыма қару ұстаған емеспін. Өзіме тағылған айыпты мойындаймын, қатты өкінемін – дейді Умм Айша.

Абу Убайда қарулы қақтығыс кезінде қаза болған соң Умм Айша 2016 жылдың жазында шешен жігіті Абу Маликпен некелескен. Араға бір жыл салып, өмірге Әсия есімді қыз келеді. Анасының айтуынша, ол Әсияны үйде босанып, кіндігін Шахида есімді өзбек әйелі кескен.

— Өзбекстанда акушер болған Шахиданың қолы жеңіл, Сирияға ТМД-дан келген әйелдердің бәрін сол босандыратын, — деп еске алады ол.

БОСҚЫНҒА АЙНАЛУ

Абу Малик соғыста қатты жараланып, жүйкесі жұқарғандықтан, «қит етсе, қару ала жүгіретін» болғасын онымен де ажырасқан Умм Айша ДАИШ сапына қосылған Қырым татары Хаттаб есімді азаматқа екінші әйел болып тиеді.

— Хаттаб бірінші әйелінің жанында болған кезде үйімізге бомба түсіп, екі баламмен үйінді астында қалып қойдым. Ешкім көмектескен жоқ. Әркім өз отбасын алып, кетіп жатты. Үйінді астынан балаларымды алып шығып, жарылыс толқыны жан-жаққа лақтырып тастаған мәйіттердің үстімен жүрдік. Қол-аяқтарын бомба жұлып кеткен әйелдер мен балалардың сүйектері шашылып жатты, — дейді көз жасына ерік берген әйел.

Баспанасыз қалған Умм Айша Хаттабтың бірінші әйелімен тұрып жатқан үйін аз уақыт екі баласымен паналай тұрады. Екі әйел тіл табыса алмай, бұл жағдай Умм Айша мен Хаттабтың ажырасуына себеп болған.

— Одан кейін тұрмыс құру туралы мүлдем ойлаған жоқпын. Босқындар лагеріне жетуді ғана мақсат еттім. Бұл ойымды Хаттабтан кеткеннен кейін жертасада (окопта) бірге тұрған құрбым Иллариядан өзге ешкім білмеді. Иллария – күйеуін ДАИШ содырлары жазалаған Қырым татары болатын. Екеуміз жертасадан от жағып, балаларға тамақ пісіру үшін ғана шығатынбыз. Бір күні от жағып отырғанымызда снайпер Иллария мен оның омырау жасындағы қызын бір оқпен атып өлтірді. Сәбидің ішек-қарыны ақтарылып түсті, — дейді көз жасын ұзақ уақыт бойы тыя алмай, өкси жылаған әйел.

2013 жылдың жазынан бастап Сирия мен Ирактың біраз аумағын басып алған ДАИШ ультра-радикал содырлар тобы діни ұстанымдарын мойындамайтын мыңдаған адамды асқан қатыгездікпен қырған. 2017 жылғы күз айында АҚШ пен одақтастары ДАИШ тобын Ирак пен Сирия территориясында талқандап, содырлар шекара бойындағы шағын аумақтарды сауғалаған. ДАИШ содырларына өз еркімен және күшпен қосылған мыңдаған әйел жас балаларымен екі оттың ортасында босқынның күйін кешіп қалған еді.

2019 жылғы наурыз айында Умм Айша екінші қызы Әсияның әкесі Абу Маликтің жол көрсетуімен қоршауда қалған Багуз ауылынан шығып, алдымен әл-Холь, кейін Айн-Исса босқындар лагеріне жетеді. Бірақ мұнда да қорғансыздың күйін кешеді. Өз айтуынша, күрд жасақтары шатырларын пышақпен тіліп кіріп, телефон, ақша мен әшекей сияқты заттарын тартып әкетіп отырған.

"Сирияға барған жихадшы қазақстандықтар" туралы YouTube видеосынан скриншот. Қазан, 2013 жыл.

«Сирияға барған жихадшы қазақстандықтар» туралы YouTube видеосынан скриншот. Қазан, 2013 жыл.

Айшаның сөз ыңғайына қарағанда Сирияға ТМД-дан барған, орыс тілінде сөйлейтін «жихадшылар» мен олардың отбасылары бір-бірін «мухаджирлер», ал жергілікті содырларды «арабтар» деп атаған.

— ДАИШ «мухаджирлерді» тірі қалқан ретінде пайдаланды. Алдыңғы шепте тек «мухаджирлер» болды. Олар жеңіске жеткен жағдайда арабтар (ДАИШ-ке араб елдерінен қосылғандар – ред.) сол жерге келіп, суретке, видеоға түсетін. «Жеңімпазбыз» деп мәре-сәре болып жататын. Кейін жағдай қиындай бастады. Базарда қанттың бір келісі теңгеге шаққанда 20 мыңға дейін жетті. «Мухаджирлерде» азық таусылып, жан бағу үшін шөп жей бастадық. Сол кезде сириялықтар мен ирактықтар (ДАИШ содырлары – ред.) «Сникерс» жеп отырды. Олар ақырғы сәтке дейін ештеңеден таршылық көрген жоқ. Тіпті босқындар лагерінің өзінде күн батареясы мен желдеткіш, құнарлы ас, тәуір шатыр тек арабтарға берілетін. Біз бұлғыр, жасымық секілді дақылдармен қоректендік, — дейді Айша.

СИРИЯДАН ҚАЙТҚАНДАРДЫ ОҢАЛТУ

Тергеліп жатқан Айша бостандыққа шықса, жаңа өмір бастап, жұмыс істегісі келеді. Қазіргі ең үлкен арманы – балаларының ел қатарлы білім алуы. 11 жастағы қызының әлі әріп танымайтыны үшін кінәлі сезінеді.

Ақтөбе облыстық дін істері басқармасының мәліметінше, Қазақстан билігі ұйымдастырған «Жусан» арнайы операциясы кезінде Сириядан 30-дан астам ақтөбелік жеткізілген. Оның 21-і – кәмелет жасына толмаған бала.

Әлімбек Тұралиев, Ақтөбе облыстық дін істері басқармасының басшысы.

Әлімбек Тұралиев, Ақтөбе облыстық дін істері басқармасының басшысы.

— Сириядан оралған ақтөбеліктерді оңалту ісіне мемлекеттік ұйымдармен қатар үкіметтік емес сектор да тартылған. Мысалы, «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығының теологтары олардың дінге қатысты сауалдарына жауап береді. Ал «Шанс» қоғамдық бірлестігінің психологтары мен педагогтары балаларды мектепке дайындай бастады. Кешенді жоспарда медициналық, психологиялық, теологиялық және әлеуметтік көмектен бөлек, азаматтарды кәсіпке баулу, жұмысқа орналастыру, құжаттарын қалпына келтіру сияқты көптеген іс-шара бар. Бұл жұмыс отандастарымыз ортаға бейімделіп кеткенше үздіксіз жүргізіле береді, — дейді Ақтөбе облыстық дін істері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев.

Қазақстанның арнайы қызмет орындары Сириядан жеткізілген қанша адамның үстінен қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпаратты құпия ұстап отыр. Ондай мәлімет «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығында да жоқ. Әзірге белгілі жайт – қылмыстық жауапқа тартылғандардың арасында екі әйел бар.

«Аңсар» ақпараттық-талдау орталығы басшысының орынбасары Төлеген Талдыбаев Сириядан оралғандармен екі апта бойы Ақтау қаласындағы оңалту орталығында жұмыс істеген. Қазір оңалту жұмысын Ақтөбеде жалғастырып жатыр. Оның айтуынша, Сириядан келіп, туыстарымен қауышқандар – қоғамға залалы жоқ әйелдер мен балалар ғана.

Төлеген Талдыбаев, Ақтөбедегі "Аңсар" ақпараттық талдау орталығы басшысының орынбасары.

Төлеген Талдыбаев, Ақтөбедегі «Аңсар» ақпараттық талдау орталығы басшысының орынбасары.

— Қарулы қақтығысқа қатысқандар, ДАИШ-ке ант беріп, қолына қару ұстағандар елге емін-еркін қосылып жатқан жоқ. Бұл тұрғыдан азаматтардың алаңдамауына болады. Теолог ретінде аңғарғаным, Сириядан оралғандар ортаға бейімделуге мүдделі. Сондықтан қоғам тарапынан да оларға қысым жасалмағаны, азаматтарымыздың рухани жиіркеншектік танытпағаны жөн. Адасқандары болмаса, олар да біздің азаматтарымыз. Мемлекет олардың тезірек бейімделуіне мүдделі. Меніңше, «Жусан» — ел тәуелсіздік алған жылдар ішіндегі ең бір миссиясы мықты операция болды, — дейді ол.

Талдыбаевтың айтуынша, күйеулерінің жетегіне еріп, шекара асқан әйелдердің арасында да «діни көзқарасы күрделі» адамдар болған. Олар Ақтаудағы оңалту орталығында әлі де «жан-жақты зерттеліп жатыр». Теологтың болжауынша, Ақтөбеге оралғандар – Сирияда үй шаруасын атқарған әйелдер. Өйткені олардың басым көпшілігі араб тілінің сириялық диалектісін де, кейбірі Құранды да білмейді.

— ДАИШ кішкентай балалардың діни сауатына көбірек мән берген. Өйткені әйелдерге Құран берсең, оқи алмайды. Ал балалар Құранның кем дегенде 30-парасын жатқа біледі. Сирияда бес жасқа толған баланың бәріне жаппай Құран үйретілген. Одан бөлек балаларға ДАИШ-тың кейбір идеологиялық кітаптарын да жаттатқан, — дейді Төлеген Талдыбаев.

Қақтығыс аймағынан оралған балалар қазір Ақтөбедегі «Шанс» бірлестігінің оңалту орталығына барып жүр. Қоғамдық бірлестіктің Ақтөбе филиалының жетекшісі сұхбат беруге әзір дайын емес екенін айтты.

Azattyq