Құдықтарға қамқорлық қажет

0

Маңғыстауда шаруагерлердің қардың немесе жаңбырдың суын жиып кәдеге жаратуы, таудан аққан ызаларды су көзі ретінде сақтауы туралы баяндаған ауылшаруашылық саласының білгір маманы, марқұм С.Әбішев су жинау, су сақтау әдістері туралы айта келіп, тақыр, тасқақ, қоңырдаң, күпі, шырлау, керіз деген атауларға, сондай-ақ ыза, еспе, орпалық су көздері мен жарма, олақ су көздері жайлы «Ерте көктемде ұқыпты қолмен көмілген қар суы − шырлау аз ғана шаруаны ыстық түскенше ылалайды. Маңғыстауда Құсымның тұраны, Көктастың тұраны, Қаншым тұран, Қызыл тұран немесе су тұратын тақырлардың атадан балаға мұра болып, Айранның тақыры, Құсқонбастының тақыры, Ұланақтың тақыры, Елейдің тақыры, Бәйменнің тақыры дейтін мән-мағынасын жойған жоқ. Ал жан-жағы тасты жарқабақ, табаны қатқыл тұйықтағы қазаншұңқыр «күп» деп аталып, оның сулары 1950-60 жылдарға дейін кәдеге асты. Маңғыстау жерінде Шаңырақкүп, Саураның күбі, Қоңыркүп, Шайтанкүп, Байсарының күбі сияқты талай заман ел игілігіне жа­раған белгілі күптер көптеп сана­лады» деп тоқталады да, су сақтай­тын орындардың қалай жасала­тын­дығына, әрқайсысының ерекше­ лігіне жеке-жеке түсінік береді. 

Көздеріне жылт етіп көрінген суды қағыс қалдырмай, кәдеге жаратқан дала еңбеккерлері құдық, шыңырау қазбай мәселені дендеп шеше алмайтынына көзі жеткендей. Тереңдігі бірнеше құлашқа жететін құдықтарды – шы­ңырауларды небір қиындықтарды бастан кешіре жүріп қазып, халық игілігіне ұсынды. Деректер Маңғыстау өңірінде ХIХ ғасырдың 70-жылдарында суы ащы-тұщысы аралас 1134 құдық, 1819 жылы 4168 құдық болды дегенді айтады. 1960 жылдары қолдан жасалған құдықтардың бітелген көздерін аршу сынды жұмыстарына жаңа техникалар араласты. Қара күшті қажет етіп, алақан терісі сыпырыла жүріп қауғамен, шығырмен, арқанмен тартылатын шыңырау суы енді арнайы су тартқыш моторлармен – ВЛМ-100 құрылғысымен жүзеге аса бастады. Осылайша, суды шыңыраудан шығару әдісі өзгеріп, тұрмысқа жеңілдік енгенімен, негізгі су көзі ретіндегі құдықтардың, шы­ңыраулардың қызметі, құндылығы жойылған жоқ. 

Маңғыстаудың бойы малдан босап көрген жоқ, тіпті соғыс­тан соңғы жылдардағы мал санын арттыруға байланысты тап­сырмаларға сай Маңғыстаудың ойы мен қырын тұтаса қаптаған мыңғырған төрт түліктің бүйірін шығарып, мейірін қандырған, шопан ауылдарының тұрмыс-тіршілігін кем-кетіксіз қамтып тұрған осы құдықтар болатын. 

Кеңшарлар тарап, жеке шаруа қожалықтары бой көтерген соң, жайлауды ен жайлаған малшылар ауылдары мен отарлары жоғалып, малды ауылдарға жем-шөп тасыған көліктер шиырлаған қыр асқан қасқа жолдарды шөп басып, кең дала бөрі жортып, жылан жорғалаған меңіреу қалыпқа түсті. Ең өкініштісі – суы тапшы өңірде бір­неше мың­­даған қой мен ешкіні, түйе мен жылқыны қалтқысыз қан­дырып, жер астынан көл-көсір ақтарылған құдықтардың көздері бірте-бірте бітеліп барады, кезін­де маңдайынан ағып, көзіне құ­йылған терді алақанымен сүрте жү­ріп, жанқиярлықпен құдық қаз­ған құдықшылардың еңбегі топырақ астына көміліп, көзден таса болуда. Маңғыстаудың кез келген жерін түртіп қалсаң су атыла жөнеледі дейтіндей емес, оның үстіне су көзінің ащы және тұщы, мол және тапшы болып келетін нүктелері бар. Олар – ке­шегі ерлердің қолдарында еш­қандай зерттеу-анықтау құрал­дары болмаса да өздерінің сұң­ғыла жершілдіктеріне сүйеніп, табиғат тамырын тап басқан «дала академиктерінің» қалт кетпейтін қағидаларына негіздеп қазған құдықтары болатын! Құдық­шылардың өлшеуге келмейтін еңбектері туралы тарихшы қа­лам­гер Әбілқайыр Спанның «Олар қазып қалдырған жүздеген шы­ңыраулар – бүгінде халықтың ортақ қазынасы, қара жерді сүй­менмен айлап, жылдап қашап, ойып су шығарған құдықшылар еңбегін тарихта Египет пирамидаларын салған құрылысшылар еңбегімен ғана салыстыруға бо­лады. Маңғыстаудың бұл ерек­шелігін дүниежүзінің еш жерінде қайталанбайтын қасиетті мұра десе болғандай» деген ауыр ма­ғына арқалаған аз сөзі көп жайды аңғартып тұр. 

Құдықтардың сусыз жердегі халықтың өмірінде алар орны мен маңызы зор болғандықтан, олар ерекше құрметке ие болды. Біріншіден, олардың орналасқан жері, судың тереңдігі мен қоры, қазылуы, құрылысы, қазған адам мен қазуға тапсырыс беруші, құны, қазу уақыты, сондай-ақ құдыққа дейінгі күп, тақыр, керіз, тақыр, тағы басқа су сақтайтын орындар мен әдістері – өз алды­на­ үлкен ғылым, екіншіден, олар – фольклор. Ел арасында құ­дық­қа, шыңырауға қатысты аңыз әң­гімелер, қияли туындылар мен олардың тарихына қатысты деректер бар. Құдық атауларының этимологиясы терең зерттеуді қажет етеді. Жазушы Ә.Кекілбаевтың «Шыңырау» повесі – бұл айтыл­ған­­дарға нақ­ты дәлел және ол по­­весть бұл та­қы­рыптағы алуан әң­гіменің бір ғана желісі. Сондай-ақ ­Ақ­тө­беге іссапары барысында Ә.Жан­гелдин отрядының аялдап, су ішіп жан шақыруы – құдыққа қатысты қызғылықты тарих. Жал-жал құм арасында сол құдық кездеспегенде маңызды тапсырмамен жолға шыққан тұтас отярдтың күйі не бо­лар еді? 

Бала кезімізде сан жұлдыз жы­пыр­лаған жайлау түнінде аға-апа­ларымыздың әдемі ертегі, жұмбақтарын тыңдап жатып ұй­қыға кететінбіз, сол кездегі бала ұғы­­мына сай шертілетін ертегілер мен жұмбақтар да құдыққа бір соқпай кетпейтін. «Қожанасыр түнде келе жатып құдыққа үңіліп қарап, шыңырау түбіндегі су бетінде қалқыған айды көреді де «ойбай, ай құдыққа түсіп кетіпті ғой!» деп шошып, айды құтқармақ болып құдыққа ұзын арқанды бойлатады. Арқан айға ілінді-ау деген мезгілде құлаштап тарта бастайды, кенет кедір-бұдыр құдықтың бір ілмешегіне ілінген арқанды шіреніп тартқан сәтінде арқан үзіліп кетіп, Қо­жекең шалқасынан құлайды. Құлап жатып аспандағы айды көріп, «әйтеуір, айды аспаннан бір-ақ шығардым-ау»» деп жөніне кеткен екен» деген ертегіні тайға мініп, мал қайырып, құдыққа барып мал суарып, төл арқалап ержеткен малшы балаларының арасында естімеген бала жоқ… 

Басына малшы ауылдары қоныс етпегендіктен бүгінде сол құдықтар иесіз, қаңырап тұр. Осы орайда құдықтарды құтқарудың жолы осы болар ма деген екі ой еске түседі. 

Біріншісі – Маңғыстаудың ауылшаруашылығын дамытуда басым бағыт малшаруашылығы болып қала береді. «Қалауын тап­са, қар жанар» дегендей, Маң­ғыс­таудың климатына сай өсімдік, егін егуге болар, бірақ онымен тұ­тас халықты қамтамасыз ету үшін ұзақ жылдарға созылатын, ғылыми тұрғыда дәлелденген кешенді жұмыстарды жүзеге асы­ру қажет. Бүгінгі таңда жекелеген жылыжайлармен өңірдегі мил­лионға жуық тұрғынның «жыр­­тығын жамау» мүмкін емес және жылыжайлардағы өскіндер осын­ша тұрғынның, келіп-кетуші қонақтардың жұмырына жұқ болмайды. Оның үстіне сол өсім­діктерді сумен қамту мәселесі та­ғы бар… Ал малшаруашылығы Маң­ғыстаудың үйреншікті, әрі төл кәсібі. Бұрынғыдай жолға, хабар-ошар алуға, қарым-қатынасқа, бала оқытуға, сауда-саттыққа қа­­­­­тыс­ты, өзге де тұрмыстық қиын­­­­­дық­тардың біразы заманауи­­ ­жа­ңалықтармен алмасқан кез­­­де­ малшаруашылығын да жа­ңа­­­ша жаңғыртудың жолдарын із­деп, шаруагерлер жайлауларға, құдықтарға ат басын бұрса дей­сің?! 

Жайылымдарды суландыру – қазіргі таңда мемлекеттік дең­г­ейде назар аударылып, күш жұ­мылдырылған тақырып. Ал жайылымдарды суландырудың негізгі көзі жерасты суларына негізделсе, ол мәселеде құдық қаз­у ісіне басымдық берілген. Осы орайда Ауыл шаруашылығы минис­трлігінің 2018 жылғы 23 шілдедегі №317 бұйрығымен бекітілген «Инвестициялық салымдар ке­зін­де агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыс­тардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағи­дала­рын бекіту туралы» ережеге сай инвестициялық субсидия құдық қазу үшін бері­леді, яғни субсидияланатын шы­ғын­дар тізбегіне құдықты салу, құры­лыс-монтаж жұмыстарын есеп­теудегі шығындар, көшпелі су тасығыштарды сатып алу жә­не орнату жұмыстары жатады. Бағдарламада аталған шығын­дардың 80 пайызына дейін субсидиялауды қарастырған. Бір шахталы құдық қазу үшін шамамен 3,5-5 млн теңге, құбырлы құдық-ұң­ғымаларға 6,2-8 млн-ға дейін қаржы шығындалады. Маңғыстау облыстық ауылшаруашылығы басқармасының мәліметінше, 2018 жылы өңірде 60 құдық қазу жоспарланған. Бізге осынша шығын шығарып жаңа құдықтар қазған тиімді ме, әлде барды жаңғыртып, ескі құдықтардың кө­зін аршу арзанға түсе ме? Әрине, тех­никаның жетілген заманында көне құдықтардың көзін аршып, тазарту әлдеқайда арзан. Сондай-ақ кеңестік кезеңде аймақты сумен қамтитын екі іргелі мекеме болды, осы мекемелердің атсалысуымен Үстірт үсті толықтай иге­ріліп, мал отарларын қойнына толтырып, оларды құдық суымен жеткілікті суарып шығаруға қазірге дейін дайын күйінде тусырап жатыр. Маңғыстаудың ауылшаруашылығында малша­руашылығына басымдық бере оты­рып, жаңадан ашылған жеке шаруа қожалықтары үшін құдық қазумен бірге, үстірт ү­с­тін­дегі, жалпы аймақтағы құдық­тарды адыра қалдырмай кәдеге жа­рату мәселесі тұр. 

Құдықтар жайлы ойға оралатын екінші бағыт – көненің көзі, кешегі қол қайраты және қайла, сүймен сынды қарапайым құралдарың күшімен жасалған жансебіл еңбектің жемісі – құдық­тардың барлығын болмағанмен суы мол, тарихы терең, өзін­дік жасалу ерекшелігі бар құдық­тар­ды, шыңырауларды тарихи-мәдени мұралар санатына ен­гі­зу. Өйткені жанқиярлық еңбек­пен, шеберлікпен жасалған құдық­тарды сәулет өнерінің бір сілемі десек немесе сәулет-құрылыс ес­керт­кіштерінен кем түспейді десек қателеспейміз. Аймақтағы құдық­тардың картасы әзірленіп, қай жерде қандай құдық бар екендігі тарихи тұрғыда хатталып, болашаққа мұра ретінде жетуі тиіс. Әйтпесе, көзі бітеліп, топырақ басқан құдықтардың болашақта құмда ізі, сайда саны қалмайтыны белгілі. 

Шөл далада тіршілік көзі бол­­­ған құдықтарға қамқорлық қажет-ақ.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»       

Маңғыстау облысы