«Құдай үшін, ұрмаңдаршы!»: Зайсанда оқушыға буллинг жасаған қыздардың видеосы тарады
Зайсанда үш мектеп оқушысы бір қызға буллинг көрсетіп, ақша талап еткен.
Әлеуметтік желіде тараған виодеода үш оқушы қыз бір қызға жәбір көрсетіп, дөрекі сөздер айтқан. Оны тізерлетіп отырғызып қойып, бірнеше мәрте кешірім сұратқан, деп жазды Kznews.kz Baq.kz сайтына сілтеме жасап.
Жәбірленуші қыз «Құдай үшін, ұрмай-ақ қойыңдаршы» деп жалынған.
«Біздің артымызда қаншама адам тұр. Тізерлеп кешірім сұра. Бағанадан бері саған хабарластым. Телефонды не үшін сұрайсың. Саған 5 мың теңге айыппұл. Бұл екеуі 10 мыңнан қойсын, 20 мың теңге ертең тауып берсін. Бұл видеоны бүкіл Зайсан көреді. Ертең банк картасына 10 мың теңге жібер. Аналарыңа, мұғалімдерге айтатын болсаң, жақсылық күтпе», — дейді видеодағы дөрекі сөйлеген оқушылар.
Кейін аталған оқиғаға қатысты ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеме жасады. Олар жанжалдың барлық қатысушылары анықталғанын хабарлады.
«Кәмелетке толмағандар полицияға ата-аналарымен бірге жеткізіледі. Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Сонымен қатар, барлық қатысы бар құқық бұзушылардың ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің жауапкершілігі туралы мәселе қаралатын болады. Әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жіберу үшін материал дайындалуда. Барлық кінәлілер профилактикалық есепке алынады», – деп мәлімдеді ШҚО ПД қызметі.