«Құдай бізге үш рет ескерту жасады»: Саят Медеуов ауыр жол апатынан кейін алғаш рет сұхбат берді
Саят Медеуов жол апатынан соң алғаш рет сұхбат беріп, қазіргі жағдайымен бөлісті. Танымал әнші жол апатына не себеп болғанын да ашық айтты, деп жазады KYN Youtube арнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Еске сала кетейік, Саят Медеуов ақпан айының аяғында ауыр жол апатына ұшырап, жансақтау бөлімінде жатқан болатын. Бүгінде әншінің денсаулығы қалыпқа келген. «Жара салу оңай да, оны кетіру қиын ғой. Уақыт керек. Құдайға мың шүкір, көптің тілеуі қабыл болды. Менің басыма іс түскенде амандығымды тілеген көпшілікке рахмет. Жалпы, мен бұл жағдайды құдайдан көре алмаймын. Жол апатын құдайдың салғаны, басқа түскесін көнетін жайт деп те айтпаймын. Бұған өзіміз кінәліміз. Өйткені, құдай бізге бір емес, үш рет ескертті. Жиен ағаммен бірге жолға шыққан едім. Екі рет одан рульді сұрадым. Бермеді. Кейін үшінші рет жол бойына тоқтап, ұйықтап алуды ескерттім. Ол тоқтайтынын айтқан, сол аралықта көзім ілініп кетіпті. Кейін есімді жиғанда апатқа ұшыраған екенбіз. Демек, ол жол жиегіне тоқтап, демалмаған. Соның салдарынан көзі ілініп, осындай жол апатына душар болдық. Бұл құдайдың салғаны емес, бұл біздің ақымақтығымыз. Құдай қайта-қайта ескертті. Есімді жиған бойда: «Неге тоқтамадың? Біреуге кесіріміз тиді ғой» дедім жиеніме. Бар ойым осы болды. Қуанышқа қарай, қарсы беттегі көліктің ішінде бір ғана жігіт болған екен, дін аман. Соған шексіз шүкірлік етемін. Жол апатынан екі аяғым, қолым, үш қабырғам сынды. Көзіме әйнектер толып қалыпты, қос жанарым ашылмай қалған. Дәрігерлер тазалап берді, қазір көзім жақсы көреді. Қасым түсіп қалып еді, өсті. Қазіргі жағдайым жақсы, ештеңеге шағымым жоқ. Шүкір», — деді Медеуов.