ҚУАТТЫ ТІЛ – ШУАҚТЫ ТІЛ
Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) ХХІ ғасырдың соңына қарай жер бетіндегі ұлт тілдерінің жартысына жуығы жойылып кетеді деп болжады. Олардың көпшілігі бұрынғы КСРО құрамында болған елдердегі тілдер деп отыр. Осы ретте «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Тілсіз ұлт болмайды. Өз тілімізді сақтау, өз тілімізді құрметтеу отаншылдық рухты оятуға қызмет етеді әрі ата- баба алдындағы ұлы парызымыз» деген Президенттің сөзін алға тартуға тура келеді.
Әлемде «ай сайын екі тіл жойылады» деген болжам бар. 1980 жылғы есеп бойынша 7000-ға жуық тіл «тірі» болған. Халықаралық лингвистикалық энциклопедияның мәліметіне сенсек, қазіргі таңда 6300 тіл бар көрінеді. 2010 жылы ЮНЕСКО әлем тілдерінің атласын жасады. Атласқа 2500 тіл мен диалект енген. Бір ғана Еуропада жойылу қаупінде тұрған 212 тіл бар деген мәліметті ұшыраттық.
Зерттеушілер бірде-бір адам сөйлемейтін тілді «өлген тіл» деп есептейді. Лингвист Майкл Краустың пікірінше, адамзат баласының көбі өз тілін жоғалтады. Оның болжауынша, әлемде 6000 тілден тек 600-і ғана қалады. 100 жылда 1200 ай болса, әр айда 2 тіл өледі-міс. Жағына жылан жұмартқалағыр Краус жойылу қаупі төнген тілдерді 5 санатқа бөледі. Қазақ тілін сол санатқа жатқыза бастағандар да төбе көрсетіп жатыр.
Тіл – тарихи категория. Тіл өзінің ішкі даму заңдылығы бойынша бірде өсіп, бірде құлдырап отырады. Белгілі бір дәуірдегі саяси-әлеуметтік құбылыстар әсер етпей қалмайды. Бірақ солай екен деп бар тілді қарап отырып жоғалтуға болмайды.
ХХ ғасырдың басында Ғұмар Қараш: «Тіл болмаса, ұлт та болмайды, яғни ұлт бүтіндей өліп, жоғалған ұлт болады. Ең әуелі ана тілі қажет. Егер ана тілін білмесең, онда сен ол ұлттың баласы емессің. Ана тілін білмей тұрып, ұлт білімін ала алмайсың. Ұлт білімі болмаса, он да әдебиеттің болмайтындығы өзі-ақ белгілі. Әдебиеті жоқ ұлттың өнері де өршімейді», – деп жазды.
90-жылдары Қазақстаннан Венгрияға барған қазақтар жергілікті халықтың қазақ тілін үйренуге ынта-ықыласын байқайды. Қазір бұл елде қазақ тілін меңгергісі келетіндер саны артқан. Негізінен тіл мамандары, тарихшылар мен этнографтар біздің тілді білуге қатты қызығады екен.
Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі.
Бізде мемлекеттік тілді барынша дамытуға, оның халықаралық беделін нығайтуға, Қазақстан Республикасының барша азаматтың мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне қажетті барлық ұйымдастырушылық, материалдар мен техникалық жағдай жасау туралы құжаттар бар. 1997 жылы «Қазақстан Республикасының Тілдер туралы» заңы Президент Жарлығымен бекітілді. Осы заңда қазақ тілін сақтауға және оны дамытуға көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалуы тиіс екені туралы айтылған. Бәрі өзімізге байланысты. Заңға сүйеніп, талап етпейтініміз жаман. Туған тілімізді қастерлеу, құрметтеу, күнделікті өмірде кеңінен қолдану – әрбір азаматтың басты борышы. Соны дұрыс өтеп жүрміз бе?
Қазақ тілі – әлемдегі алты мыңға жуық тілдің ішіндегі қолдану өрісі жағынан – жетпісінші, ал тіл байлығы мен көркемдігі, оралымы жағынан алғашқы ондықтың қатарында тұрған тіл. Дүниежүзіндегі ауызша және жазбаша тіл мәдениеті қалыптасқан алты жүз тілдің және мемлекеттік мәртебеге ие екі жүз тілдің қатарында тұр.
«Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді» деген екен Ғабит Мүсірепов. Тіл – әр ұлттың төлтума байлығы, баға жетпес қазынасы. Тіл бар жерде ұлт та, ел де, жер де бар. Тілден артық қазына, тілден артық қасиет бар ма?!.
Нұртөре ЖҮСІП