ҚУАТТЫ КОМАНДАҒА АЙНАЛДЫ | «Айқын» газеті

0
55

Хайыржан Тақуов – «Нұр Отан» партиясының негізін қалаушылардың бірі. Бүгінгі күні құрметті еңбек демалысында жүргеніне қарамастан, өзі іргесін қаласқан партияның тыныс-тіршілігін қалт жібермей қадағалап отырады. Ал партия туралы аса ыждағатпен әңгімелейді. Жиырма жыл бұрынғы оқиғалардың айы мен күнінен жаңылмай баяндағанда, таңғалмасқа шараңыз қалмайды. Оның пікірінше, биыл партия тарихын жазуға ең бір лайықты да қолайлы кезең. Себебі, партияны құруға атсалысқан көзі тірі куәгерлер басы артық әңгімеге жол бермейді. 

«Партияның құрылу тарихының бұрма­ланғанын мүлдем қаламаймын. Кейін бі­реулер басқалардың еңбегін иемденіп, ойдан аңыз құрастырғанына жол бергім келмейді. Өкінішке қарай, тарихты қайта қарау, заманауи тұрғыда бағалау, талқылау деген адами ерекшелік бар қоғамда. Бізде бастапқы дереккөзге мән бермей, сол замандағы деректі әдебиетті зерттемей ас үй деңгейіндегі әңгімелерді негіз етіп, өткен жылдар оқиға­ларын асығыс-үсігіс бағалап, кітап жаза­тындар көбейді ғой. Партия тари­хына байла­нысты осындай салғырт қаты­настың орын алуына қарсымын. Өз басым объективтілікті жақтаймын. Сон­дықтан да біз – партияның құрылуына қатысымыз бол­ған адамдар ретінде «Отан» партиясының тарихы («Нұр Отан» партиясының алғашқы атауы) таза парақтан басталғанын мәлімдейміз.
Партия шежіресі туралы айтқанда, ә дегеннен еске 1998 жылы Нұрсұлтан Назар­баевтың Президенттік лауазымға кандидат­тығын қолдау жөніндегі Қоғамдық штабы­ның құрылуы түседі. Сергей Терещенко мырзаның шақыруымен (екеуміз ертеректе бірге жұмыс істегенбіз) штабтың атқарушы директоры болып жұмыс істеуге кірістім. Штабтың аймақтық филиалдары болды, жұмысымыз біртұтас механизм секілді жолға қойылды. Президент сайлауы абыроймен өтті. Ал штабта жұмыс істеген мыңдаған мүдделес армиясы ары қарай не істейміз деген сұрақтың жауабын таба алмай абдырап қалды. Әсіресе, өңірлерден «біз енді ары қарай не істеуіміз керек? Штаб шынымен таратыла ма? Алда тағы да сайлаулар болады емес пе?» деп телефон шалып, сұрақтың астына алды. Содан кейін штабты партияға айналдыру туралы шешім қабылданды. Сондықтан да осы тұста партияны құруға билік бастамашы болды деген болжамды сенімді түрде жоққа шығарамын. Партия ел Президентінің саясатын қолдаған қоғамдас­тықтың тілегі негізінде пайда болды.
1999 жылдың 1 наурызында Алматыда партияның құрылтайшылық съезін өткіздік, сол күннің екінші жартысында қата­рымызға бірнеше партия мен қозғалыс қосылды. Осылайша, «Отан» партиясы дү­ниеге келді. Алғашқы жылдары партияның жағ­дайы айтарлықтай жақсы болмады, аймақтағы атқарушы директорлар ұзақ уақыт жалақы­сыз жұмыс істеді, олар партияға адалдығын осылайша дәлелдеді.
Әлі есімде, алғашқы кездері Сергей Терещенко жетекшілік еткен «Интеграция» қорымен бір кабинетте қысылып-қымты­рылып отырдық. Аталған қор партияға шамасы келгенше көмектесіп тұрды. Біз де мүмкіндігінше демеушілер табуға тырыстық. Партияның жеке ғимараты болмады. Әр жерге көшіп-қонып жүрдік, сондағы ойы­мыз – ақша үнемдеу. Біз тіпті бұрынғы Азық-түлік өнеркәсібі министрлігінің лабораториясында да жұмыс істегенбіз. Айналамызда зертханалық жұмыс үшін қолданылатын түрлі-түрлі шыны сауыттар… сол ғимаратта жөндеу жүріп жатты ма, әй­теуір айналаның бәрі шаң, құм болатын. Ал орталық кеңседе бұған дейін министрлікке дейінгі жоғары қызметтер атқарғандар жұмыс істеді. Сол кезде жоғары жаққа өті­ніш айтып, жайлы да жабдықталған кабинет сұрау ойымызға келмепті. Бұл партияның елдегі белсенділер бастамасымен құрылғанының бір дәлелі деп білемін.
2005 жылы партияның бас кеңсесі Ас­танаға қоныс аударды. Сол жылы Прези­дент сайлауы өтті. Осыдан кейін партия саяси оқиғалардың эпицентрінде болуы керек деп шешілді. Ол кезде «Отан» партиясының Саяси кеңесінің мүшесімін. Бұл партия­мыздың қатары толыға түскен, аймақтар мен ұжымдарда партия жұмысы белсенді сипат алған кезең болатын.
«Нұр Отанның» халықшыл партияға бір күнде айнала салған жоқ. Бірінші кезекте халықтың әлеуметтік тобына назар аудар­дық. 2001 жылы өткен партия съезінде ша­ғын және орта бизнесті қолдау бағдар­ла­масын бекіттік. Бағдарлама бекісімен пар­тияға кәсіпкерлер де келе бастады. Мүм­кіндігі шектеулі жандарға да баса назар аудар­дық, түрлі салада шаралар ұйым­дастырдық. Мәселен, Қаскелең ауданының қатардағы мектебі бастамашыл болған бокс турнирін халықаралық турнир деңгейіне жеткізе алдық. Әскери-патриоттық тәрбиеге де көңіл бөлдік. Халыққа жаңа идеяла­ры­мызбен жақындай түстік. Халық тарапынан да түрлі идеялар ұсыныла бастады. Оның барлығы партияның алдағы жұмыс жоспа­рына енгізілді. Біз көшбасшымыз ретінде Мемлекет басшысын атағандықтан, оның барлық тапсырмасының жергілікті жерлерде орындалуына ықпал еттік.
«Нұр Отанның» бүгінгі тыныс-тірші­лігі­мен жақсы таныспын. Партияның бұрын­ғыдай көшбасшы екені көңіл қуантады. Жиырма жыл ішінде «Нұр Отан» еліміздегі мүдделестердің күшті де қуатты командасына айналды.
Бүгінде қатардағы зейнеткер ретінде тележаңалықтар қараймын, газет оқимын, сондағы түйгенім, партия атынан сайланған депутаттар әлі де белсендірек болса екен. Бізде неге барлық бастама Президенттен шығады? Бұл депутаттық жұмыс қой. Депутаттар аймақтарды аралайды, ел мұңын тыңдайды. Сол мәселені неге Парламент мінберінен Үкіметке жеткізбеске. Мәселенің ушығып кетуіне жол бермеу үшін де депутаттарымыз жедел жұмыс істеуі керек. Партияның жас көшбасшылары халыққа жақын болса, ашық болса деймін.
«Нұр Отанның» көптеген жобасы қазақ­стандықтар тарапынан қолдауға ие болып отырғанын білемін. Осы бағыттан таймасын, жеңістің бәрін халықпен бірге бағындырсын!

Дайындаған
Айдана БЕГІМ

Дереккөз: Айқын