Қуаныш Бейсеков «Ирина Кайратовна» жобасын тастап кетті
«Ирина Кайратовна» тобының клиптерінің бас режиссері Қуаныш Бейсеков жобадан кетті. Бұл туралы ол Instagram-дағы парақшасында айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Пост сирек саламын, сол себепті осы сәтті қолданып оқырмандарымды тәуелсіздікке жеткен күнімізбен құттықтағым келіп тұр. Ұлтымызды таңдамасақ та, қазақ болып, тәуелсіздікті енді алған заманда жайдан-жай тумағанымды күннен-күнге қатты сезініп келемін.
Тағы да айтарым, мен «Ирина Кайратовна» жобасынан кеттім. Әрі қарай өзімнің Yelimai education қорым арқылы қазақ тарихы мен этнографиясын жеңіл түрде жеткізуге бел будым. Балалармен бірге бәріміз үлкен заттарды армандап, суық Астанада жұмысымызды бастап едік.
«Ирина Кайратовна» — әрдайым жүрегімде ерекше орын алатын жоба. Алдияр, Азамат, Илья, Жаслан және Ұланға үлкен рақмет, сендерсіз қайда болатынымды білмейді екенмін. Беретінімді бердім деп ойлаймын, ары қарай жаңа белестерге жол тарттым», — деді Бейсеков.
«Ирина Кайратовна» шығармашылық тобының мүшелері — Азамат Маркленов, Алдияр Жапарханов, Илья Гуменный және Жасұлан Оңғаров жобаны ЕҰУ қабырғасында құрған. Бастапқыда жігіттер вайндар мен скетчтер түсірді, кейінірек олар музыкалық топқа айналды.