Қуандық Бишімбаевтың жазасын қайда өтейтіні түрмеде немен айналысатыны белгілі болды
Әйелі Салтанат Нүкенованы қатігездікпен өлтірген Қуандық Бишімбаевтың әлі де тергеу изоляторында екені белгілі болды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Теңізжан Жәнібеков бейсенбіде өткен брифингте Бишімбаевтың қандай жерде екенін айтты.
Төраға сонымен қатар Бишімбаев колонияға қамалғаннан кейін бұл туралы сотталушының туыстары мен барлық мүдделі тұлғаларға хабарланатынын атап өтті.
«Сотталған Бишімбаев қазір тергеу изоляторынан әлі кеткен жоқ. Бір-екі күнде мәселе шешіледі. Бекіту жоспарына сәйкес, ол жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өтейді», – деді Жәнібеков.
Оның айтуынша, колонияға ауысқаннан кейін Бишімбаевта 15 күндік карантин болады. Содан кейін оны тиісті жасаққа жібереді. Мұнда тәрбие жұмыстары жүргізіліп, психологпен жұмыс ұйымдастырылады.
«Еңбек» РМК-да ол ағаш өңдеу, металл өңдеу бағыттары бойынша жұмысқа орналаса алады. Жұмыс қай бағытта бос орын болуына байланысты таңдалады. Бізде әр мекемеде тікелей жұмыспен қамту бөлімі бар. Келгеннен кейін 15 күн карантинде болады. Біз оны зерттеймізa, кешенді іс-шаралар өткізіледі», – деп толықтырды ҚАЖК басшысы.
Сонымен Теңізжан Жәнібековтың айтуынша Бишімбаев жазасын Аршалы колониясында өтейді. Бұл калония Ақмола облысында орналасқан.
Айта кетейік, бұған дейін әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Ал екінші айыпталушы Бақытжан Байжанов 4 жылға сотталды.
Кейіннен аппеляциялық сот Бишімбаев пен Байжановқа қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды.