ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай Қытайда марафон өтті

0
25 Қараша 2018, 14:38 109 0

Астана, BAQ.KZ. Тұңғыш Президент күніне арналған спорттық мәдени шаралар алыс-жақын шет мемлекеттерде басталып кетті.

Хабар 24 арнасының хабарлауына қарағанда, Қытай астанасы Бейжіңде «президенттік мильден» халықаралық жарыс өткізілді.

Оған Қазақстан, Қытай, Ресей, Үндістан, Пәкістан, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстан елінің өкілдері қатысты.

«Еліміздің бүгінгі жетістіктері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Сондықтан Тұңғыш Президент күні бүкіл халықтың қолдауынан шыққан мереке», – деп атап өтті жарыс алдында сөз алған елші Шахрат Нұрышев.

Ал ерлер арасында 2400 метрге жүгіруден Ресей елшілігінің өкілі Иван Большаковтың бағы жанды. Екінші орын отандасымыз Арыстан Алибаевқа бұйырды. Үздік үштікті тағы бір жерлесіміз Руслан Сүлейменов қорытындылады. Жеңімпаздар мақтау қағазымен және кубокпен марапатталды.

«Бұл жарысқа қатысу мен үшін үлкен тәжірибе болды. Күннің көңілді әрі пайдалы өткеніне қуаныштымын. Жаңа таныстар таптым, жақсы қарым-қатынас орнаттым. Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне арналған шараның жоғары деңгейде өткенін атап өткім келеді» — дейді үшінші орын иеленген үндістандық желаяқ Вишуанжиали Гаиквад.

Үш жылдан бері биыл бірінші рет қыздар арасында да сайыс ұйымдастырылды. Қазақстан, Ресей және Үндістан өкілдері үздік үштікке ілінді. Бірінші орынды жерлесіміз Камила Сүлейманова жеңіп алды.

«Біз шынымен бүгін жүгіріп, рахаттанып қалдық. Мұндай шара біздің байланысымызды одан әрі арттыруға мүмкіндік береді. Басқа да елшіліктер осындай достыққа шақыратын шаралар ұйымдастырады деп үміттенеміз» — дейді Пәкістан елшілігі атынан жарысқа қатысқан Хафиз Уллах.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ