ҚР Тұңғыш Президенті күні — Нұрсұлтан Назарбаев туралы естеліктер

0

Фото: Автор

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2003 жылдан бері Днепродзержинскідегі металлургиялық училищеде бірге оқыған курстастарымен кездесуді дәстүрге айналдырған. Курстастар кездесуі қалай өткені туралы, естелік суреттердің тарихы туралы Елбасының курстасы Тельман Спаев әңгімелеп берді. Бұған дейін Президенттің студенттік өмірі, студенттік достары мен қызықты оқиғалары туралы жазған болатынбыз.

Тельман Спаев үйінің төріне екі фотосурет іліп қойған. Фотодағы кейіпкерлердің бәрі – Тельман ақсақалдың курстастары. 1958-60 жылдары Днепродзержинскідегі металлургиялық училищеде бірге оқыған. Бұл фотолар сол курстастардың араға жарты ғасыр уақыт салып, 2003 жылдың 20 қазанында түсірілген. Содан бері 15 жыл өтсе де осы бір кездесудегі әңгіме Тельман Спаевтың жадында жаттаулы. Бұл туралы «Қызылкөпірдегі кездесулер» /«Встречи на Красном мосту»/ кітабында да жазған. Ақсақалдың айтқаны мен кітабында жазғаны қаз-қалпында мынадай әңгімеге айналды.

Елбасымен бейресми кездесу. 2003 жыл

Днепродзержинскідегі техникалық училищені бітіргенімізге жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де, 29-топтың горновойлары ара-тұра жиналып, жүздесіп тұруы – дәстүрімізге айналған. Ұмытылмас ескі достығымыздың мызғымайтынын сезінеміз.

Шынына келгенде, тобымыздың старостасы болған Нұрсұлтан Назарбаевтың Мемлекет басшысы болғалы әр минуты есептеулі, уақыты санаулы. Дегенмен ол бізбен кездесуге уақыт табады.

2003 жылы жазда Шымкентте сондай бейресми кездесуіміз өтті. Кездесуді курстастарымыздың бірі, сол кездегі Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты Сатыбалды Ибрагимов ұйымдастырды. Ол әрдайым бәрімен жақсы қарым-қатынаста болды. Мықты спортшы болған. Еркін күрестен КСРО спорт шебері атағын алған.

Оның студент кездегі өмірін сценарист Нұрлан Санжармен бірге Днепродзержинскіге барғанымда есіме түсірдім. Сол кезде сценарист Нұрлан кәсіби дағдысына салып, біз оқыған училищенің ғимаратын айнала фотоға түсіріп шықты.

Ең алдымен Пелин көшесін, сосын Прометейдің ескерткішін, скверді суретке түсіріп, сосын жолды кесіп өтіп, Новотроицк шіркеуіңнің көне де әсем ғимаратын кадрға алды. Кейін училищенің ауласына кіріп, біз тұрған бөлмелер орналасқан екінші қабаттың терезесін фотоаппаратына түсіре бастады.

Металлургия теориясынан сабақ берген ұстазымыз – Нина Филипповна Быковская оның соңынан әрең ілесіп, оған әлденелерді түсіндіріп жүрді. Сонда Нина Филипповна:

«Мына терезені көрдіңіз бе, оны да суретке түсіріңіз! Бұл бөлмеде біздің Нұрсұлтан тұрған. Ол сабағын үздік оқып, түннің бір уағына дейін кітапқа үңіліп отыратын. Кейде оның бөлмедегі көршісі Сатыбалды Ибрагимов достарымен кетіп, кеш оралатын. Ол келгенде жатақхананың есігі жабық тұрады. Ондайда Сатыбалды терезеге тас лақтырып, Нұрсұлтаннан өзі жоғары көтеріп алуын өтінетін. Нұрсұлтан төсек жаймаларды бір-біріне байлап, төмен тастап, қарулы қолдарымен Сатыбалдыны жоғары көтеріп алатын. Жап-жас жігіттер ғой. Адам өміріндегі мұндай оқиғалар ешқашан ұмытылмайды» дегені әлі есімде.

Сатыбалды Ибрагимовтың курстастар бейресми кездесуін өткізу туралы идеясын бәріміз бірауыздан қолдадық. Расымен де қаншама жыл өтіпті! Бір-бірімізді қайта көретінімізге қуандық. Межелі күні Шымкенттегі жалға алынған мейрамхананың алдында тұрып, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың келуін күттік. Арамыздан біреуі старостамызды сапқа тізіліп тұрып күтіп алуды ұсынды. Балалар сияқты бой-бойымызбен сап тізіп тұра қалдық, бірақ училищеде жүргенімізде дене шынықтыру сабағында басқаша сап түзейтінімізді еске түсірдік. Сөйтіп дене шынықтыру сабағында бірінші мен, менің артымда Рыспанбек тұратыны еске түсті.

Улап-шулап, балаша мәз болып, жарты ғасыр бұрын дене шынықтыру сабағындағы қатарымызды түзеуге тырысып, бір-бірімізді қағытып, қалжыңдастық. Сондағы телеоператорлар біздің бұл қылығымызды көріп, күліп жатты.

Сол сәтте бәріміздің назарымыз бірден сыртқы есікке ауды. Бұрылыстан автокөлік кортежі көрінді. Президент машинадан түсіп, бізді көріп, сап түзеген қатарымызға таңдана қарап, бізге жақындады.

– Сендер не училищедегідей сап түзегенсіңдер ме?

Бәріміз ду күлдік. Нұрсұлтан Әбішұлының сол кездегі сап түзеу тәртібімізді есінде сақтап қалғаны қуантты. Президент ең алдымен менің қолымды қысып, амандасты. Сосын Рыспанбек Төлендиевті құшақтады.

– Рыспанбек! — деген Назарбаевтың дауысын естіген ол баладай шаттанды.

Содан кейін Тұрғынбек Орынбаевты құшақтап, сосын Марат Қыстаубаевты көріп:

– Марат?! Екеуміз аккордеонда ойнауды қалай үйренгеніміз есіңде ме? — деді.

Сосын Алтай Салимовқа жақындап, қолын қысып, көзіне қарап:

– Алтай, қазір немен айналысасың? — деп сұрады.

– Қазір зейнеткермін, бірақ әлі де бизнеспен айналысамын, — деді Алтай.

– Қандай бизнес?! Сен деген қыздардың ортасында гүл едің ғой, — деп әзілдеді Назарбаев.

– Қазір уақыт өтті, — деді Салимов.

Сосын Нұрсұлтан Әбішұлы Жасұзақ Сұлтанбековқа жақындап:

– Жасұзақ, сені молда болып кетті деп естідім, рас па, әлде әзіл ме? — деп сұрады.

– Рас. Қазір Алматыдамын, — деді Жасұзақ.

Президент Аманәлі Әбдірамановты көріп::

– Аманәлі, сен бәліш жеудің хас шебері едің ғой, — деді күліп.

– Иә! Мына Сатыбалды да менің оны әрдайым бәлішпен сыйлағанымды айтып жатыр, — деді Аманәлі.

Сосын Нұрсұлтан Әбішұлы Рахметулла Жанарбаевтың қолын қысып тұрып:

– Рахметулла, сен қай жақта тұрып жатырсың? — деп сұрады.

– Мен қазір де Теміртауда темір ұстасымын, — деді Рахметулла.

– Теміртауда?! — деп таңданған Президент әдеттегідей көзімен көмекшілерін іздеді. – Онда мен Теміртауға келгенімде сені неліктен менімен кездесуге шақырмайды? Мұны түзету керек.

Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бұрынғы курстасы, белгілі демограф-ғалым, бүгінде бақилық болған Мақашбек Тәтімовты көріп, оның демографиядағы ғылыми қызметін меңзей әзілдеп:

– Мақаш, Мақаш-ау! Сен маған профессор ретінде, социолог ретінде, демограф ретінде айтшы… Сен өзіңе екінші әйел – тоқал алдың ба?

Бәріміз күлдік. Ал Тәтімов қипақтап қалды, бірақ Назарбаев әзілдеуін жалғастырып:

– Жо-жоқ! Мақашбек, мен саған екінші әйел алуды тапсырамын. Сосын оны ғылыми журналға жарияла. Әлде сен бәйбішеңнен қорқасың ба?

– Жоқ, қорықпаймын, Нұреке! Мен әлдеқашан үйленгенмін! — деді Мақашбек.

– Расымен үйлендің бе? Жарайсың! Бәріне Президенттің досы екеніңді, екінші әйел алғаныңды айт. Сөйтіп үлгі боласың! Елімізде біреу демографиялық мәселені шешуге кірісуі керек. Барлық журналистерге «екінші әйел алуыма Президент рұқсат етті» деп айт! — деді Назарбаев.

Біз қымбатты старостамызды қаумалай қоршап, өткен-кеткенді әңгімеледік. Жастық күндеріміз ешқайда кетпегендей, жанымызда жүргендей болды.

Бәріміз шат-шадыман күйде кең жайылған дастарханға отырып, достық үшін, ер адамдардың достығы үшін, ешқашан ұмытылмайтын жастық күндеріміз үшін бокал соғыстырдық.

Кенеттен арамыздан біреуі студенттік жылдарымыздың ең ғажайып әні – «Қайдасыңдар, достарым?» әнін шырқай бастады. Осы бір әнде неткен керемет сөздер жатыр:

Достар, достар, жүрсің қайда?!

Бірге еді ғой жанымыз.

Еске алысып осындайда,

Кел, шырқайық бәріміз!..

Бұл әнді әрбір қазақ білсе керек. Ұзақ көріспей жүрген жандардың ішкі тебіреніс-толғанысын дөп басатын ән. Дастарқан басындағы кездесулер әралуан болады. Себептері де сан қилы болады. Бірақ, ең кереметі – нағыз достардың, талай қиындықты басынан өткеріп, шыдас берген достардың кездесуі болса керек.

Екі фотоның тарихы

Назарбаев Президент болғанынан кейінгі алғашқы курстастар кездесуін қолындағы суретке қарап отырып әңгімелеген Тельман қарт:

– Бұл суретте яғни қыздыру пешінің дәнекерлеуші-слесарі, кран машинисі және домна пешінің горновойы топтарында оқыған жігіттер жиналған кезі бейнеленген. Түгел емес. Аталған үш топтағы жігіттердің саны 70-ке жуықтайтын. Мұнда соның бір ширегі бар. Мына оң жақ шетте менен кейін тұрған Рыспанбек қой. Жақын досым. Бойы менен ұзын. Боксер әрі шахматист еді, — деді.

2003 жылғы кездесу Шымкенттегі Кенбаба этнопаркінің ішінде орналасқан мейрамханада өтіпті. Кешкі сағат 19:00-де басталып, түнгі сағат 23:00-ге дейін жалғасқан.

– Президент біздің ортамызда құдды студент кезіндегідей қалпында отырды. Тірлігі қауырт қой. Графигі бар. Сонда бізге «Мен деген арқандаулы бұзау сияқтымын. Ана жаққа, мына жаққа кете алмаймын. Сендер қаласаңдар Астанаға, қаласаңдар Алматыға барасыңдар. Қаласаңдар маған келесіңдер» деп айтты, — деген Тельман қарт екінші суретте біршамасының қолына неліктен парақ ұстап тұрғандарын түсіндірді.

– Мұнда «Қайдасыңдар, достарым?» әнін қайта айтып тұрған сәтіміз, — деді.

Президент сыйлаған сағат

2003 жылғы кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев барлық курстастарына швейцариялық сағат пен «Өз көзіммен» атты авторлық кітабын сыйлапты. Тельман ата ол сағатты былтыр немересіне беріпті. Үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген қарт бүгінде қара шаңырақта немересін үйлендіріп, қолына алған. Ол сағаттың әлі күнге дейін істеп тұрғанын айтты. Ішінде Елтаңба бедерленіп, Президенттің қолтаңбасы қойылған сағат 15 жылдан бері өңін бермеген. Мұны сағатты тастамай тағып жүрген Тельман атаның немересі – Мұратбек де растады.

– Әдемі сағат. Көзге жақсы түседі. Достарым, әріптестерім, бәрі-бәрі қызығып қарайды. Бауын қысқарту үшін, сағат жөндейтіндерге барғанымда «Мынау жақсы сағат ғой, қайдан алғансың?» деп сұрады. «Көріп тұрсың ғо, сыйлыққа берілген» дедім, — ол.

Елбасымен екінші кездесу. 2008 жыл

Назарбаевтың қатысуымен болатын курстастар кездесуі екінші рет араға 5 жыл салып, Теміртауда өткен. Бес жыл болуының мәні сол, 2003 жылғы кездесуде Президенттің бастамасымен әр бес жыл сайын кездесіп тұруға уағдаласқан екен.

– 2008 жылы Теміртауға шақырды. Кездесуге 25 адам жиналдық. Сонда болып, 3 күндей жатып, демалып қайттық, — деген Тельман ата сөреде тұрған кәдесыйларды нұсқап, оларды Елбасы курстастарына Теміртаудағы кездесуде бергенін айтты.

Теміртауда тұрғызылған «Металлургия» монументінің кішкене көшірмелерінің бірін 2008 жылы сыйласа, екіншісін 2009 жылы – Теміртауда Нұрсұлтан Назарбаев музейі ашылғанда тарту етіпті.

«Идея авторы ретінде 600 мың теңге алдым»

Тельман Спаев Нұрсұлтан Назарбаев туралы екі кітаптан бөлек, сценарист Нұрлан Санжармен бірге сценарий де жазыпты. Сол үшін 2010 жылдары арнайы Украинаға барып, Днепродзержинскідегі училищеде болған.

– Қазақфильмге бардым. Жазған кітаптарымның желісімен кино түсіретін болды. Бір күні Нұрлан Санжар деген режиссер кездесіп қалды. Екеуміз Украинаға барып, 5 күн бойы сценарий жаздық. Қазақфильммен келісімге отырдық. Идея авторы ретінде 600 мың теңге сыйақы алдым. 2009-2010 жылдары болу керек. Сценарий жазылды, бірақ фильм түсіруге қаржыландыру жетіспеді. Кейін режиссер Рүстем Әбдіраш түсірген фильмді көрдім, — деді ол.

«Елбасымен үшінші кездесуге бара алмадым»

Әр бес жылда өтетін кездесулердің үшіншісіне Тельман Спаев қатыса алмапты.

– 2008 жылы Теміртаудаға кездесуден кейінгі курстастар кездесуі 2013 жылы Астанада өтті. Ол кездесуге белгілі бір себептермен бара алмай қалдым, — деген Тельман Спаев 2013-тен бері бес жыл өткенін, тағы межелі кездесудің мерзімі жеткенін айтты.

Тельман ат студенттік жылдарынан, кейінгі курстастар кездесуінде түскен фотоларды біртіндеп көрсете бастады.

«Қайдасыңдар, достарым?» әнінің ырғағымен ыңылдап отырған ата:

— Қазір өңірдегі курстастарымның бәрімен араласып тұрамын. Тойларда, қуаныштарда жиі бас қосамыз, — деп, әңгімесін аяқтады.

Фотолар: автор














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ