ҚР Конституциясының 25 жылдығына орай жаңа медаль тағайындалды — Қазақстан жаңалықтары

0

Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығы құрметіне арналған мерекелік медаль шығарылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

медаль

Бұл туралы Ақорда сайтында жарияланды. 

«Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етуге, Қазақстан Республикасының конституциялық негіздерінің қалыптасуы мен дамуына, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға елеулі үлес қосқан Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетел азаматтарын көтермелеу мақсатында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығы құрметіне ҚАУЛЫ ЕТЕМІН: 

1. «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалі тағайындалсын.

2. Қоса беріліп отырған:

1) «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалімен наградтау қағидалары;

2) «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалінің сипаттамасы бекітілсін.

3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі», — делінген президент жарлығында. 

«Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалі (бұдан әрі – мерекелік медаль) белгіден және тағаннан тұрады.

Мерекелік медальдың белгісі алтын түстес жезден жасалады, диаметрі 34 мм дұрыс шеңбер болады.

Мерекелік медальдың беткі жағында (аверсте) бірінші көріністе Қазақстан Республикасының Конституциясын білдіретін, ортаңғы бөлігінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы орналасқан ашылған кітаптың бейнесі жасалған. Кітаптың астында көгілдір эмальмен құйылған «25 ЖЫЛ» деген жазу орналасқан. Аверстің барлық реңі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туымен түстес эмальмен құйылған. Шеңбердің ішінде аверстің шетін бойлай «ҚАЗАҚСТАН КОНСТИТУЦИЯСЫНА» деген жазу бар. Аверстің төменгі бөлігінде ұлттық ою-өрнек бейнеленген. Мерекелік медальдағы барлық бейнелер мен жазулар шығыңқы әрі жылтырақ.

Мерекелік медаль құлақша мен шығыршық арқылы ені 32 мм және биіктігі 50 мм алты бұрышты тағанмен жалғасады.

Таған ені 32 мм көгілдір түсті жібек қатқыл лентамен қапталған. Лентаның ортасында ені 8 мм сары жолақ өтеді.

Тағанның сыртқы жағында бұйымды киімге бекітетін визорлы бекіткіші бар түйреуіш орналасқан.

stan.kz