ҚР Ішкі істер министрлігі Қарағандыдағы оқиғаға қатысты түсінік берді
ҚР Ішкі істер министрлігі Қарағандыда болған төбелеске қатысушылардың бірі – азамат Гурурянға полицияға өз еркімен келуге кеңес берді. Бұл туралы ведомствоның ішкі және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алмас Садубаев хабарлады.
Полицияның мәліметінше, Қарағандыда бұзақылық жасағаны және кісі өлтіргені үшін қазір сегіз адам ұсталып, қамауға алынып отыр, олардың біреуі – Гурурянға іздеу жарияланды. Күдікті интернет арқылы полицияға келуге дайын екенін мәлімдеген.
Іздестіру ісі шеңберінде полицейлер тобы ол болуы мүмкін жерлерге жол жүріп кетті. Желіде оның өз еркімен берілуге дайын екені туралы үндеуінің пайда болуына байланысты екі күн бұрын туыстарына қызметкерлеріміздің байланыс мәліметі берілді. Бірақ бүгінге дейін ешкім хабарласпады, – деді Алмас Садубаев.
ҚР ІІМ ішкі және сыртқы коммуникациялар департаменті директорының хабарлауынша, министрлік бұл оқиғаның объектив әрі жан-жақты тергелетініне кепілдік беріп отыр және азамат Гурурянға жазасы ауырламауы үшін полиция қызметкерлеріне ерікті түрде берілуді ескертеді.
Тергеу барысы ҚР Ішкі істер министрлігінің айрықша бақылауына алынды, – дейді Алмас Садубаев.
Қарағандыдағы мейрамханалардың бірінде қаңтардың 1-і күні болған оқиға қоғамдық резонанс туғызып отыр. Төбелес салдарынан 23 жастағы жігіт қайтыс болды. 24-27 жас аралығындағы тағы үш жігіт ауруханаға түскен. Кейін олардың екеуінің үйлеріне қайтарылғаны белгілі болды.
6 қаңтар күні Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов қайтыс болған жігіттің туыстарымен кездесіп, оқиғаға кінәлілердің тиісті жазасын алатынын айтты.
Жаңа жыл түні болған оқиға жөнінде Арменияның Қазақстандағы елшілігі және Арменияның Сыртқы істер министрлігі түсінік берді. Елшілік ақпарат құралдарынан ресми мәліметке ғана сүйеніп, оқиғаны ұлтаралық жанжал ретінде көрсетуі мүмкін тексерілмеген ақпаратты таратпауды өтінді. Армения Сыртқы істер министрінің орынбасары Шаварш Кочарян қайтыс болған азаматтың туыстары мен жақындарына көңіл айта отырып, бұл оқиғаға қатысты Қазақстан мен Армения тарапының ұстанымы бірдей екенін және оның тұрмыстық қылмыс екенін мәлімдеді.
Дереккөз: Baribar.kz