«Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу» күнін өнер жұлдыздары тойлай ма?
Көктем – күллі адамзат үшін сезімнің, шуақтың, шабыттың, яғни махаббаттың символы іспетті. Адам көңіліндегі тазалық пен сұлулықтың иесі, армандардың қасиетті киесі – махаббат. Сондықтан да бар адамзат үмітіне өмір берер, сеніміне шуақ себер – қасиетті сөз махаббат.
Ғашықтар мерекесінің сәуір айының 15-інде өтуінің өзі – бұл кез көктем мезгілінің бел ортасы. Сезім мерекесінің қажеттілігі сол, кеудесінде жұлқынған жұдырықтай жүрегі бар адам – сезімін махаббат арқылы мойындайды.
Деректер бойынша, бұл мерекені атап өтуді Оңтүстік Қазақстан облысында 1999 жылы Дархан Мыңбай ұсынып, жастар ұйымдарын, оқу орындарын, ақпарат құралдарын соған шақырған. Батыстағы мерекелерді ескеріп, ешқандай күнге тура келмесін деп, дәл осы күнге қойылған болуы керек. Көкшетау қаласында сәуірдің 15-і күні 2012 жылы тәуелсіздік алаңында ерікті жастармен бірге тойланған.
«Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу» күнін өнер жұлдыздары атап өте ме? Жалпы, ғашықтар күніне көзқарастары қандай? Романтик пе? Осы сауалдарға kznews.kz тілшісі жауап алып көрді:
Қарагөз Сүлейменова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші, тележүргізуші:
— Ғашықтар күніне көзқарасым өте жақсы. Біздің менталитетке жақын болмағанмен, «махаббатсыз өмір жоқ» деп ойлаймын. Содан, ерлі зайыптылар пайда болады, содан отбасы құрылады. «Қыз-жігіт» деген түсінік те керемет. Үлкен махаббаттың көрінісі. Заман өзгеріп жатыр. Жаман дүние емес деп есептеймін.
Біз әдейілеп атап өтпейміз. Балаларымның туған күндерінде, үйленген күндерімізде сыйлық беріп жатамыз. Балаларды дүниеге алып келгенім үшін, балалардың туған күнінде отағасы маған да қосымша сыйлық береді. Азамат ретінде түсініп мән бегені әйел ретінде мені қуантады. Алғысымды айтамын. Мен үшін өте қымбат. Ағаларың уақыт өте келе, соңғы жылдары романтик болып жүр. Көңіліме қатты қарайды. Қарсы алғанда гүл шоқтарымен қарсы алып жатады. Содан нәзік екенімді, мен оған керек екенімді сезіп жатамын.
Өмірқұл Айниязов, әнші:
— «День Валентины» деген күн бар. Жас кезімде сол мерекеде келіншегіме гүл сыйлаған кездер болды. Артынан мейрамның тарихын түсінгеннен кейін тойламайтын болдық .
Қозы Көрпеш Баян Сұлу күні соңғы жылдары шықты.Ғашықтар күнін тойлайтын уақыттан өтіп кеттік деп ойлаймын. Жастар тойлап жатса еш қарсылығым жоқ. Ең бастысы бақыттары баянды болсын. Қозы мен Баянның махаббатының аяғы жақсы болған жоқ.
Мирас пен Құралай; жұлдызды жұп:
— Ғашықтар күнін тойлап, қыз бен жігіт ата-аналарымен алдын ала танысу кішкене бізге жат сияқты. Бірақ, заман өзгерген сайын, адамдар да өзгеруде.
Біз ғашықтар мерекесін тойламаймыз. Одан бір-бірімізге деген сезім азайған емес. Туған күн, отбасылық мерекелерде бір-бірімізді құттықтап, сыйлықтарымызды беріп отырамыз. Жалпы, күн сайын бір-бірімізді сыйлап, ренжітіп алмауға тырысамыз.
Ерлан Орынбасаров пен Баян Нұрмышева, жұлдызды жұп:
— Әлем махаббатпен әдемі. Сол себепті «ғашықтар күні» күнтізбемізде болғаны дұрыс. Махаббат пен сенім барда көп жетістіктерге жетуге болады. Романтиктер қатарынан өзімді көре аламыз. Жиі бір-бірімізді қуантып, бірге қыдырып тұрамыз. Себепсіз сыйлықтың жиі болғаны орынды. Бастысы өзгенің мерекесін өз ұлтымызға сіңірмесек болғаны.