“Қожайынның қойнына жатқызды”. Сайрагүл Сауытбайдың кітабындағы жан түршіктірер жайттар

0

Немістің «Deutsche Welle» ақпарат агенттігі қуғын-сүргінді бастан өткерген Сайрагүл Сауытбайдың кітабына шолу жасады деп хабарлайды Dalanews.kz.

«Сайрагүл ауыр да азапты жолдан өтті. Бір кезгі мемқызметкер, мектепке дейінгі бірнеше мекемені басқарған ол Швециядан саяси пана тапты. Алайда әлі күнге дейін Қытайдан төнер қауіп сейілген жоқ.

Қытай билігінің құрығы ұзын, соған қарамай Сайрагүл «әлем мен көрген тозақты естіп-білуі тиіс» деп есептейді.

2017 жылы Сайрагүл Қытайдағы репрессиялық жүйенің тұзағына түседі.

«Оның қандай азаптан өткенін айтудың өзі ауыр», – дейді Сайрагүлдің «саяси лагерьдегі» бастан өткерген тауқыметті күндерін бірлесіп жазған Александра Кавелиус.

«Бас куәгер» деп аталатын бұл кітап Сайрагүлдің төл туындысы. Кітапта қазақ әйелі осындай лагерьдегі азапты күндерін боямасыз баяндайды», – дейді «Deutsche Welle».

Неміс агенттігі осы арада кітаптағы саяси лагерьлерге тоқталады.

Шыңжаңдағы Іле-Қазақ автономды округінде туған 43 жастағы Сайрагүл Сауытбай төрт жыл бұрын Қытай билігінің пәрменімен құрылған «саяси лагерьге» тоғытылады.

Қытай билігі мұндай ошақтарда қауіпті ислам лаңкестерін қайта тәрбиелеп, оларға қытай тілі мен мәдениетін сіңдіру жұмысы жүргізілетінін мәлімдеген.
Алайда Сайрагүл ол жақтағы шынайы ахуал ресми мәліметпен мүлде үйлеспейтінін, «саяси лагерьлерде» адамға зорлық-зомбылық жасау үйреншікті іс екенін айтады.

Дәрігерлер тұтқындарға тәжірибе жасап, оларға түрлі дәрі-дәрмек егіп, «қара бөлмеге» қамап қояды. Ол айтқан «қара бөлме» тұтқындарды электроүстелге отырғызып, ойына келгенді істейтін қапас бөлме.

Сайрагүлдің сөзінше, оны осы бөлмеде есінен танғанша талай рет азаптаған.

Оның айтуынша, ұйғыр автономды округі деп аталатын Шыңжаң өлкесі «әлемдегі ашық аспан астында орналасқан ең үлкен абақты».

Құқыққорғаушылардың мәліметінше, Қытайда миллиондаған тұтқынды азаптап,  өлімші қылатын 1200-ге тарта лагерь бар.

2019 жылы Tagesschau.de порталына берген сұхбатында қытайтанушы Адриан Ценц: «Мұндай лагерьде азаптаудың небір жантүршіктірер жолдары бар. Бүтін бір ұлтты қытайландыру саясаты мемлекеттік деңгейде жүргізілуде» деп мәлімдеген.

 

«Deutsche Welle» осы арада Сайрагүлдің өткен өміріне тоқталып, сонымен бірге Қазақстандағы  экономикалық жобаларын кеңітіп жатқан Қытайдың саясатын сөз етеді.

«Қазақтар тек Қазақстанда ғана емес, Моңғолияда және Қытайдың солтүстік-батысында да қоныс тепкен. Сайрагүл көшпелі отбасының үйіндегі 9 баланың бірі еді. Сайын далада малын жайып, жазын жайлауда, қысын қыстауда өткізіп, бейқам өмір кешті. 1980 жылдары Сауытбай әулеті мен тағы бірнеше үйелмен өзен бойында тұрақтап қалады.

Кейін бұл араға қытайлар келіп, түрлі тауар алуға болатын дүкен ашады. Бұл отарлаудың бастамасы ғана еді. Қазақтар қытайдың дендеп енгенін кеш түсінеді. Дүкен артынан іле-шала фабрика салынып, бүтін бір ауылды асырап отырған өзен сасық, борсыған арыққа айналады».

Неміс порталының мәліметінше, Қытай Орта Азиядағы экономикалық ықпалын күшейте түскенді қалайды. Соның бір дәлелі – Жаңа жібек жолы дәлізі. Ол елдің солтүстік-батыс аймағын басып өтеді. Шыңжаң өлкесі осы жобаны жүзеге асыруда геосаяси маңызға ие. Бұл арада мұнай-газ, көмірдің жойқын қоры бар. Ал этникалық топтар бұл аймақты әлі де Шығыс Түркістан деп біледі.

Сайрагүл істің насырға шапқанын 2016 жылы жан дүниесімен сезінеді. Балабақшада қазақша сөйлегені үшін ұлының аузын желімдеп тастайды. Міне, сол кезде әрі қарайғы ит қорлықтан құтылу үшін Сайрагүлдің жолдасы екі баласын алып, Қазақстанға көшеді.

Уақыт өте келе Сайрагүл де атамекеніне оралып, отбасына қосылуға тиіс еді. Алайда Қытай билігі оның жоспарын бұзып, кесе-көлденең тұрады.

Билік аймақтағы мұсылман азшылығының төлқұжатын тартып алады. Артынша «мәдени байланыс және достық көмек» атты бүркеншік бағдарламаны бастап кетеді.

Сегіз күні бойына қазақтар, ұйғырлар және өзге де мұсылман қауымы қытай отбасында тұрып, олардың мәдениетін игеруге міндетті болады.

Сайрагүл өз кітабында бұл бағдарламаның түпкі мақсатын әшкерелейді.

«Қытай отбасына олардың дәстүр-жоралғысы мен мәдениетін үйренуге барғандардың көпшілігі құлға айналды. Мұсылмандарды шошқа етін жеуге, әйелдерді «қожайынмен» жақындасуға мәжбүрледі.

«Құлдар» орындайтын күллі жұмысты қытайлар суретке басып, билікке жолдап отырды. Көбінесе мұндай суретті адамның ар-намысына тиіп, келеке ету үшін интернетке жүктейтін», – дейді Сайрагүл өз кітабында.

2016 жылы алғашқы «саяси лагерьлер» ашылған тұста, Сайрагүлдің ауылында жоғалған адамдардың саны жиілей бастайды. Оларды не үшін, не мақсатпен әкеткенін ешкім ашып айтпайды. Алайда бұл қауіп ауыл тұрғындарының барлығына төніп тұрған еді.

Осыны сезген тұрғындар аса қажетті заттарды пакетке орап, оны есіктің тұтқасына іліп, сақадай-сай отыратын болған.

«Бір күні Сайрагүлдің соңынан келеді. Оны лагерьдегі тұтқындарға арнап қытай тілін және үгіт-насихат әндерін үйрету үшін сүйреп алып кетеді. Сайрагүл орналасқан бөлмеде тас қабырғадан өзге түк жоқ еді. Тек 5 видеобақылау камерасы төбесінен төніп тұрған.

16 шаршы метрде 20 адам сығылысып жатады. Тұтқындарға арнайы киім кигізіп, қолына бұғау салады. Барлығының басын тақырлап тастайды.

Мұғалімдіктен бөлек жас кезінде Сайрагүл медицинаны да меңгерген. Осы себепті оны лагерьдегі медбөлімде жұмыс істеуге мәжбүрлейді.

Осы жерде жүріп ол тұтқындарға қандай тәжірибе жүргізілгенін, соның ішінде әйелдерді бедеулікке ұшыратқан қатігез әрекеттің куәгері болады.

Бір жиында бір топ күзетші 200 тұтқынның алдында жас келіншекті зорлап, айуандық жасайды. Әйелге ара түскендерді сол арада қолтықтап әкетіп, азаптап, қинайтын болған», – деп жазады неміс агенттігі.

Өмірінің 5 айын лагерьде өткізген Сайрагүлді ақыр аяғы босатады. Шыға сала бірден Қазақстанға қашып, 2,5 жыл бойы көрмеген бала-шағасымен қауышады. Алайда қазақ билігі шекараны заңсыз кесіп өткендіктен, оған саяси баспана беруден бас тартады.

Кейіннен Сауытбай отбасын Швеция мемлекеті қабылдауға келісім беріп, саяси баспана ұсынады.

43 жастағы Сайрагүл бастан өткерген азапты күндерді еске алғанда, көзіне еріксіз жас үйіріледі. Ол үшін еркіндіктің құны қымбат. Оның Швецияға алғысы зор. Әзір жолдасы екеуі тіл үйренуде. Балалары мектепке барып жүр. Оған Шыңжаңдағы туған-туысымен хат-хабар алмасуға болмайды. Қауіпті.

Өткен өміріндегі айуандық пен зұлымдықтың табы әйелдің санасынан өшпек емес.

«Лагерьде өткен күндерді еске алсам, төсекке жатуға жүрексінемін. Тар қапас камерада тас еденде ұйықтаған едік, соның салдарынан ревматизмге шалдықтым. Жасым небары 40-тың үстінде, солай бола тұра өткеннің жарасы созылмалы ауруға ұшыратты. Лагерьге келмей тұрғанда қол-аяғым балғадай, дені-қарным сау адам едім», – дейді Сайрагүл өз кітабында.

Әзірлеген Аяулым ШАЙМАРДАН