Қожағапанов ісі: Бұрынғы вице-министрдің адвокаты қылмыстық іс тоқтатуды сұрады

0

Елордада бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр.

Бүгінгі отырыста қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта қорғау тарапы 2025 жылғы 3 сәуірдегі сарапшыны тарту туралы бағалаушылар палатасының қаулысын кері қайтарып алуға өтініш білдірді. Адвокаттар бұл қаулының күшін жоюды немесе ол жіберілмеген болса, мүлде жібермеуді талап етті.

– Маманды не үшін тартып отыр? Біз мүлде келіспейміз, – деді бұрынғы вице-министрді қорғау тарапы.

Еске сала кетейік, бұған дейінгі сот отырысында Ерлан Қожағапанов ісінде көрсетілген шығындарды бағалау үшін елордалық бағалаушылар палатасының маманын тарту туралы шешім қабылдаған еді. Сарапшы 2018 жылы форумды ұйымдастыру мен өткізуге жұмсалған тауарлар мен қызметтің нарықтық құнын анықтауы тиіс болған.

– Мен сізден бірнеше рет сұрадым, сот отырысында анықталған деректер қылмыстық істі дереу тоқтату үшін жеткілікті, – дейді Е.Қожағапановтың адвокаты.

Экс-шенеунікті қорғау тарапының пайымдауынша, қылмыстық іс «Багам-аудит» ЖШС дайындаған қорытынды негізінде тіркелген, ал ол Қылмыстық-процестік кодекстің 181-бабының 5-бөлігіне сәйкес маман ретінде әрекет етуге құқығы болмаған. Адвокаттардың айтуынша, бұл жағдай қылмыстық істің заңсыз қозғалуына негіз.

Айта кетейік, бұған дейін өткен сот отырысында сот экс-шенеунік әкелген шығынды есептеу үшін сарапшы тарту туралы шешім шығарған еді.

Еске салсақ, былтыр 1 наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Мәдениет және спорт экс-вице-министрін ауыр жемқорлық қылмыс жасады деген күдік бойынша ұстады. Антикордың ақпаратынша, ол 2018 жылы Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының XV өңіраралық ынтымақтастық форумының көрмесін ұйымдастыру бойынша шарт жасасуды қолдаған.

Биыл наурыздың соңында Антикор аталған іс бойынша тергеу амалдары аяқталғанын хабарлады.