Қожаев демпартия белсенділерінің ұсталуы туралы: «Ештеңе естімедім»
Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев әзірге тіркелмеген «Қазақстанның демократиялық партиясының» құрылтай съезі қарсаңында жер-жерде оған бармақ болған азаматтардың ұсталғаны жайлы ақпаратты естімегенін айтты.
— Съезге кетіп бара жатқандарды ұстады дегенді қазір ғана сіздерден естіп тұрмын. Менде ондай мәлімет жоқ. Нақты белгілі жағдайлар болса, айтыңыздар. Біз барып тексерейік, — деді 19 ақпанда журналистердің сұрақтарына жауап берген Марат Қожаев.
Ақпарат құралдары вице-министрге «бұған дейін Атырау, Орал, Қостанайда съезге жиналғандарға кедергі жасалды» деп нақты деректер айта бастағаны сол еді, Қожаев «ол жайлы ештеңе естіген жоқпын» деп алдыңғы жауабын қайталады.
«Қазақстанның демократиялық партиясын» құру бастамашыл топ өкілдері бұған дейін әр аймақта белсенділердің ұсталғанын, кейбір жерде пойыздан түсіріліп, әкімшілік жазаға тартылғанын хабарлаған еді. Мысалы, 17 ақпанда Орал соты жергілікті белсенді Мақсат Айсауытовты осыған дейін салынған 30 мың теңге айыппұлды төлемеді деген айыппен 5 тәулікке қамаған. Белсенді соттың бұл шешімін «өзін Алматыдағы съезге жібермеудің амалы» деп айтқан еді. Ал Исатай Өтепов тағы бір белсенді қылмыстық іс аясында «қорғауға құқығы бар куәгер» статусында ақпанның 17-і күні полицияға шақырту алған.
Оқи отырыңыз: Аккаунтының бұзылғанына шағымданған белсенді өзінің атынан арандату посты тарап жатқанын айтты
Бастамашыл топ өкілдерінің айтуынша, неғұрлым съезд жақындаған сайын белсенділер тарапынан осыған ұқсас шағымдар көбейген.
Бұған дейін бастамашыл топ жетекшісі Жанболат Мамай қысымға байланысты прокуратураға шағым түсірген. Әзірге жауап алмаған.
Қазақстан заңнамасы бойынша, партия құру үшін алдымен мың адам қатысатын съезд өткізу қажет. Оған түрлі аймақтан адамдар қатысуы тиіс. Жанболат Мамай 26 желтоқсанда 1122 адамнан құралған бастамашыл топты әділет министрлігінің тіркегенін хабарлап, 22 ақпанда съезд өткізетінін мәлімдеген.