Қосымша құн салығы: Үкімет жаңа шешім қабылдай ма?
![](https://kznews.kz/wp-content/uploads/2025/02/IMG_5168-905x613.jpeg)
Отандық бизнес өкілдерімен кездесуде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚҚС мәселесі бойынша сөз сөйледі. Бұл ретте Мемлекет басшысы ставканың жоғарғы жолағы бойынша шешімді білікті сарапшылардың, кәсіпкерлер мен депутаттардың пікірін ескере отырып, дәл есептеулер негізінде Үкімет қабылдауы тиіс екенін атап өтті.
Оның айтуынша, кез-келген инновация жан-жақты талдау мен ойластырылған стратегия негізінде жүргізілуі керек. Мемлекет басшысы экономика салаларының ерекшеліктерін ескеретін түрлі нұсқаларды пысықтау қажет деп санайды.
Кәсіпкер үшін де, тұтынушы үшін де қуанышты жаңалық.
20 пайыздық ҚҚС туралы бастама қақалып қалатын түрі бар. Бүгін отандық бизнесмендермен кездескен Тоқаев Үкіметке осы мәселені тағы бір мәрте ойласыңдар деп тапсырды.
“Үкіметтің қазіргі ұсынып отырған мөлшерлемесі тым жоғары. Сіздер нақты цифрды айттыңыздар. Оны қоғам қызу талқылады. Тіпті, кей жағдайда артық сөздер де айтылды. Дегенмен, бұл қоғам талқысына алдын ала салынған ұсыныс болатын. Тағы қайталап айтамын, Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы бизнес, қоғам, кәсіпкерлер, сарапшылардың, яғни барлық тараптың пікірі ескеріле отырып жалғасуы керек, — деді Президент.
Осы мәселе төңірегінде бірнеше мамандар өз пікірлерін білдірді. Қазақстан мемлекеттік қайраткері, заңнама комитетінің мүшесі Исабеков Данабек Ержанұлы халықтың пікірі екіге жарылғанын ашып айтты. Алдағы уақытта осы тақырып төңірегіндегі жұмыстардың барлығы бизнес, қоғам, кәсіпкерлер, сарапшылардың, яғни барлық тараптың пікірін ескере отырып жеткізу керегін жеткізді. Оның үстіне Үкіметтің қазіргі ұсыным отырған мөлшерлемесі тым жоғары деп санайды.
“Сарапшы-экономистер YouTube және Telegram арналарда ҚҚС мөлшерін көтеруге байланысты сын-пікірлерін ашық білдіруде. Олардың сөзіне сенсек, бұл қадам шағын және орта бизнес өкілдерін тығырыққа тіреп, елде қымбатшылық орын алады.
Әрине, Үкіметтің де өз есеп-қисабы мен аргументі бар. Көлеңкедегі қаржыны күнгейге шығарып, салық түсімін арттыруды көздейді.
Дегенмен, баршамыздың алдымызда өтпелі кезеңнен өтіп, цифрланған әлемде өзіміздің орнықты орнымызды тауып, Президент айтқандай, орта державалы ел қатарында дамуымыз керек. Мұндай уақытта Үкімет пен кәсіпкерлер қауымдастығы ортақ тіл тауып, экономиканы одан әрі дамытудың жолын бірге табуы керек.
Міне, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы бізден осындай іс-әрекетті күтіп отыр.
Біз әлем елдерінің салық жинаудағы және перспективалы жобаларды ілгерілетудегі тәжірибесін терең зерттеп, жан-жақты саралап, тек содан кейін ғана шешім шығаруымыз керек.
Бүгінгі жиыннан осындай ой түйдім”, — дейді ол.
Ал журналист Алмас Алтай Үкімет ұсынған мөлшері тым жоғары болса да, қоғамның тарапынан көрсетілген қарсылықтан кейін үкімет бұл тақырыптағы талқыны әрі қарай тереңдететініне кәміл сенеді. Осы бағытта сарапшылармен, депутаттармен, кәсіп иелерімен кеңесу дұрыс екенін жеткізді.
Amanat партиясы жастар қанаты Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Алмас Айтмұқаш Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қосымша құн салығына қатысты пікір білдіруі – Қазақстанның салық саясатына деген жаңа көзқарастың қажеттігін көрсететінін айтты.
“Қосымша құн салығы – мемлекет бюджетінің негізгі кіріс көздерінің бірі. Алайда, бұл салықтың мөлшерлемесі мен әкімшілендіру жүйесі елдегі кәсіпкерлік қызметтің тиімділігіне тікелей әсер етеді. Егер ҚҚС мөлшерлемесі тым жоғары болса, онда ол бизнестің көлеңкелі экономикаға кетуіне, инвестициялардың төмендеуіне және экономикалық өсімнің баяулауына әкелуі мүмкін.
Кәсіпкерлер бұл салықтың қазіргі деңгейі бизнес үшін ауыр екенін бірнеше рет көтерген болатын. Әсіресе, шағын және орта бизнес үшін қосымша құн салығы ауыртпалығы олардың бәсекеге қабілеттілігін әлсіретіп, салықтық жүктеменің артуына әкеледі. Осы себепті қосымша құн салығы мөлшерлемесін сараланған түрде қарастыру қажеттілігі туындап отыр”, — деп пікір білдірді.