Қостанайлық зейнеткер көне көлікті кабриолетке айналдырып алған

0

Қостанай облысының тұрғыны көне көліктерді жаңғыртуға әуес. 73 жастағы зейнеткер өз үйінің ауласын техникалық паркке айналдырып алған. Жарамсыз және қараусыз қалған автомобильдерді қайта жөндеп шығаратын ақсақал бұл іске хобби ретінде қарайды., — деп хабарлайды Massaget.kz 24KZтелеарнасына cілтеме жасап.

Зауыттан шыққандай жұтынып тұрған кабриолетті бұрынғы, ескі «Волга» десе, сене қою қиын. Ауылдың әуесқой механигі бұл керемет көлікті 1,5 жылдың ішінде құрап шығарған. Юрис Мамедов ескі көлікті қайта жарақтауға қанша қаржы кеткенін дөп басып айта алмайды. Бірақ ішкі салонды әрлеу мен түпнұсқа бөлшектер табу қиынға түсті дейді. Бұл іске баласы жәрдемші болған.

«Түпнұсқа техникалық бөлшектерді табу үшін Мәскеу, Санкт-Петербургке сұрау салдық. Хром, бампер, тор, бұрылу шамдарын, тіпті түрлі тартпа резиналарын да арнайы тапсырыспен алдырдық. Таптырмайтын бұйымдар екен. Әкем осы көлікте өзін жайлы сезінеді. Таңсәріден тұра салып, көлік жаққа беттейді», — дейді Жітіқара қаласының тұрғыны Руслан Мамедов.

Техниканың тілін тапқан Юрис Мамедов бұрын жүргізуші болған. Жастайынан еңбек екпіндісі. Отбасылық мұрағатта ондаған құрмет грамотасы сақтаулы. Зейнетке шыққалы ақсақалдың ермегі – осы. Кабриолеттен бөлек, автошебер Москвич 412 және қос ГАЗ-21 көлігін құрастырып шыққан.

«Көліктің пішіні бұрнағы үлгісін сақтап қалған. Ал жүріс бөлігін түгел ауыстыруға тура келді. Тынымсыз тірліктің нәтижесін көргенде жаның жадырап, марқайып қарайсың. Маған тума-туыстарымның бәрі: «егде тарттың, темір-терсек тергеніңді қой», – деп айтады. Алайда техниканы жаным сүйеді. Үнемі аңсарым ауып тұрады», — дейді зейнеткер Юрис Мамедов.

Темірге жан бітірген қостанайлық бірнеше автожобаны іске асыруды көздеп жүр. Юрис ақсақалдың көліктеріне көз тігіп, саудалап келушілер көп. Бірақ зейнеткердің төл туындыларын сатқысы жоқ. Ал ретрофестиваль немесе көрме десе, дереу сол маңнан табылады. Кезекті экспозиция, мінекей, заманауи автоөндірістік кешенде өтіп жатыр.