қостанайлық бала карантиннен шаршады  

0

Даниал есімді қостанайлық бала карантин кезінде сыртқа шығуға болмайтынын естігенде, көңіл күйі бұзылып, жастықпен жүзін бүркеп алды

АЛМАТЫ, 27 сәуір – Sputnik. Қостанай тұрғыны кішкентай ұлының ел президентіне өтініш жасаған видеосын жариялады. Әлеуметтік желіде тараған роликте Даниал есімді бала карантинде үйде отырудан шаршағанын, мемлекет басшысынан далаға шығуға рұқсат беруін сұраған.

Видео үйінде кішкентай баласы бар мыңдаған қазақстандықты уайымға батырды. Олар да баласына далаға шығуға неге тыйым салынғанын түсіндіре алмай әуре-сарсаңға салынып отыр, деп жазды qostanay.tv басылымы.  

Видеода 3-4 жас шамасындағы бала үлкендердің бірімен сөйлесіп отыр, әңгімені видеоға түсіріп алған баланың әкесі болуы мүмкін. Ол көз жасын әрең тыйып, қатты қыдырғысы келетінін айтады. Ал әкесінің қазіргі жағдайды түсіндіріп, карантин кезінде сыртқа шығуға болмайтынын, полицияның айыппұл салатынын айтқанда, көңіл күйі бұзылып, жастықпен жүзін бүркеп алады. Алайда Даниал қайтадан тұрып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа өтініш жасауға шешім қабылдайды:

«Президент, көшеге шығуға бола ма? «, — деп сұрақ қойды бала.

Әлеуметтік желі қолданушыларының басым бөлігі пікір жазып, баланы қолдады. Олар иммунитетті сақтап, ауырмау үшін балалар мен қарт адамдарға D витамині қажет екенін атап өтті.



sputniknews.kz