Қостанайлық әйел құрбысының көз жасын көріп оның көңілдесін өлтірген
Қостанай қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне пәтерде ер адамның көз жұмғандығы туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына келген жедел-тергеу тобы бұл мас күйде тұрмыстық жанжал кезінде жасалған кісі өлтіру екенін анықтады. Тергеу барысында жедел уәкілдер оқиғаның мән-жайын толықтай ашты.
Ауыл тұрғыны, яғни көлік жөндеу станциясының қызметкері жалақы алып, Қостанайға көңіл көтеріп, дем алу үшін келген. Балалары мен әйелі ауылда қалған. Мұнда ер адам екі досымен кездескен. Сонымен қатар, қалада оның көңілдесі болған. Осылайша, олар көңілдесінің құрбысын да шақырып, екі күн бойы жалдамалы пəтерде көңіл көтерген. Отырыс кезінде ер адам мен оның көңілдесі арасында жанжал туындаған.
Құрбысының көз жасын көріп шыдай алмаған əйел ер адамды “жазаламақ болған”. Қолына ас үй пышағын алып, әйел жәбірленуші жатқан жатын бөлмеге барған. Өткір қарумен арқасына жасалған соққыдан соң ер адам жан тапсырған.
Оның екі досы бұл кезде балконда темекі шегіп тұрып, екі әйелдің үйден қалай кетіп қалғанын да білмей қалған. Залда ішімдік ішуді жалғастырған олар жатын бөлмедегі мәйітті де көрмеген. Полицияны пәтер иесі шақырған. Әйел полицияға келесі күні кінәсін мойындап, өзін ретке келтіріп болған соң келмек болғанын жеткізген. Алайда күдікті одан бұрын ұсталды. Ал құрбысы куәгер ретінде жауап беруде.
Аталған факті бойынша тергеу жалғасуда. Бірқатар сараптама тағайындалды. Ұсталған күдікті тергеу изоляторына қамалды.